Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз төртеу едік

Біз төртеу едік


Бiз – төртеу едiк. Ыдырыс, Оралсейiт, Сейдомар­ және мен. Құрдас едiк, дос едiк, сырлас едiк. Үнемi жұбымыз жазылмас­тан бiрге жүретiнбiз. Ол үшеуi «Еңбекшi» ауылының бiрiншi көшесiнде (ол кезде көшеде атау болмайтын), мен үшiншi көшеде тұратынмын.
«Төртеу едiк.
Төртеумiз де ерке едiк,
Өстiк бiрге өмiр сырын ерте ұғып.
Мойымадық еңсе түсiп езiлiп,
Жап-жас қана жалын едiк, өрт
едiк.
«Еңбекшiде» бiзсiз бiр той
өтпейтiн,
Өте қалса, бiр қызығы жетпейтiн…
Қанша сотқар болсадағы бұл
төртеу,
Шарап iшiп, шылымды да
шекпейтiн...»
Балалыққа жарасатын қызықтың бiразын бастан кешiрдiк. Тату болдық. Сабақ бiткесiн үйдi-үйiмiзге тарасып, тамақ iшiп болғасын қайта жарасып, табыса қалатынбыз. Ауылдың ортасында ескi медпункт болатын. Қабырғалары жарылып, арық қойдың қабырғасындай ырсиып, құлайын деп тұратын. Бiрде соның үнемi ашық тұратын дәлiзiне жиналып, төртеумiз ал келiп күлейiк…
«Шарты мынау – кiм көбiрек күлсе
егер,
Күле бiлсе сықылықтап кiм шебер.Жүлдегер деп танып соны сыйлыққа
Бермек болдық екi уыс
құмшекер...»
Осылайша, күлкi жарысы басталды да кеттi. Бiрi-бiрiмiзге қарама-қарсы отырып алып, ал келiп күлейiк. Күлген адамның, оның үстiне өзiн-өзi зорлап, күшенiп күлген адамның қайбiр бет-әлпетi оңып тұрады дейсiң. Бiреумiз қызарып, бiреумiз көгерiп отырсақ керек. Кейіпімiздi көрiп, тағы да күлемiз. Әйтеуiр бiтпейтiн көп күлкi…
«Байқамаппыз қанша мезгiл
өткенiн,
Күннiң батып, ұясына шөккенiн.
Ессiз-түссiз, ағыл-тегiл күлiппiз,
Өтсе керек уақыт та көп-көрiм.
Қызық болды шынында да бұл
бiр iс,
Тоқтамады шетсiз-шексiз шын
күлiс.
Күле-күле iшегiмiз түйiлдi,
Құлап қалды Оралсейiт пен
Ыдырыс...»
Ол екеуi бүк түсiп құлап жатса да күлкiлерiн тияр емес, iштерi бүлкiлдеп жатыр. Сөйлеуге шамасы жоқ, тек күлкi. Анда-санда үһлеп қояды. Бiрақ, күлкi толастар емес.
«Бiз де күлдiк, болмайды ғой
жеңбесе,
Құлай жаздап әзер тұрдым мен
неше.
Кiм бiледi түнi бойы күлер ме ек,
«Бұл кiм ей!» деп күзетшi шал
келмесе...»
Шынында да өз бетiмiзше күлкiнi қоя алмауымыз әбден мүмкiн едi. Өйткенi, сөйлейiк десек, ернiмiз жуыспайды, тек «еһе-еһе» деп күле беремiз. Ә дегенде саңқылдап, жарқын-жарқын шыққан күлкiмiз бiрте-бiрте әлсiреп, батарейi отырған қолтелефон сияқты «шиық-шиық» ете бастады. Сонда да болса, күлкiнi тоқтата алатын дәрмен болмады бiзде. Есiрiк болған немесе есiрткi шеккен адамдай, бас алмастан күле бердiк. Күзетшi әкейдiң ащы айқайы күлкiнiң буына мас болып отырған бiздiң көңiлiмiздi елең еткiздi. «Ұйқыдан оянғандай болдық.
Аңғалдық-ай, шалалық-ай,
шалалық,
Отырмын мен қадiрiңдi жаңа ұғып.
Жиi енедi бұл күндерi түсiме,
Кiл күлкiмен өткен сол бiр
балалық...»
Ол күндердi ұмыту мүмкiн бе? Жас ұлғайған сайын келмеске кеткен сол күндер көңiлiңнен тым жиi көрiнiс табады екен.
Өмiр жолы бiр басқа. Арман жолы бiр басқа. Мектеп бiтiргесiн бет-бетiмiзбен кеттiк. Ыдырыс Қызылорданың пединститутын бітірді. Алдымен мектепте мұғалім, сосын шаруашылыққа ауысты. Оралсейiт Жамбылдың су шаруашылығы инс­титутын тәмамдап, Шиелідегі №31 жылжымалы мехколоннада аға инженер болды. Сейдомар Жамбылдың пединститутын бітіріп, аудандық iшкi iстер саласында әр деңгейде басшылық қызмет атқарды.
«Мен болсам кеттiм ақын боп, азырақ бақытсыздау боп…» – деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, мен сол кездегі жалғыз университеттің журналистика факультетін бітірдім. Аудандық «Өскен өңір» газетінде корректорлықтан бастап редактордың орынбасарлығына дейін көтеріліп, 20 жылдай қызмет атқардым. Сосын өлеңнiң соңынан еріп, Алматыға аттандым. Осылайша, төртеумiз төрт бұрышқа кеттiк.
«Төртеу едiк. Төртеуiмiз де ерке
едiк…
Төртеумiзге тап болды да төрт
елiк,
Төрт бұрышта жүрмiз қазiр, уақыт
жоқ
Күлмек тұрсын, алуға да шер
төгiп...»
«Төртеу едік» деген толғау өлеңім осылай бітетін. Сол төртеудiң iшiндегi үлкенiмiз (5-6 ай), қамқоршымыз Ыдырыс еді... Басымыз қосылған сайын, маған өлең оқытатын. Бұрынғы өлеңдерiмдi оқи қалсам: «Жаңасын оқы, қане тағы не жаздың?» – деп шұқшиып сұрайтын. Бұл сөздерi маған әрi қамшы, әрi демеу болды. Ыдырыс келедi дегеннен отыра қалып өлең жазатынмын. Кiтаптарым шыққан сайын демеушiлiк танытып, елге тарауына қолұшын берiп жүрдi. Кейбiр достарым бiр-екi кiтабымды алуға жарамағанда, ол жүздеген кiтабымның өтуiне мұрындық болды. «Сен жаза бер, бiз аламыз, оқимыз», – деушi едi, жаның жәннатта болғыр...
Ыдырыс Жүсіпов бүкiл саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына, оның iшiнде мал шаруашылығына арнады. Еңбек жолын ауылдың орта мектебiнде мұғалiм болудан бастап, кейiн бригада есепшiсi, өндiрiс бригадирi, қой фермасының меңгерушiсi, шаруашылықтың бас зоотехнигi және кеңшар директоры қызметтерiн абыроймен атқарды. Бiлiмi мен бiлiгiн туып-өскен ауылының өркендеуiне, дамуына арнады. «Еңбекші» кеңшарында сол уақытта мал басы мүйізді ірі қара 171 бас, қой 32866 бас, жылқы 747 бас және түйе 223 бас болатын. Бұл кеңес мемлекеті тарап, еліміз егемендікке қол соза бастаған тұс еді.
Осындай аласапыран кезеңге тап келгеніне қарамастан Ыдырыс Жүсiп кеңшар директоры болып тұрған кезде «Еңбекшi» кеңшары еттен, жүннен, төл алудан ауданда жоғары көрсеткiштерге қол жеткiздi. Ауылдың әлеуметтiк жағдайы мен рухани өмiрiне де ден қойды. Кеңшардағы көне дүкендi мешiтке лайықтап қайта салғызды. Зират басына шырақшыға және дұға оқуға арнап үй тұрғызды. Ауылдың бiр адамына айлық тағайындап, шырақшы етiп қойды. Мұның бәрi ауылдастарының көңiлiн хош еттi.
Ауданда ұжымшарлар мен кеңшарлар тараған тұста ол азаматтық танытты. Қайсыбір шаруашылықтар темір-терсекті бөлісіп жатқанда Ыдырыс Бәйтілесұлы төрт түлік малды жасына, жынысына қарай сараптап, кеңшар еңбеккерлеріне үлесін бөліп беріп, ауылдастарын бір тәнті етті...
Ол жас кезiнде тепсе темiр үзетiн жiгiттiң өзi болды. Студент кезiнде еркiн күрестен қалалық және облыстық жарыстардың жеңiмпазы атанды. Бертiн келе, шаруашылық жұмысын атқарып жүріп кеселге ұшырады. Сол ауру әбден қажытты… Ақыры сүрiндiрдi… 63-ке – Пайғамбар жасына қараған шағында алып тынды…
Ыдырыс бала кезiнен ән-жырға әуес болып өстi. Мектепте жүргенде ән айтып, домбыра шертетiн. Құдай қосқан қосағы Мақсат та әншi болып жолықты. Қызылорда педагогикалық институтының (қазiргi Қорқыт ата атындағы университет) көркем өнерпаздар үйiрмесiнiң белдi мүшесi екен. Оқуды бiрге бiтiрдi. Отау көтерiп, үйлi-жайлы болды. 4 перзент (екi ұл, екi қыз) тәрбиелеп өсiрдi.
«Жаңа дос жаныңда жүргенде, ескі дос есіңде жүрсін» деген тәмсіл бар халқымызда. Алыста жүрсек те ауылдағы досты ұмытқан емеспіз. Балдай тәтті балалық, шәрбаттай шырын шақ бәрі ауылда өтті. Сол бір өзгермес өмір мен ескірмес кезеңді есіңнен қалай шығарасың! Олар сол қалпында жадыңда жаңғырып тұратын, көңіліңді өзіне еріксіз бұратын құдірет емес пе? Сондай керемет кездің куәсі болған досыңды ұмыту тым әбестік болар еді. Біз сені, Ыдырыс, ұмытқанымыз жоқ, ұмытпаймыз да. Өмірден өтсең де, көңілден кеткен жоқсың! Тірі болғанда бүгінде 70-ке толып, төріңде төбедей болып отырар едің... Тағдырдың жазуына не шара бар. Үлкен ұлы Ерсейт Ыдырыс алғаш білім алған, мұғалім болып еңбек жолын бастаған орта мектептің директоры. Әкенің бір арманын жалғастырып келеді. Қалған ұлы мен қыздары түрлі салада тер төгіп жүр. Жесірі Мақсат зейнеткер, ардагер ұстаз. Немерелерін өсіріп, балаларының тілеуін тілеп отыр. «Орнында бар, оңалар» деген осы емес пе?..
Кеше жанымызда жүрген жақсы адамды жадымызда қалдырудың бір жолы – есімін қастерлеп көшеге немесе мәдени орындарға беруде болса керек. Бүкіл саналы ғұмырын өзі туып-өскен ауылдың өркендеуіне, гүлденуіне арнаған Ыдырыс Бәйтілесұлы Жүсіпов сондай құрметке лайық тұлға дер едім. Тиісті орындар, жергілікті билік осыны ескереді ғой деп ойлаймын.



Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының
мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
30 қаңтар 2019 ж. 953 0

Қоғам

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031