Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайсар келіншек Қазима

Қайсар келіншек Қазима


Ол –1949 жылы Шиелі ауданы, «Авангард» совхозында (қазіргі Ақмая ауылы) дүниеге келген. 1957 жылы №49 орта мектебінің бірінші сыныбына барды. Орта мектепті бітіріп мемлекеттік аттестат алысымен, осы жылдың қыркүйек айынан шаруашылықтың жұмысына тартылды. 1970 жылы Ленин атындағы (қазіргі Бестам) колхозының тұрғыны Жа­нарбек Байжанов деген азаматқа тұрмысқа шығып, екі жас шаңырақ көтерді.
– Сол жылдары қыз-келіншектердің техникаға деген құштарлығы арта бастады. Оның үстіне ауданның партия, кеңес, комсомол ұйымдары бұл игі іске мұрындық болды. Жастарға қамқорлық көрсетуге тырысты. Қостанайдан Социалистік Еңбек Ері, тракторшы, трактор болғанда да үлкен де еңселі «К-700» тракторын жүргізуші Кәмшат Дөнентаева сіңлілерін механизатор болуға шақырды. Жиырма жасында алып «НАТИ» тракторын ұршықша үйірген Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева әрбір жиналыста аудан қыз-келіншектерін механизатор мамандығын игеруге шақырды да жатты.
Екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Ыбыр­ай Жақаев ақсақалдың ауылдасы, орта мектепті енді ғана бітірген қаршадай қыз Жадыра Таспамбетова диқан атаның батасын алып трактор руліне отырды. Қоғамдағы осы қозғалыс менің де мақсатыма әсер етпей қалған жоқ. Шаруашылықтың сан түрлі қара жұмысымен күн өткізгенше механизатор болуға бел будым. Бұл шешімімді жұбайым Жанарбек те қолдай кетті, – деп бастады әңгімесін Қазима ханым өткенге көз жүгіртіп.
Жасынан бірбеткей, ер мінезді Қазима мақсатына лезде қол жеткізді. Орта мектепті бітіргенде аттестатпен бірге ауыл шаруашылық машинасының кез келгенін жүргізуге құқықтық мүмкіндік беретін куәлік алған болатын. Сол ортасынан бір бүктелген кішкентай куәліктің арқасында «МТЗ-50» маркалы су жаңа «темір тұлпардың» тізгінін ұстады. Бұл 1970 жылдың мамыры еді. Тоғыз жыл тапжылмас­тан трактор рөлінде отырып, 1979 жылдың маусымында шаруашылықтың ірі бөлігі «Ленин» бөлімшесінде жем-шөп дайындау ісіне жетекшілік етті. Екі жылдай өзіне жүктелген бұл шаруаны мінсіз атқарған Қазиманы аудандық ауыл шаруашылық басқармасының шешімімен су жаңа «ЮМЗ-69» тракторы күтіп тұр еді. Қайсар келіншек осылайша трактор руліне қайта отырды. Еңбектен қол үзбей жүріп Алматыдағы ауыл шаруашылық институтының инженер-механик факультетін сырттай оқып бітірді. Көп жылғы тәжірибесі мен жоғары білімі іскер жанның ұжымшар бас инжерінің орынбасары болып тағайындалуына жол ашты.Қазима ханым қиындық аз кездеспейтін бұл жұмысты да дөңгелетіп ала жөнелді. Жасыратыны жоқ, механизаторлардың арасында анайы сөздер айтылып, этикаға жат әрекеттер көрініс беріп қалатыны белгілі ғой. Әйел басшы келгесін әдепсіздік күрт азайды. Механизаторлар арасында мәдениет етек ала бастады. Сыйластық, бірлік артты. Механизатор шаруашылықтың тірегі емес пе, оның үстіне ұжым негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Дүрімбетова тірлікті дүрілдетіп жіберді. Техника аз бұзылатын, көп тоқтамайтын, жолдамасыз жүрмейтін болды. Еңбек өнімділігі артты.
Бас инженердің орынбасары қызметін 1986 жылдың ортасына дейін атқарған Қазима Смайылханқызы ерен істері үшін ауылдық кеңестің депутаттығына бірнеше мәрте сайланды. 1985 жылдың қорытындысымен жарыс жеңімпазы атанып, «Москвич – 412» жеңіл автокөлігі сыйға берілді. 1986 жылдың маусым айын­да үлкен сенім көрсетіліп, Қазима Дүрімбетова ханым Жуантөбе ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрайымы болып сайланды.
Қай іске де жауапкершілікпен қарайтын парасатты жан кеңес жұмысын жақсы жолға қоя білді. Бірінші кезекте тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалына көңіл бөлінді. Ауыл тазалығы, көшелердің көріктенуі үнемі назарда болды. Дәстүрлі дінімізді, әдет-ғұрпымызды сақтау және нығайту қолға алынды. Ауыл орталығынан ғибадат орыны мешіт үйі бой көтерді. Оған сол ауылдың тумасы, мейірімді де қайырымды кәсіпкер Шәймерден есімі берілді. Ауылдастар күнделікті мешітке соғып қайыр-садақасын беріп, өмірден өткен ата-аналарына дұға бағыштаса, аптасына бір рет жұма намазын оқуға жиналады. Тұрғындардың имандылыққа бет бұруына, ынтымағының жарасуына құлшылық үйінің көмегі аз болған жоқ.
Халықтың әл-ауқаты нашарлаған сол тоқсаныншы жылдардың басында жұртшылық жұтамады, қиындыққа төзді. Ауылдан өзге жерге қоныс аударушылар болмады. Қайта еншісін алған жастар үй салып, ауылды кеңейтіп, көркейте бастады. Халық саны 2000-нан асты.
Дүрімбетова отбасын инженерлер жанұясы десе де болады. Жұбайы, өзі, екі ұлы мен бір немересінің «инженер-механик» деген дипломы бар. «Ауылда тұрады екенсің, ауыл шаруашылық техникасын меңгер!» деген бұрыннан келе жатқан қағиданы жадына жақсылап тоқыған Қазима ханым жас кезінен жүрегі қалаған мамандығын ұрпағының да бойына сіңіре білді.
Еліміздің тәуелсіздік алуына байланыс­ты кейіннен атқару комитеті әкімдік болып қайта құрылды. Хазима ханым 1996 жылдың соңына дейін ауыл әкімі болып істеп, сол лауазымнан зейнеткерлікке шықты.Зейнеткерлікке шыққасын қол қусырып отырмады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Білгенін, тәжірибесін жастарға айтудан жалыққан емес. Аудандық ардагерлер алқасына көп жыл мүше болды. Қазір бестам ауылдық округы жанындағы Әйелдер кеңесінің төрайымы.
Әрбір отбасының татулығы, отау құрған жастардың ынтымағы, шаңырақтың шаттығы, міне осының бәрі бұл күнде жетпістің желкенін керіп, сексенге сеніммен қадам басып отырған қайсар жанның күнделікті айналысып жүрген маңызды ісінің бір парасы...
Мақала тақырыбының «Қайсар келіншек Қазима» деп қойылуы да жайдан жай емес. Ол әлі алғаш трактор руліне отырып жарыс көшін бастап келе жатқан жалынды қалпын жоғалтпаған. Өн бойынан кәрілік әрекет, мінез, қылық аңғарылмайды. Менің естуімше, әкесі Смайылхан өңірге белгілі палуан болыпты. Жауырыны жерге тимепті. Күш-қару, қайрат-жігер бәлкім, әкеден дарыған болар...
Аудан әкімдігі еңбегімен елге танылған, ауданның өсіп-өркендеуіне, экономикасы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан бұрынғы еңбек майталмандарына «Ауданның құрметті азаматы» атағын беріп, төс белгісін тағып жүр. Құптарлық мәселе. Бейнетінің зейнетін көргендей, марапатталған адам бір марқайып қалады. Біздіңше, бар жастығын, жігерін, өмірінің саналы кезін ауыл шаруашылығына арнаған Қазима Смайылқызы Дүрімбетова ханым осындай құрметтілер қатарында болуға әбден лайықты жан деп сеніммен айтар едім. Ақберен ақын Төлеген Айбергенов:
«Не кездессе өздеріңмен көрмекпін,
Қарапайым адамдары еңбектің.
Барлығын да бағыштар ем сендерге,
Махаббатын берсе маған жер-көктің» деп жырламап па еді. Еңбек майталмандарынан марапатты шектеуге болмас ,сірә.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»

12 маусым 2021 ж. 674 0