Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір белес артта, мың белес алда

Бір белес артта, мың белес алда

Міне, тарихтың бір парағы ауысты, тағы бір белес артта қалды. Игілікке толы доңыз жылы жұртқа жақсылығын тарту етіп, табысын арттырып, өзіндік жетістіктерімен тарих қойнауына енді. Оның орнына жыл санаудың және жыл қайырудың басы тышқан жылы келді. Тышқан жылының мың жылдық тарихына көз жүгіртсек, оның қиыншылықсыз, аштықсыз, жаугершіліксіз өткенін аңғарамыз. Сондай-ақ тышқан жылында елдің бір емес, бірнеше бетке ұстар азаматтары дүниеге келген екен. Осы орайда тақырыпқа тұздық болсын деген оймен тышқан жылының тарихын саралап көрдік...

Қазақша жыл санаудың тарихы тереңде жатыр. Демек тышқан жылының еншісінде бірталай оқиғалардың орын алғаны да белгілі. Алайда, біз жұрт жадында жатталған тарихи жағдайларды ғана тізбектеуді жөн санадық.
1900 жыл. Бұл жылы жұртшылық рухани байлыққа мән беріп, ағарту ісін дамытуға баса назар аударды. Ұлт зиялылары шығармашылық тұрғыда еңбек етіп, қазақ балаларының сауатын ашу үшін тер төкті. Сондай-ақ осы жылы Атбасар қаласында көпшілікке арналған жалпыға ортақ кітапхана ашылды. 1900 жылы қазақтың маңдайалды перзенті, әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов дүниеге келді.
1912 жыл. Білім мен мәдениетке ден қоюдан басталған ғасыр әрмен қарай сүрлеуін жалғастыра берді. Қазақ даласында жарық көрген туындылардың қатары күн өткен сайын көбейе түсті. Осы жылы Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуын қазақ тіліне ыңғайластырып, оны қолданысқа енгізді. Сонымен қатар осы тышқан жылында тарихта есімі алтын әріппен қалған қазақтан шыққан тұңғыш КСРО халық әртісі Күләш Байсейітова және қазақтың тұңғыш кәсіби биші қызы Шара Жиенқұлова өмірге келген.
1924 жыл. Қазақ тарихында «Сауатсыздық жойылсын» ұранымен сақталған жыл. Осы жылы Орынборда қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі шақырылған болатын. Сол съезде 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде қабылданған альфавиттің мәні, дыбыс әдісімен оқытуы талқыланған еді. Сондай-ақ қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткер, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісов, Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев, ҚР-ның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетов – ХХ ғасырдағы үшінші тышқан жылының төл перзенттері.
1936 жыл. Тарих қойнауында талай сыр бүгіп жатқан бұл жылдың да жағымды жаңалықтары жетерлік. Бұл жылда да біртуар азаматтар дүниеге келіп, елеулі оқиғалар орын алған. Соның бірі әрі бірегейі – қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен он күндігі. Дәл осы он күндік қазақ ұлтының әдебиеті мен өнерін әлемдік деңгейге жеткізген. Осы жылы күллі әлем К.Байсейітованың «Гәккуін» естіп, Жамбылдың жырын тыңдаған. Бұл жылды Ілияс Жансүгіров «Жемісті жыл» деп атаса, Т.Кәкішұлы «1936 жылғы он күндік қазақ мәдениетін, қазақ елін, қазақ халқын әлемге танытудың алғашқы бастамасы еді. Сондықтан да оның тарихтағы рөлі өте зор» деп баға берген. Байқасақ осы тышқан жылы қазақ әдебиеті жылы іспетті. Себебі, бұл жылда қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған Сайын Мұратбеков пен Қабдеш Жұмаділов өмірге келген.
1948 жыл. Тамыз айының соңғы жексенбісі кеншілер күні екенін білетін шығар­сыздар? Міне, аталған мереке 1948 жылы алғашқы рет тойланған. Сондай-ақ осы жылы әлемде тұңғыш рет «Табиғатты қорғау» одағы құрылып, жер бетінен жойылып бара жатқан жануарлар туралы жазылған «Қызыл кітап» жарыққа шыққан. Әрі осы жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Адам құқықтары туралы жалпыға бірдей декларациясы қабылданып, жария етілген. Аталған құжат әр адамға нәсіліне, жынысына, тіліне, діни, саяси немесе өзге наным-сеніміне, ұлттық, әлеуметтік тегіне қарамастан тең құқық береді. Ал осы жылы Сыр перзенті, жазушы, «Алақандағы ұя» әңгімесі әлемнің бес тіліне аударылған ­Сайлаубай Жұбатырұлы, актер, режиссер, театр педагогы Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева туған екен.
1960 жыл. Аталған жыл Қазақстанның өнеркәсібі өрістеуімен есте қалады. Себебі, 1960 жылдары елімізде өнеркәсіп құрылысы кең жүргізіле бастаған. Халық ғылымға көңіл бөліп, техника тілін меңгеруге тырысқан. Осы жылы Қазақстанның ғылыми-көпшілік киносында да алуан түрлі өзгерістер орын алған. Яғни көпшілік мәдени, тарихи тақырыптағы деректі фильмдерге аса мән берген. 1960 жыл қазақ спорты үшін де табысты болғанға ұқсайды. Бұлай деуімізге Рим олимпиадасында 4х100 метрлік эстафеталық қашықтықта жүгіріп, Ғұсман Қосановтың күміс жүлде иегері атануы себеп. Осылайша ол «Олимпиада» кітабын ашып, оған алғашқы болып өз есімін қалдырған. Бұл да қазақ халқы үшін тарихи кезеңнің бірі. Сондай-ақ тарихтағы осынау тышқан жылында Жамбыл электр станциясы өз жұмысын ­бастаса, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты, Қарағанды металлургия зауытының бірінші домнасы іске қосылған.
1972 жыл. Қазақтан тұңғыш олимпиада чемпионы шыққан уақыт. Иә, осы жылы баскетболшы Әлжан Жармұхамедов Мюнхенде КСРО құрама командасының сапында чемпион атанды. Сөйтіп әлемдік додада беделі биіктеген тұңғыш қазақ ретінде тарихта есімі қалды. Сондай-ақ бұл жылы дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешені Медеу мұз айдынының сан-салалы заманауи кешені пайдалануға берілген. Әрі осы жылдан бастап Қапшағай су электр станциясы толығымен іске қосылған.
1984 жыл. Аталған жыл Қазақстан мектептері үшін тарихи оқиға орын алған кезең. Яғни осы уақытта жалпы білім беру мекемелері 11 жылдыққа көшірілген болатын. Сондай-ақ осы сәттен бастап балалар мектепке 6 жастан баратын болған. 1-4 сыныптар бастауыш болса, 5-9 сыныптар орта, ал 10-11 сыныптар толық орта және кәсіби мамандыққа жол ашатын сыныптар болып белгіленген.
1996 жыл. Тәуелсіз Қазақстан шежіресіндегі тышқан жылы. Еліміз үшін ерекше жыл. Себебі, осы жылдан бас­тап қазақ халқы төлқұжатқа тарихи, халықтық дәстүрге сәйкес, аты-жөнін, өз әкесі мен ата-бабасының ныспысымен жаздыруға мүмкіндік алды. Бұл жылы да АҚШ-тың Атланта қаласында өткен олимпиададан қазақ спортшылары алтын, күміс, қола медальмен оралды. Міне, осылайша 1996 жыл тәуелсіздік тұғырын нықтаған жыл саналды.
2008 жыл. Қазақ елінің қанаты қатайып, жүйелі жоспарлар мен айқын мақсаттардың жүзеге аса бастаған шағы. Нұр-Сұлтан қаласының сол жағалауында «Қазақ елі» монументі бой көтерді.
Міне, бертінге дейінгі тышқан жылы осындай табыстарға толы болған. Алда тағы бір тарих беттері жетістіктерді жазуға дайын тұр. Талай жылдың тауқыметі мен қиындығын басынан өткерген халық тышқан жылын жақсылықтың белгісіне балаған. Яғни бұл жылды молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштықтың символы санаған. Олай болса жаңа жылдың жеңісі мен жемісі таусылмасын дейміз.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
06 қаңтар 2020 ж. 1 055 0