Жақсылықпен кел, жаңа жыл!
Міне, күнтізбенің беті жаңарып, тағы бір белес артта қалды. Тышқан жылы жұртқа жақсылығын тарту етіп, табысын арттырып, өзіне тән жетістіктермен тарих қойнауына енді. Иә, тышқан жылы дегенде барлығының ойына коронавирус індеті мен пандемия оралытыны белгілі. Алайда өткен жылда тек жағымсыз оқиғалар ғана орын алды деп айту қате. Себебі әр жылдың еншісінде өзіндік жетістіктері мен табысы, жақсылығы мен шарапаты болады. Не десек те, жер бетінде тағы да 365 күн жылжып өтіп, оның орнына ақтық пен тоқтықтың белгісі саналатын сиыр жылы келді. Әлгінде айтқанымыздай әр жылдың өзіне тән мінезі болады. Этнографтардың сөзіне сүйенсек, үй жануарлары жылы жақсы, жайлы өтеді. Бұл жөнінде этнограф Ахмет Тоқтарбай «Қазақ күнтізбесі бойынша сиыр жақсы, жайлы жылдардың бірі деп саналады. Себебі жаман жылдар тарихта бар. Сиыр жуас, момын мал. Екіншіден, ертеректе кедей отбасыда бір сиыр болса, сол барлығын асыраған. Бір сиырды сол үйдің анасы деп атайды екен» дейді. Айтуынша, бір сиырдың сүті бір үйді асыраған. Сонымен қатар қыста тайынша болған түлікті соғымға сойып алып, қыстан шыққан. «Бұл жыл тыныш, дау-дамайсыз, халыққа мамыражай жыл деп саналады. Сонымен қатар қой мен барыс жылы жақсы өтеді» дейді этнограф. Осы орайда біз де тақырыпқа тұздық ретінде сиыр жылының тарихын саралап көрдік...
Қазақша жыл санаудың тарихы тереңде жатыр. Демек тышқан жылының еншісінде бірталай оқиғалардың орын алғаны да белгілі. Алайда біз жұрт жадында жатталған тарихи жағдайларды ғана тізбектеуді жөн санадық.
1901 жыл. Бұл жыл медицина саласында нағыз төңкеріс болған уақыт. Дәл осы жылы тұңғыш рет қатерлі ісікті емдеу үшін сәулелендіру қолданылды. Сәуле терапиясы бүгінгі күні жаңа технологиялар мен нақты ғылымдар саласындағы жетістіктердің арқасында қауіпсіз әрі қолжетімді бола түсті. Радиотерапия, яғни сәулемен емдеу хирургиялық әдіспен, химиятерапиямен қатар қолданылды. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт пайда болған бұл емдеу әдісі адам өмірін сақтап қалуға көмектесетін ең тиімді әдіс саналады. Мұнымен қоса 120 жыл бұрынғы сиыр жылында алғаш рет жоғары ғылыми тәжірибелер, төңкерістік жаңалықтар мен мәдениет және қоғамның дамуына үлес қосқан қызметтер үшін Альфред Нобельдің сыйлығы табысталды. Лауреаттарды марапаттау рәсімі тұңғыш рет 1901 жылы 10 желтоқсанда ұйымдастырылды. 1901 жыл әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанаумен де тікелей байланысты. Себебі осы жылы нәзікжандылар алғаш рет мәнерлеп сырғанауда бақтарын сынай бастады. Оны ерлермен бірге таласқа түсіп, жетістікке жеткен ағылшындық Флоренц Мадлен Сайерстің еңбегі десек болады. Кейіннен көпшілікке Медж Сайерс есімімен танылған бойжеткен әлем чемпионаты мен Олимпиадада жеңімпаз атанған алғашқы әйел болып тарихта қалды. 1901 жылы қазақтың ақын-жазушысы, аудармашы Қ.Әбдіқадыров, Қазақстан Ғылым Акамдемиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Әбікен Бектұров және басқа да қоғам қайраткерлері дүниеге келді.
1913 жыл. Қазақ топырағында тұңғыш рет «Ярыш» деген атаумен футбол командасы құрылды. Оның құрамында жартылай қорғаушы болып заңғар жазушы Мұхтар Әуезов ойнады. Ал жалпы құрамында 24 ойыншы болды. Сонымен қатар осы сиыр жылында қазақтың құлағы мен көзі һәм тілі болған «Қазақ» газеті жарыққа шықты. Қоғамдық-саяси басылым қазақ халқының әдеби-мәдени сауаттануына үлес қосты.
1961 жыл. Тарих қойнауында талай сыр бүгіп жатқан бұл жылдың да жаңалықтары жетерлік. Соның бірі әрі бірегейі – адам баласының тұңғыш рет космосқа ұшуы. Иә, дәл осы жылы алғаш рет Юрий Гагарин айға аттанды. Тәжірибелі парашютші Гагарин Саратов облысы, Смеловка облысының маңына қонды. Оны жерде кездестірген алғашқы жандар жергілікті орманшының әйелі Анна Тахтарова мен алты жасар немересі Рита болды.
1997 жыл. Ел тарихында елеулі құжаттардың бірі саналатын ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауы алғаш рет осы жылы жолданған. Елбасы ең алғашқы жолдауында еліміздің 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасын таныстырған еді. Содан бері 23 жыл өтсе де мемлекет басшыларының халыққа жыл сайынғы жолдайтын жолдаулары өз маңызын жойған жоқ. Қазақстан астанасын ару Алматыдан, аңыраған Арқаға көшіру шешімі де дәл осы жылы қабылданған. Әрине, мұндай шешімге көпшілігі үрке қарады. Бірақ сондай рухани, ақпараттық, тіпті материалдық қарсылықтарға қарамастан 1997 жылы 20 қазанда Елбасы Қазақстанның жаңа асанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады.
2009 жыл. Тәуелсіз қазақ елінің «тепсе темір үзетін», оңы мен солын, досы мен жауын ажырата алатын 18-ге толған жылы болды деп ауыз толтырып айта аламыз. Бұл кешегі Совет Одағы республикаларының ішінен ең бірінші болып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сынды биік мәртебелі халықаралық құрылымға төраға болу құзырын қолына алған жыл болды. ҚР Білім ғылым министрлігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары жасалды. «Қазақ елі» монументі, Тәуелсіздік сарайы, орталық концерт залы, футбол стадионы және өзге де ірі нысаналар бой көтерді. 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында еліміздегі тұрғындар арасында Халық санағы өтті. 2009 жылғы Халық санағының қорытындысы бойынша еліміздегі тұрғындар 16004,8 мың адамды құрады.
Байқасақ, бертінге дейінгі сиыр жылы толайым табыстарға толы болған. Алда тағы бір тарих беттері жеңіс пен жеміске толы жылды жазуға дайын тұр. Талай жылдың тауқыметі мен қиындығын бастан өткерген халық сиыр жылын жақсылықтың жаршысына санаған. Яғни бұл жыл әу бастан ақтық пен тоқтықтың, береке мен молшылықтың, бейбітшілік пен тыныштықтың символы. Олай болса жаңа жыл жақсылығымен келсін деп тілейміз.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА