Берлинде сөйлеген қазақ
Облыстағы талай аудандарды басқарған әйдік әкім Жолдасбек Ердешбаевтың Шиелідегі бір жиынында бастырмалата сөйлегені бар.
– Мен білесіңдер ме, мына Жаңатұрмыстағы Қалекеңнің қатал тәрбиесінен өткен адаммын деген еді. Сол кездегі ауданға бірінші басшы болып тағайындалған әкім осы әңгімесімен не айтқысы келді – деп ойлайсызда? Ол – осы күні «Сталиндік кезең» – деп айтылып жүрген ел басқару үрдісінің ерекше бір үлгісін еске алып, өткен болар... Кеңестік қоғамның, алдымен көпшіліктің мүддесін қорғаған, сол үшін жеке басының бағын тәркі еткен жанкештілігін, тәртібін қорғаған шығар?! Ал, Ердешбаев есіне алған «Жаңатұрмыстық Қалекең» – сол тоқсаныншы жылдары өмірден өтіп кеткен Қалмағанбет Қосжанов болатын. Бағы мен соры, балы мен уы араласқан аласапыран заманнан алып империяны, аман-есен алып өткен қатарындағы құрылысшылардың бірі еді. Бүгінгі күні қанша жерден қараласақ та сол «Сталиндік қоғамда» – елі үшін, жері үшін, Отан үшін – деген ұлы сезімдер мен сенімдер, өз басының қамынан гөрі Отанының қажетін көбірек күйттеген қасиеттердің болғанын жоққа шығара алмаймыз. Сол қасиетті қағиданы бойына сіңіріп, ақырына дейін адал бола білген жандардың бірі –Қалмағанбет.
Ол, 1913 жылы осы күнгі Ы.Жақаев ауылының маңында «Иіркөл» ауылдық кеңесіне қарасты мекенде дүниеге келеді. Балалық дәурені ұлы төңкеріске тұспа-тұс келген бала алғашқы дәрісін үш жылдық орыс мектебінде оқыған. Сонау Мәскеуден қиырда жатқан қазақы ауылда туылып, алғашқы сауатын орысша ашқан баланы буырқанып тұрған болашақ назарына алғаны сөзсіз. 15 жастан асар-аспас қоғамдық істерде көріне жүріп, балаң жігіт 30-ыншы жылдардың ортасына қарай біріккен Шиелі, Жаңақорған ауданында комсомол ұйымының жетекшісі болған екен. Бұл – Кеңестік қоғамдағы алғашқы ел басқару институтының ең ірі сатыларының бірі. Өйткені, төңкерістен кейінгі кезең – байлар мен би, бектерді ысырып, қара табан кедейлерді көтерді. Кәрі, құртан, қарттарды тежеп, албырт жастарға арқа сүйеді. Сондай саясаттың мықты сарбаздарының бірі Қалмағанбет Қосжанов еді. Ол – Ғани Мұратбаевтың қатарын көбейткендердің бірі. Алғашқы Қазақстандық жастар одағының жетекшісі болған Ғанидың жігерін жетелеп, идеясын жастарға сіңіріп, сол бір заманның ерекше серпілісін арқалаған азаматтың ерте көзге түсуі де заңдылық.
1940 жылы 1 мамырда Қалмағанбет 27 жасында әскерге шақырылады. Бәлкім бұған себеп сол жылдары батыстан соғыс бұлты түнере төніп, Кеңестік қоғамға неғұрлым сенімді, дайындығы мығым қосалқы күштің керек болғаны белгілі. Аз ғана әскери даярлықтан өткеннен соң Қалағаң құлақ естімес Финляндия тозағына артеллериялық бөлігінің орудия командирі етіп жіберіпті. Тарихтан белгілі Финляндия операциясы Кеңес әскерінің тығырыққа тірелген бір кезеңі болды. Бірақ Қалмағанбет қызмет еткен №56 гвардиялық полктан өз міндеттеріне кір келтірмегені де тарихтан белгілі. Алда күркіреген күндей қарауытып соғыс қаупі үйіріліп тұрды. Елде ессіз еңбек, жанталасқан ұмтылыс, қауырт күндер алмасып жатты. Орыс – Фин текетіресінен кейін сарбаздар елге қайтулары тиіс еді... Бірақ, Кеңес одағы мен Германия арасында үлкен соғыс басталды да кетті. Соғыс басталғаннан кейін 26 күннің ішінде шұғыл түрде Қ.Қосжановтың полкын №70 кавелериялық полк етіп қайта құрып, 1941 жылы 17 шілде де Мәскеу түбінде немістерге қарсы қояды. Бұл – байқадыңыздар ма фашистік Германияның жойқын шабуылы мен еш тежеусіз, тоқтаусыз бір айдың ішінде Кеңестер Одағының жүрегі Мәскеуге тірелген тұсы еді. Осы бір бүкіл елдің тағдыры шешілер сәтте Сталиндік бас қорғаныс басқармасы соңғы мүмкіндіктерін сарқа жұмсап, ең үлгілі күштерін өз Отанының астанасын қорғауға жұмылдырды. Соғыс тағдыры да осы тұста шешілер сәт еді. Мыңдаған Қосжановтар шалғайдағы Қазақстаннан оның бір бөлшегі Шиеліден келген қазақ балалары табан тірескен қайсарлықпен өздері қабылдаған сол бір ұлы сенімді жанталаса қорғады. Осы сенімді «Мыңжылдық Реих» – әскері бұзып өте алмады. Егер тарих әділдік жасар болса, сол кездегі Мәскеуден басталған жеңісті қорғаушылардың әрбірінен «батыр» атағын еш ойланбай беруге болар еді. Өйткені, Ұлы Отан соғысының да, тіпті екінші дүниежүзілік соғыстың да тағдырын шешкен тап осы Мәскеу түбінде тұрған жауынгерлер еді. Жау шегінді Қалмағанбет Қосжанов құрамында болған Кеңес әскері европаның Румыня, Польша... сияқты барлық қалаларын фашизмнен тазалай отырып, Берлинге жетті. Ұлы жеңіс күні кәдімгі атағы жер жарған К.Жуковтың қасында тұрып, қазақтың бір қара баласы құттықтау сөз сөйледі.
Ол – осы Қалмағанбет Қосжанов еді. Осы азаматтың жеңімпаз командирының мінбесіне дейін көтерген не күш, не құдірет деп ойлайсыздар?! Бәлкім ол – қазақтың қанында бар жауынгерлік қасиет болар.
Мен кейіпкерімнің осы бір кезеңіне келгенде неге Қосжанов жайлы жазғым келетінін тағы да бір пысықтай кеткім келді. Осы күні «Ұлы Отан соғысы» – деп аталып жүрген екінші дүниежүзілік соғыстың тағдыры Мәскеу түбінде қыркүйек, қазан айында шешілгенін білесіздер. Кеңестер Одағы бұл алмағайып сәтке ең соңғы үмітін, ең сенімді әскерін әкеліп шоғырландырды. Ол Алматыда жасақталған генерал Панфилов басқаратын, құрамында Б.Момышұлы болған №316 девизия болса және Қалмағанбет Қосжанов секілді қазақтың іріктелген азиялық әскери құрамалар болған! Напалеон заманында Ресейді қорғап қалғандар қаны түркі азаматтар еді. Сталинде ең соңғы үмітін Б.Момышұлы сияқты батырлар мен Қ.Қосжанов секілді қазақ сарбаздарына сеніп тапсырғандай.
Жаратушымыз мәңгіліктің мектебі етіп, соғысты да адамзат баласына нәсіп еткен. Өйткені, махаббат пен ғадауатың, әділет пен аярлықтың сыналар бір тұсы осы майдан даласы. Осы мектептен өткен Бауыржан Момышұлы ғұмыр бойы еңсесін имеген қалпы ер мінезі мен өзгелерді тамсандырып өмірден өтті. Осы мектептен өткен Қ.Қосжановта қашан қатардан қалғанша қайыңның қатқан бұтағындай сіресіп, бір қалпынан аумаған мінезі мен елдің есінде қалды. Қалған ұрпақ – біз мұны түсінуіміз керек.
...Басынан жарақат алған Қалмағанбет көкеміз елге оралған соң атағын, даңқын арқаланып ауыл, елді аралап рахат өмір сүре алмады. Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденін, медальдарын сандыққа салып, шаруасы шалқаяқтап, еңсесі түсіп, кешегі қиындықтардан күйі қашқан ел тіршілігіне белсене кірісті. Аудан көлемінде әртүрлі қызметтерді атқара жүріп 1949-1950 жылдары дәл өзіндей есімі елге тірек болған Рахмет Нұрекеевтер мен бірге Алматыдағы жоғарғы партия мектебін бітіріп қайтты. Кеңес өкіметінің бар билігі – коммунистік партияның қолына шоғырландырған кезеңде Қалекең елдегі ең беделді партия басшыларының бірі болған екен. Осы күнгі қариялар Қалмағанбет ағаларыңның «Ақбоз аты болушы еді... көне тоз кительін үстінен тастамайтын. Үнемі асығыс шаруаның үстінде жүретін қатал тәртіптің адамы еді» – деп еске алып отырады. Жоғарыда сөз еткен Ж.Ердешбаевтың да Қалекеңнің қолында болып, тәрбиесін алғаны сол жылдар болса керек. Кейіпкеріміз 1956 жылы соғыстан алған жарақатына байланысты 43 жасында қызметтен кетуге мәжбүр болады. 43 жас екі соғысты көзімен көріп, басынан өткерген... Құлдырау мен қайта құрудың бар салмағын иығымен көтерген... Артына атағы мен даңқын ізін басар үлгілі ұрпағын қалдырған ғұмыр... Бауыржандық батыр мінез...
Қалекең 1984 жылы дүниеден озды. Өле-өлгенше еңсесін бүкпеген күйі айтарын айтып, жөн көргенін жасап, майдан даласының батырларынша қасқайып өткен қарт заманасы міндеттеген антына адал, аманатына берік болды. Енді олар біздің бүгінгі тарихымыз.
Мақсұт ӘБДІМОМЫНОВ.