Қызылордада Ұлы Жеңіс батырларын еске алуға арналған митинг өтті
Бүгін Қызылорда қаласындағы бауырластар зиратында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған тағзым митингі өтті. Іс-шараға әскери ұрыс қимылдары ардагерлері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, этно-мәдени бірлестіктер мүшелері, Қызылорда қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы,жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және оқушылар қатысты.Митинг Құрмет қарауылының сап түзеуімен басталды. Жиынды «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының төрайымы Галина Щербакова ашып, Жеңіс күнінің ел тарихындағы маңызына тоқталды.
– Жеңіс күні – қайғы мен қуаныш қатар өрілген қасиетті мереке. Бұл – майдандағы ерлік пен тылдағы жанкешті еңбектің, миллиондаған адамның тағдыры мен құрбандығының символы. Бүгінгі ұрпақ бейбіт өмірдің қандай ауыр жолмен келгенін ұмытпауы керек, – деді ол.
Шара барысында жүргізушілер Ұлы Жеңістің тарихи мәні туралы айтып, майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанда құрылған даңқты Панфилов дивизиясының ерлігі мен оның бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше аталды. №5 мектеп-лицейінің оқушылары әскери-патриоттық бағыттағы әдеби монтаж ұсынып, Отан қорғаушыларға арналған өлеңдер оқыды.
Митингте соғыс жылдарындағы медбикелердің жанқиярлық еңбегі де ерекше сөз болды. Қатысушылар майдан даласынан жараланған сарбаздарды құтқарған ақ халатты абзал жандардың ерлігіне тағзым етті.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласының соғыс жылдарында маңызды эвакуациялық госпиталь орталығы болғаны айтылды. Майданнан әкелінген мыңдаған жаралы сарбаз осында ем алған. Алайда олардың барлығын аман алып қалу мүмкін болмаған. Бүгінде бауырластар зиратында 81 жауынгер жерленген, олардың жетеуінің есімі белгісіз.
Шара соңында жиналғандар қаза болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды. Әскери-патриоттық әндер орындалып, Жеңіс рухына тағзым жасалды.
Митингтің негізгі мақсаты – жас ұрпаққа тарихи жадыны сақтау, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыру және ерлік көрсеткен батырларға құрмет білдіру болды.






