Шархан Қазығұл: әке мен бала арасындағы әңгіме

Баламның аяушылық сезімін ояту мүмкін емес екеніне көзім анық жетті. «Вы еще скажите, что подрабатываете космонавтом!» деген ұлым маған миығынан күліп кетіп бара жатты. Неонигилизм деген осы шығар. Дегенмен, баламның юморы оның болашақта қор болмайтынынан хабар беріп тұрғандай еді. Сөз тапқанға қолқа жоқ.
«Әке мен бала философиялық жекпе-жегі» ғасырдан-ғасырға келе жатқан проблема екенін жақсы білемін. Әке диктатурасы мен бала максимализмі ешқашан да ымыраға келген емес. Алайда, екі жақ та жеңімпаз атануы мүмкін. Консенсусқа келген жағдайда. Келісімге қалай келуге болады? Әке де, бала да өздерінің өмір сүріп жатқанын ешқашан міндет қылмағанда! Сен әке екеніңді! Ол балаң екенін! Бір анық, міндет қылу – барлық түсініспеушіліктің бастауы. Сол «бастаудан» су іше бергенді қою керек!