Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайын дала сардары

Сайын дала сардары

Тарихтың қатпар тұнығына сіңіп, есімі көмескіленіп, тіпті бүгінгі ұрпаққа беймәлім болып кеткен батыр, би, ақын бабаларымыз баршылық. Бірақ олардың арасынан сәуле шашып, өзінің мына өмірде шын мәнінде болғандығын айғақтап тұратын тарихи жандар болады. Солардың бірі – ел есінде батырлығымен сақталған Бағаналыдан шыққан Тауасар Тілекеұлы.

Тауасар батыр туралы мәліметтер «Қазақстан ұлттық энцеклопедиясында», Ақселеу Сейдімбек пен Аппаз Қаражігітовтің және Сұлтан ­Сүт­баев­тың, Қуаныш Сұлтановтың, Мәди Болатовтың зерттеулерінде жазылған.
Бізге жеткен деректерде Тауасар батыр жайында он адамға дес бермес күштің иесі әрі Сы­ғанақтың бегі болғандығы, башқұрт ханы Қарасақалдың қарындасы Гүлсімге үй­лен­гені, Қабанбай батырмен иық тіресе жау­­мен шайқасқаны, ел ішінде батырлығымен дараланғаны, атақты Барлыбай ханның әкесі екендігі жайлы деректер бар.
Қолда бар айғақтарға сүйеніп, алдымен Тауа­сар­дың батыр болғандығын дәлелдеп шығайық. Қазақ ұлттық энциклопедиясының ІІ томында Барлыбай ханға қатысты айтылған деректерде оның әкесі Тауасар батыр жайлы мәліметтер келтіріледі. Онда «Барлыбай Тауасарұлы Орталық Қазақстанда Ұлытау өңірінде дүниеге келген. Әкесі Тауасар қалмақтармен шайқаста аты шыққан батыр, анасы Гүлсім башқұрт батыры Қарасақалдың қарындасы болған» деп көрсетілген. Мұндай мәліметтер жазушы Аппаз Қа­ражігітов пен Қазақстанның «Құрметті геологі» Сұлтан Сүтбаевтың еңбектерінде де кездеседі. Сондай-ақ шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деп аталатын кітабында Қабанбай батырдың қалмақтарға қарсы тойтарыс берген бір ұрысы беріледі. Осы жерде Қабанбайдың бес мың қолдың қолбасшысы, Тауасар, Шоңай, Қара, Барақ, Дәулетбай бесеуі мың басы болғандығы туралы дәйектер айтылған. Енді осы тұста аты аталған Тауасарды біз Бағаналы Тауасар деп санап отырмыз. Өйткені, Қазыбек бектің кітабында «Шапырашты Тауасар емес» деп анық көрсетілген. Аталған кітапта «Ерасыл Жамбылды Жетісуға, Асыға жібермеу үшін, қалмақтың басын біріктірмеу үшін ұрысты осы Қарағайлы маңында әдейі бастаған. Бес мың қолдың нарты өзі болған да Тауасар (Шапырашты Тауасар емес), Шоңай, Қара, Барақ, Дәулетбай бесеуі мыңбасы болған...» деп жазылған. Енді сәл ойланайық. Қабанбай – найманнан шыққан батыр. Оны бар қазақ қолдады. Дегенмен айналасындағы сенімді серіктері найманнан шығуы әбден мүмкін ғой. Сонан соң Тауасар батыр болмаса оған мың сарбаз сеніп тапсырылып, оны мыңбасы етпес еді. Мыңбасы болмақ түгілі жүзбасы болу үшін де көзге түскен ержүрек әрі жаудан беті қайтпайтын қайсар болуы қажет. Мұнысымен қоса жұртты басқара алатындай, қалың қолға бас бола алатындай қабілеттерімен даралануы тиіс.Тауасар батырдың есімі Бұқар жыраудың
«Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай.
Шапырашты Наурызбай,
Ту түбінде тұр еді.
Абылайхан осы күн,
Айбатты дағы, сұр еді.
Құрт пен малта ас болып,
Қалмақпенен қас болып,
Балғалы Барақ бас болып,
Жиылды Қаратөбеге.
Жасақ біткен жосылды,
Жеңіспенен бөленіп.
Һәмбесі дағы дос болып.
Тауға таман жақындап,
Қатарға Сасан қосылды.
Қалмақтың кетіп кенеуі,
Ойындары осылды.
Тауасар, Қара, Шоңайым,
Сеніменен шоңайдым» деген өлеңінде де кездеседі.
Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Ақмая деген ауыл бар. Сол ауылда Әбіл­қас Дәрібайұлы деген ақсақал өмір сүр­ді. Өзі шежіреші, ескі де есті әңгімелерді көп білетін жан болатын. Сол кісімен бірнеше рет сұхбаттасқаным бар еді. Әбілқас ақсақал айт­қан әңгіменің бірі Тауасар батыр жайлы болатын. «Жоңғарлармен болған бір шайқаста Қа­банбай батырдың атына жебе тиіп, батыр тұл­парсыз қалған екен. Оны көрген жау жағы Қа­банбай жаққа шұбыра жөнеліпті. Сонда ­Тау­­асар батыр «Қабанбай, менің атымды ал да, шайқасты жалғастыра бер» депті. Қабанбай болса «Жасыңыз үлкен ағасыз. Найманның сіздей батырын атсыз қалдырған маған жарамас» деп жауап қайырады. «Аға тұтсаң, артыма мінгес. Менің атым екеумізге де жетеді» деп хан батыры атанған Қабанбайды жау қоршауынан алып шыққан екен». Бұл Әбілқас ақсақалдың айтқаны.
Өткен жылы Қарағанды мемлекеттік уни­вер­ситетінің ғалымдары «Арқа батырлары» деп ата­латын кітап шығарды. Осы еңбекте ­Тауасар батыр жайлы айтылады. Біз мысалға алған «Арқа батырлары» деп аталатын еңбекте «Сары­су өзенінің бойы (Бұлантының Сарысуға құяр тұсы). Бас қолбасшының белгілеуі бойынша ұрыс бірден төрт жерде өтті. Өйткені, бұл соғысқа қазақ-қалмақтың қолын қосқанда шамамен тоқ­сан мың­ға жуық адам қатысқан сияқты. Жолбарыс­ басқарған ұлы жүз қолында он жеті мың. Сәмеке хан басқарған орта жүзде жиырма мың. Әбілқайырдың өзі басқарған кіші жүз қолында жеті мың адам болды. Жолбарыс ханның шатыры Бұланты дейтін Сарысудың батысындағы кішкентай өзеннің бойына тігілді.
Осы соғысқа Қабанбай батыр түмен (он мың қол) басқарып қатысты. Ал мың сан қолдың алдына түскен Тауасар батыр алпамсадай көрінді. Алғашқы күні жекпе-жекке шыққан Тауасар айтарлықтай жеңіске жетті. Келесі күндерде Қабанбай, Тауасар, Жаулыбай, Жәнібек, тағы басқа қазақ батырлары соғыста жеңіске жеткізген әскери тәсіл «Толғамаға» кірісті. Жаудың бір шетінен шабуыл жасап, қаша жүріп соғыс салу арқылы шоғырланған күшті бөлшектеп, майдан алаңынан ұзатып әкетіп әлсірету екен. Жайшылықта ақ жарқын Тауасар батыр қабағын қарс жауып ашуланғанда қарсы қарауға адам шыдамай, сескенетін. Қасына өңшең жау түсіргіш жігіттерді іріктеп алып, қалмақтарға қарсы «Сары! Сарғалдақ!» деп сүрен салып шаба жөнелді. Жаудың қалың қолын жарып өтіп, батысқа қарай бет алғанда соңынан қаптал қара тобыр қалмақтар соғыс алаңынан ұзап шыққанын білмей қалды. Қоршауға алынған қалмақтар Қабанбай жасақтарының қолынан қойша қырылды. Осы әдісті қолдану жақсы нәтиже берді. Бірнеше күнге созылған Айрантөгілгендегі соғыста қалмақтар қырғынға ұшырады. Жер аты «Қалмаққырылған» деп аталды. Бұланты шайқасы қазақ елінің жеңіске жетуінің бастамасы болды» деп жазылған. Бұл туындыда Тауасар батырдың жауға «Сары! Сарғалдақ!» деп шапқаны анық көрсетілген. Бұл шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деп аталатын кітабындағы мыңбасы Тауасардың дәл осы бағаналы найман Туасар екенін айғақтай түседі. Өйткені, Сары Тауасардың бабасы да Сарғалдақ Сары атаның туған інісі. Бұл туралы Ақселеу Сейдімбектің «Балталы, Бағаналы ел аман бол» атты еңбегінде жазылған. Алматы қаласында орналасқан Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінде зерттеуші Мәди Болатовтың жазбалары сақталған. Ақселеу Сейдімбектің біз атын атаған еңбегінде де, Мәди Болатовтың жазбаларында да келтірілетін шежірелік деректерде Сары Тауасардың тікелей бабасы екені айтылады. Тәптіштеп айтар болсақ, Сарыдан Жауағашты, одан Тілеке, Тілекеден Тауасар болып өрбиді.
Найманның атақты шежірешілерінің бірі саналатын Тайғара Ермағанбетұлы деген ақсақалдың жазбаларында «Тауасар батырды Сығанақтың бегі болған. Жаумен шайқасып, Сығанақтың түбіндегі соғыста шейіт болған» деген дәйекті деректер бар. Жоғарыда Тауасардың башқұрт батыры Қарасақалдың қарындасы Гүлсімге үйленгендігі жайлы, ол екеуінен ­Барлыбай батырдың туғандығы туралы деректер келтіріп өттік. Негізі осы Қарасақалдың ұлты башқұрт емес екен. Тарихи деректерде Қарасақал деген оның лақап аты, ал шын есімі Байболат деп көрсетіледі. Ататегіне үңілсек Шыңғысхан әулетінен шыққан, Сібірдің ханы Көшімнің ұрпағы. Башқұрттарға, қарақалпақтарға және наймандарға хан болған. Қажылыққа барған, арабша оқыған, қазақ, орыс, ойрат тілдерін еркін меңгерген. Қазақтың хандары мен сұлтандары онымен өте тығыз қарым-қатынаста болған. Ол жайында тарихшы, шығыстанушы, философия докторы, профессор Ахмет Заки Валиди былай дейдi «Сын Давлет-Гирея «Ишим-Чувек султан» в Ургенче был каракалпакским ханом, его сын Хасан султан оставался у калмыцких ханов, а его сын Байбулат султан ездил в Крым и Стамбул и одновременно был султаном башкир, восставших против России. Чтобы не попасть в руки русских, ездил тайно под различными именами. Одно из этих имен – Карасакал. Его брат Ишим султан и сыновья Ишим султана Шайбак и Убейд (Убейдуллах) султаны были султанами каракалпаков. Байбулат султан был известен своей ученостью и красотой. Убейд султан был султаном племени карат (или карай). В то время, когда Байбулат (Бейбулат) воевал против русских в Башкурдистане, Шайбак хан был ханом у каракалпаков. Во всех отношениях был помощником Байбулата. Его мать Айше хатун была молочной матерью и воспитательницей Байбулата», – деген айғақтарды алға тартады. (Ахмет заки Валиди Тоган. История башкир, Уфа, 2010, с.37-39,61,62.)
Көшімханның ұрпағы Қарасақал башқұрттардың ханы болып, Ресеймен соғысқанын білдік. Дегенмен ойсырай жеңілгеннен кейін қазақ жеріне қарай қашуға мәжбүр болады. Қазақ арасында оған қолдау көрсетіледі. Тіпті бірнеше руға хан болған деген де мәліметтер бар. Осындай адамның қарындасын жайдан-жай біреуге ұзата салмайтыны бесенеден белгілі. Не есімі елге белгілі атақты батыр, иә болмаса бектік дәрежесі бар лауазымды адам болуы керек. Соған қарағанда Тайғара ақсақалдың Тауасарды Сығанақтың бегі болған деуі тегін болмай тұр. Ол заманда мұндай әулеттің қызына сұлтандардың өзі әрең қол жеткізген. Бұдан Тауасардың әрі батыр, әрі бек болғанын аңғаруға болады.
Осындай тарихи тұлғаға Шиелі ауданының орталығынан бір көше беріліп, ескерткіші орнатылып, батырға лайықты кұрмет көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл өскелең ұрпаққа даңқты батырлардың елдік һәм ерлік жолын насихаттайтын өнегелі де тәлімді істің бірі болары кәміл.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

29 ақпан 2020 ж. 1 355 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930