Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көк-Жайлау шатқалында турист жоғалып кетті

Көк-Жайлау шатқалында турист жоғалып кетті

BAQ.KZ. Көк-Жайлау шатқалында аяғын қайырып алған ер адам жоғалып кетті. Турист екі күн бойы байланысқа шықпады, деп хабарлайды Алматы қаласының құтқару қызметі.

7 қаңтар күні сағат 16:00-де Құтқару қызметіне көмек сұрап белгісіз біреу хабарласқан. Оның айтуынша, тауда бір ер адам аяғын қайырып алып, өз бетінше таудан түсе алмай жатыр. Осыдан кейін оқиға орнына апаттық-құтқару жасағының жеке құрамынан жасақталған 5 адамнан құралған экипаж аттанған.

Бұлаққа дейін көлікпен жетіп, ары қарай жаяу жүрдік. 300 метрден кейін хабарласқан адамдарды кездестірдік, олар зардап шегушінің орналасқан жерін түсіндірді. Олардың айтуынша, ол өзеннен кейінгі таудың ар жағында отырған. Алынған ақпаратты басшылыққа ала отырып, құтқарушылар Көк Жайлауға дейін көтерілді. Алайда, нашар ауа райы, қалың тұман және көру қашықтығы 5 метрден аспағандықтан, жоғалып кеткен адамды таба алмадық, - деп хабарлады Алматы құтқару қызметі.

8 қаңтарда таңғы сағат 08:00-ден бастап көрсетілген бағыт бойынша құтқарушылар жасағы қайта жіберілді, бірақ зардап шегуші тағы да табылмады. Енді құтқару қызметі алматылықтардан осы адам туралы кез келген ақпаратты бөлісуді сұрап жатыр. Сондай-ақ, құтқарушылар зардап шеккен адам табылмағанға дейін іздестіру жұмыстары жалғасатынын айтты.

Айта кетейік, құтқарушыларда жоғалған турист туралы еш мәлімет жоқ – не атын білмейді, не фотосы жоқ. Құтқару қызметіне хабарласқан адамдар да онымен таныс емес, олар оны өтіп бара жатып көрген.

Еске сала кетейік, 9 қараша күні таудың арасында алматылық Әсел Панарғалиева жоғалып кеткен еді. Қызды тікұшақтың және кинологтардың көмегімен іздеген, алайда іздеу жұмыстары нәтижелі болмаған.
08 қаңтар 2020 ж. 987 0