Жыл басынан бері 51 адам пойыз астына түсіп, мерт болған
ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Байкенов жыл басынан бастап пойыздардың шұғыл тежеуі бойынша 677, оның ішінде сол аумақта адамның жүруі себепті 270 фактінің тіркелгенін атап өтті. Сондай-ақ теміржол бойына тасталған бөгде заттар бойынша 4 факті тіркелген.
5 айдың ішінде белгіленбеген жерде теміржолды кесіп өткені үшін 259 адам жауапкершілікке тартылған.
«Шұғыл тежеу жолаушылардың денсаулығы мен өміріне орны толмас залал келтіруі мүмкін, сондай-ақ ол пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сонымен қатар, теміржол үстіне малдың шығып кетуіне қатысты және оған жол бермеу мәселесі көлік полициясы мен мен теміржол қызметкерлерінің алаңдатушылығын тудырып отыр», - дейді Жасұлан Байкенов.
Оның айтуынша, 5 айдың ішінде теміржол үстінде жүрген малдың кесірінен машинистер пойызды 349 рет шұғыл тежеуге тура келген. Мысалы, «Алматы-Шу стансалары» учаскесінде жыл сайын пойыз 150-160 малды басып кетеді. Теміржол көлігінің астына көбінесе сиыр, жылқы және қой түседі.
Теміржолда адамдардың жарақаттануы азаймай отыр. Биыл елімізде 51 адам пойыз астына түсіп, көз жұмған. Оқыс оқиғада зардап шегуге теміржолды белгіленбеген жерден өтуі, қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себепші болған.
«Көлік полицейлері әкімшілік шаралар арқылы осындай оқиғалардың алдын алуға тырысады. Атап айтқанда, белгіленбеген жерлерде теміржолды кесіп өтетін жүргіншілер және үлкендердің бақылауынсыз аса қауіпті аймақта болған балалардың ата-аналары жауапкершілікке тартылады», - деді Жасұлан Байкенов.
Көлік полициясы теміржолда қауіпсіздік ережелерін сақтауды, тек арнайы белгіленген орындарда ғана өту қажеттігін ескертеді. Әсіресе, балаларға теміржол ойнайтын орын емес екендігін ұмытпауы керек. Темір жолға жақындаған кезде құлаққапты ұялы телефондардан ажыратып тастау керек. Сондай-ақ, платформаның шетінде белгіленген сызықта ары тұруға болмайды. Өйткені адам сүрініп кетсе, рельске құлап, жақын келе жатқан пойыздың астына түсіп қалу қаупі бар.