Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алланың өзі де рас, сөзі де рас

Алланың өзі де рас, сөзі де рас

Жұма намазына бара жатқан жолда екі баласын жетелеп бара жатқан әйелді балаларымен бірге машинама отырғызып ала кеттім.
Орыс ұлтының әйелі екен. «Қайда жеткізіп тастайын?»,- деп едім: «жұма намазына мешітке бара жатырмын»,- дегеніне таңырқай қарағанымды сезген ол сөзін әрі қарай сабақтап әкетті:
- Мына отырған ұлым алты жасында қатты ауырып ауруханаға түсті. Баламды зертханалық сараптамадан өткізген дәрігерлер оның диагозын «обыр (рак)» деп айтқанда маған аспан айналып жерге түскендей болды. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалдым.
Балама ем - шаралар жасап жүрген дәрігерлер «балаңызды үйде күтсеңіз қайтеді», - деп шарасыздық танытқан соң не дейін «тар құрсағыма сыйған балам, сыртыма да сыйар», - деп баламды ауруханадан шығарып үйде күттім.
Баламның қиналғанын көргенде оған көрсетпей жылап - сықтап аламын. Бұл жаман ауруды адам баласына бермесін. Ауруын басу үшін алғашқы кезде демидрол, бара – бара морфин беріп, баламның ауруын басқан боламын. Қалқиып қалған баламды өлімге қалай қыяын, емдетем деп талай тәуіптерге көрсетіп «бармаған жерім, баспаған тауым қалған жоқ», шіркеудің де табалдырығын тоздырған шығармын, бірақ бәрінен де қайыр болмады.
Осындай ауыр қайғымен баламды арқалап көше бойлап келе жатсам, аспанға әуелете шыққан «Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар» деген әуезді үн тұла бойымды шымырлата өзіне тартып бара жатты. Бұл құдіретті үн Науан хазіреті мешітінің мұнарасынан айтылып жатқан азан екен.
Азанның әуезді үні көңілге үміт ұялатып, мешітке кірсем, мүминдер жұма намазын оқып сапта тұр екен. Балам екеуміз намазға тұрған адамдардың соңғы жағын ала отырып, имамның күмбірлеген әуезді даусына ұйып, құдіретті Алладан балам үшін мен құрбан ауруына шипа, басына амандық бере көр деп құлшылық етіп мешіттен қас қарая үйге қайттым.
Үйге келе баламды төсекке жатқызып, жанына қисая кетіп едім, көзім ілегіп кетіпті. Бір кезде күбірлеген дауыстан оянсам, балам «Мама су берші»,- деп жатыр екен, содан аузына су тамыздым. Таңертең тұрып баламның көзіне көзім түсіп еді, жанарынан жарқ еткен үміт сәулесін көріп шайлығып қалған жүрегімде сенім пайда болды.
Балам «тамақ ішкім келеді» деген соң құстың етінен дайындаған сорпаны аздап беріп едім рахаттана ішті. «Сыртқа шығармай бойына асы сіңсе екен», - деп бауыр етім езіліп, - Әй қайдам сыртқа кері кетсе...» деп құрым шүбіректі алып келсем баламның көзі шоқтай жайнап маған күлімсіреп қарап жатыр екен. Қолымнан шүбірегім түсіп, сәкіге отыра кеттім, ал кел жыла өзімді тоқтата алар емеспін, бұл қуаныш жасы еді.
Балама ас сіңіпті! Тамақтан соң баламның бойы жіпсіп ұйықтап кетті. Мен жүзімді құбылаға бұрып, Алладан баламның амандығын тілеумен болдым. Біраздан соң, ұйқысынан оянған балам, тағы тамақ сұрағанда Аллаға шүкір деп қатты қуандым.

Сол күннен бастап балама аз-аздап қазақтың қымыз, айран, ірімшік, қазы, қарта басқа да тағамдарын ұсынғанда, оны рахатанып жегенін көргенде менің де жаным жадырап, көңілім жай тапты. Содан баламның беті қарай бастады, жұма сайын мешітке барып, тілек тілеп, балама Алладан саулық тілеумен жүрдім.
Ең бастысы баламның морфинге деген тәуелділігі жойылып, қолданған ем-домдар бойына сіңімді бола бастады.
Бірде дәрігерге апарып баламды тексертіп едім, оның бойынан «обыр» белгісі табылмай «балаңды қалай емдедің», - деп таңғала сұрағанына «Алла Тағаланың шарапатының арқасында жазылды», - деп бар болған жағдайды айтып едім, ол маған сенді ме, сенбеді ме білмеймін, ал баламның шипасын құдіретті Алланың мейірі деп білдім.
Иә осылай, Алла Тағаланың шарапаты арқасында балам ауруынан айығып, екінші рет дүниеге келгендей болды. Қазір балам 12 жаста. Содан бері өзім үзбей жұма намазына қатысып, Аллаға құлшылық етіп жүрмін. Егер Жұма намазына қатыспасам, балам қайтадан ауырып қалатындай қорқамын. Бүгін қатарымызға қызым қосылды.
Алланың рахымын көрген балам мұсылман болсам дейді. Мешіттің имамының айтқанынан ұққаным пайғамбарымыз Мұхамбет (с.ғ.с.) Алланың жер бетіне жіберілген соңғы елшісі және ислам діні бір ғана ұлтқа емес бүкіл адамзатқа түсірілген дін екенін білдім, мүмкін сол себепті шығар біз сияқты «адасқандарға» Алланың шарапаты тиетіні.
Өзімнің туған -туысқандарыма Алланың хақ екенін, оның құдіретінің және мейрімінің шексіз екенін айтып отырамын, - деп әңгімесін аяқтаған еді христиан дінінің өкілі.
Жұма намазы аяқталған соң таныс орыс әйелі балаларымен бірге жүздерін құбылаға бұрып, Аллаға тағзым етіп отырғанын көріп, шынында бұлар Алла Тағаланың мейіріне бөленген жандар екен деп ойладым...
Үйге келген соң орыс әйелінің әңгімесін келіншегіме айтып едім, оның да көзі жасаурап «баламыз ауруханада жатқанда, дәрігерлер оның бір бүйрегін алып тастаймыз дегенін білесің ғой, сол кезде мен де Науан хазіреті мешітіне барып, Аллаға құлшылық жасап, баламның ауруына шипа тілегенмін, содан балама Алланың шарапаты тиіп, ауруынан жазылып кетті емес пе», - деді.

Р/S. Әдетінше жұма намазына барып едім, таныс орыс әйелі баласымен мешіт жанында тұр екен, амандасып едім, ол мені танып «балам, ислам дінін қабылдады», - деді жүзі бал - бұл жайнап.

Мен де баланың ниетіне риза болдым. Иә, Алла Тағаланың мейірімі де, құдіреті де шексіз екені әлемге аян.

Ерсін Ерғалиев
02 желтоқсан 2019 ж. 1 213 0