Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨК ЖОРҒАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

КӨК ЖОРҒАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ


Бүкіл Шығыс Алтай өлкесіне аты мәлім, мыңдап жылқы, қоралап қой өргізген, дәулетіне қыдыр қонған атақты бай Ақдәулеттің науқастанғанына да міне, алты айдың жүзі болды. Көктемде жабысқан осы дерт байды оңалтар емес. Бұрынғы торсықтай толық денесінен ет қашқан. Қызыл шырайлы өңі де сарғайып солып бара жатқандай. Өткір жанары мұңлы, солыңқы. Әр елден келген талай емшілер мен балгерлердің алуан түрлі емін алып көрсе де дауа табылар емес бұл дертіне. Ішкен асын кері құсып тастайды. Аздап саумал батушы еді, міне, бір жетінің жүзі болды, ол да өтпейтін болды өңешінен. Күннен-күнге тұла бойынан әл кетіп, қуат-күші сарқыла бастады. Көп кешікпей өзінің о дүниеге аттанарын іштей сезген, көкірегі ояу сұңғыла қария, жастайынан бірге өскен, бозбала кезінде тайлақ көтеріп, содан өз аты ұмытылып, бүгінде «Тайлақбай» аталып кеткен, балуан құрдасы, бұл күнде жылқышыларының басшысы Тайлақбайды шақыртты үйіне.
Он екі қанат ақбоз үйге кіргенде, бай сүйекпен қапталып, алтын-күміспен апталған, кезінде бір үйір жылқы беріп, атақты шеберге жасатқан қымбат ағаш төсектің үстінде басына қос жастық салдырып, биік етіп жастатып кеудесіне ақ жейде киіп жатқан еді. Басын ұстарамен жып-жылтыр тақыр қылып, тақауда алдырғанға ұқсайды. Бойынан ет қашқан, құдды аруақ дер қазіргі түрін көрген жан.

– Ассалаумағалейкум, құрдас, – деп сәлем бере кірген Тайлақбайдың шоқпар ұстайтын қос қолын әлсіз саусақтарымен аялай ұстаған байдың «Әликімассаламға» әрең тілі келді. Кезінде өзі де осынау балуан құрдасымен талай рет аңға шығып, асау үйреткені, көкпар тартып, талай салым салғаны есіне түсіп, көзіне жас алды. Даусы әлсіз:

– Тіршілікте әй, дескен жерім болса, кешір құрдас?! Бұл боқ дүние кімнен қалмаған, біздің ата-бабаларымызды да тегіс жалмаған, мені де әкеткелі жатыр сол жаққа.

– О, не дегеніңіз байеке, әлі-ақ сауығып кетесіз, – деп басу айтты Тайлақбай. Ақдәулет сөзін қайта жалғады:

– Қанша қимағандарыңмен, мен енді бұл дүниелік емеспін, одан да сөзімді бөлмей, тыңда! – деп бір қайырды. – Құдай маған шексіз байлық берді, бақ берді, бірақ соны соңында ие болып ұстап қалатын есті ұрпақ бермеді. Артымда мыңғырған қойым, шұрқыраған жылқым қалып барады, бәрін өзің басқар. 30-дан жасы әлдеқашан асса да, әлі ес кірмей, есерсоқ болып жүрген жалғыз ұлым Кәкіш бар, содан қорқамын, соны уайымдаймын, қашан ес кіріп, адам болар екен деп. Соңымда қойдай жуас халқым қалып барады, соған қамқор бол, аш-жалаңаш қалмасын, малды аяма, кедей-кепшіктің бәріне тең ғып бөліп бер. Малымның басы көк жорға айғырды сақта, одан айырылсаңдар бақ кетеді, – деп сөзін түйіндеді байекең.
Ақдәулет бай өзі айтқандай, түнімен балуан досына өсиеттерін айтып, таң ата дүниеден өтті. Артында қарақұрым елі қалды шулап, өзен-бұлағы қалды тулап. Ағайыны байдың малын өзінен аясын ба, жетісіне жеті киіз үй тіктіріп, жеті ту бие сойдырса, қырқында қырық руға жар салдырып, қырық үй тіктіріп, қырық ту бие сойдырып, бүкіл маңайындағы кедей-кепшікті етке бір тойдырды.
Тіршілік қуған адамға, әне-міне дегенше, күз айы да келіп қалды. Ел тегіс салқын жайлаудан күзекке түскен мезгіл. Тайлақбай өзінің есік пен төрдей келетін боз жорғасына мініп, әлі қырдан түсе қоймаған, жылқышылары жатқан Ақбелге қарай аяңдады. Мақсаты – жылқы ауылды бір шолып, мал-жанның амандығын білу. Қара қосқа түс мезгілінде жеткені сол еді, дүниеден өткен досы Ақдәулеттің ерке ұлы Кәкіш қасында төрт-бес атқосшылары бар, жылқыдағы көк жорға айғырды ұстатып, көзін тас қылып қара орамалмен таңдырып, көк жорғаның өз үйіріндегі торы жорға байталдың артқы сауырынына түгел басқа биенің қиын жақтырып, екеуін шағылыстырғалы жатқанының үстінен түсті. Көзі таңулы болса да, есті айғыр тік шапшып, аналардың анайы қылығына көнер емес. Өзі туғалы, мынандай айуандықты көріп емес, естіп те көрмеген Тайлақбай шыдай алмай сегіз өрім дырау қамшысын қолына алып, айғырды ұстап тұрған дөрекі топқа қарай ақырып, жетіп барды.

– Қай атаңнан көріп едіңдер, текті айғырдың өзі қанына өзі шабапқанын, өңкей жетесіздер, қане, босат айғырды!

– Кәкіш бастаған өресіз топ балуан шалдың қаһарынан жасқанды ма? Көк айғырды байлаған арқанынан шешіп, басына қамшымен бір салып, жөніне қоя берді.

- Атам қазақ малды басынан ұрмайды, ой жетесіз, әкең жақсы адам еді, сен қайдан жаралған күшіксің өзі?
Бастаған ісін іске асыра алмай қалған бай баласы долданып, шәңкілдеп, шалға сөз қайтара бастады.

– Бұл малдың ендігі иесі менмін, жорғадан жорға шығарғалы жатырмын, осы ісім айып па, ендігәрі менің ісіме араласпаңыз ағасы, әкемнің кезінде жылқыны басқарғаныңыз рас, ендігі жерде жастардың ісіне килікпей, жайыңызға жүргеніңіз абзал. Бұдан былай жылқыны басқаруға мына Тайлақбайды сайладым, – деп қасындағы қара тәпелді көрсетті Кәкіш. Тайлақбай бұл жүгенсіздермен енді ерегесіп ештеме таппайтынын, өзінің дәуренінің өткенін біліп, ашуланып жерге бір түкіріп, өзінің сан жылғы қимас мекені болған қасиетті қара қосынан, дәм татпай, жылқышыларымен қоштаспай, аттанып кетті.
Бір жеті өтпей бай ұлы Кәкіш тағы бір амал, айла ойлап тауып, нөкерлерімен жылқы ауылға сау ете түсті. Келе жылқышыларға әнеу күнгі көнбеген көк айғыр мен торы жорға байталды ұстатып алдырып, айғырдың көзін тағы тас қылып қара орамалмен таңдырып, торы байталдың үстіне, кеше сойылған құла биенің жас терісін тұтас жаптырып, айғырдың алдына торы байталды байлап-матап алып келді. Есті айғыр алдындағы күйлеп тұрған биені ары иіскеп, бері иіскеп, күдікті ештеме байқамаған соң ғана барып биеге шапты. Өздерінің жымысқы ойларын сәтті жүзеге асырған Кәкіш бастаған есерсоқ топ мәз болып, бірін-бірі құттықтап, өздерімен бірге алып келген арақтарын ішісіп, тойлап жатты. Көздеген мақсаттарына жеткен дөрекі топ, торы байталдың үстіндегі құла биенің терісін сыпырып алып, көк жорға айғырдың көзіндегі байланған қара орамалды шешіп, екеуін қамшымен аямай сауырына екі тартып, жөніне жіберді.
Көк жорға айғыр өзінің алдына түсіп алып, шыбын-шіркей болып, безіп бара жатқан, өзінің үйіріндегі қызы екенін жаңа таныды. Ойпырм-ай, ата-бабасында бұрын-соңды болып көрмеген ұятты істі басынан кешіргенін жаңа сезінді. Шауып келеді, екі көзінен жас бұршақтап тамып келеді. «Жазығым жүздеген дүлдүлдерді шаң қаптырып, жеті рет жорғалар жарысында осы елге бас бәйгені алып бергенім бе?». Адамдар қолымен жасалған, өзінің ағат қылығын көк жорға кешер емес. Торы байтал да, ұяттан өртеніп, зымырап барып, қалың жылқының ішіне кіріп кетті. Көк айғыр табынға жете бере ызаға булыққан қалпы, бұрын-соңды көрсетпеген мінез танытып, басқаша кісінеді. Үйірдегі сақа биелер иелеріне бір нәрсе болғанын сезіп, құлақтарын елеңдетті. Көк жорға айғыр келе үйірін алдыға сап қуып айдап, биік құзға қарай бағыттады. Үйірден қашқан кейбір тай-құлындарды аямай тістеп, теуіп, үйірге қайта қосты. Үйірі құз басына жетті-ау дегенде, көп жылқының ішіндегі бағанағы торы байталға қарай ұмтылды. Торы байталға бара аузын арандай ашып, тісін сауырына басты. Сауырына қатты тіс тиген торы байтал, ышқына шыңғырды. Көк жорға айғыр, кеудесімен торы байталды құзға қарай соғып құлатты. Қатты екпінімен келген өзі де құздан құлап өлді. Қалған табын үркіп, өз жайына кетті. Санасыз жандардың қолымен істелген шексіз озбырлығына шыдай алмаған қайран текті айғыр осылай мерт болды. Көк жорға айғыр жоғалған соң Ақдәулеттің мыңғырған малы да тоз-тоз болып құрыды. Ұлынан бақ тайды, дәулеті шайқалды. Әкеден қалған бар дәулеттен айырылған жетесіз Кәкіш қанша әйел алса да, ұрпақсыз өтті. Бәлкім, көк жорға айғырдың көз жасы жібермеген шығар.

Өмір жайлы бірер сөз
26 мамыр 2019 ж. 1 408 0