Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалилулла Жазғыбеков, бүркітші: Бүркіттің күші шеңгелінде

Қалилулла Жазғыбеков, бүркітші: Бүркіттің күші шеңгелінде



Қазақтың қасиетті өнерінің бірі – бүркітшілік. Жастайынан осы өнердің қыр-сырына қанып өскен Қалилулламен әңгіме барысында бүркіттің бабы мен сыны, қай өңірдің құсы алғыр, семіз бүркітті қалай бабына келтіру керектігі жайлы ой бөлістік. Ендеше бекзат өнердің болмысын таныған ағамызға сөз кезегін берейік.

- Алғыр бүркіттерді қалай тануға болады?
- Бүркіттің қара тілдісі болады. Олар күй талғамайды. Аузын ашқан кезде тілі қара болады. Ал тілі боз болса, олар көп бап тілейді. Ал шеңгелдеріне қарап бірнеше түрге бөлуге болады. Мысалы толық үш буынды болғанда түлкіге айнымай түседі. Одан кейін төрт буындылар, олар мықты болады. Ал шеңгелі бес буындыларды қожыраяқ дейді. Олар нағыз керемет қырандар. Бес буындылар қасқырды, арқарды алады. Бүркіттің барлығының қасқырға әлі келе бермейді. Оның алғырлығы тұяқ пен шеңгелінің мықтылығында. Қожыраяқ дегеніміз бес сақиналы болып келеді. Сығымдап қысып, шеңгелмен бүрген кезде бүркіттің мықтылығы білінеді.
- Семіз бүркітті қалай күйге келтіруге болады?
- Жаздай түлекте отырған семіз бүркітті ептеп-ептеп қолға алып жүрген жүріп, жүйрік ат баптағандай баптау керек. Содан кейін ақ бөртпе бересің. Етін арылтқан кезде майы бөлініп қалмауы керек. Май бөлініп қалса, оны арылту қиын. Денесінде шылам май қалса, бүркіт айнығыш келеді. Аңға түспей қояды. Ал майдың бөлініп қалғанын құстың құйрығының түбінен білесің. Ұстап көрген кезде құйрықтың түбінде май болмауы керек. Құс баласы майын құйрығына жинайды.
Ал бабына келер болсақ, әр бүркіттің өз бабы бар. Бүркіт баптау көп жұмысты, үлкен еңбекті қажет етеді. Сондықтан анау-мынау адам бүркіт баптауға құлшына қоймайды.
- Өзіңіз бүркіт баптап отырған шығарсыз?
- Мен қазір бүркітті баптамаймын. Қостанайда жердің бәрі жазық, томаға тартар төбе жоқ. Ал ата-бабаларымыздан бері бүркітші әулетпіз. Жас кезімде әкем бүркіт баулуды көзімен көрсін деп, ұядан балапан әкеп, бүркітті қалай баптау керек екендігін үйретіп кеткен. Сол бала кезде көрген-түйгеніміз көңілде қалып, бүгінде ата кәсіптің қыр-сырын меңгерген маманға айналдық. Тоқсан бірінші жылдары ел бойынша Қарағанды облысының Қарашірік ауылында құсбегілерді жинаған кезде үш ақ бүркітші болдық. Алматыдан – Сәрсенбек ақсақал, атақты бүркітші – Әбділқақ және мен. Сол үшеуміз ғана бүркіттің қыр-сырын білгісі келетін адамдарға таныстырдық.
- Ол кезде өзіңізде бүркіт бар ма еді?
- Жоқ. Мен ол кезде жылқыда едім. Түлеуғабыл деген кісі Алматы жақтан бүркіт алып келіп, соны бағумен айналысып жатыр деген әңгіме естідім. Ол кісі осы аймақтан бүркітшілерді іздеген екен. Содан маған келді. Бүркітті көрдім. Асау екен. Сол бүркітті баулып, таптап, Қарашіліктегі бүркітшілер тойына алып бардым. Үш бүркітші болдық, ана екеуі атақты құсбегілер. Соған қарамай үшеуіміз үш орынды алып қайттық.
- Одан кейін қатарларыңыз толықты ғой...
- Иә, 95 жылы 16 бүркітшіге дейін жеттік.
- Қарашілікке апарған бүркітіңізді қанша жыл ұшырдыңыз?
- Менің қолымда көп тұрмады ол бүркіт. Асаулау еді, қораның сыртындағы терекке отырғызып қойған жерінен жоғалып кетті. Байлап қойған жерінен қалай шешіліп кеткенін аңғармай қалдым. Бүркіт жоғалды, ұрлап кеткен секілді. Содан құрқол жүрмейін деп қазір Есенгелді ауылында тұратын Моңғолиядан келген керемет бүркітші, шебер ұста Науан деген ақсақалмен бірге бүркіт іздеп Қарқаралыға бардық. Жақан деген жігіттің қолында өзінің зары бүркіті бар, оның сыртында ұядан екі балапан алыпты. Екі балапанның біреуі аналығы, екіншісі аталығы екен. Бүркіттің аналығы үлкен болады. Шәулісі аналыққа қарағанда кішірек болады. Үшеуіне қарап тұрдым да, шәулісін алайын деп шештім. Соны алып, баптадым.
- Жарысқа қосып көрдіңіз бе?
- Жаңа айттым ғой, 95 жылы 16 бүркітші болдық деп. Сол жылы Қарашілікте тағы саятшылық, салбурын өтті. Еліміздің барлық өңірінен келді құсбегілер. Басқалардың бүркіттері аңға беттей беріп, айнып кетеді, сол кезде далаға қашып бара жатқан аңға мен бүркітімді ұшырамын. Барады да баса қалады. Сол жерде басқа бүркітшілер шу шығарып, «Ағадыр ауданынан келген бүркітшінің ұпайын кеміту керек, ол тәртіп бұзды» десті. Оларға қарап тұратын мен бе, бүркіттері түспей не айырылып қалған аңдары айдалаға қашып бара жатқанда томағаны сыпыра қоямын, барады да ұстайды.
Сайыстың финалында қасқырға салдық. Басында менің құсым да қасқырға бата алмай, үстінен ұшып өтті. Екінші жолы да айнып кетпек болғанда тура қасқырдың тұсына барғанда айғай салдым. Даусымды бірден таниды, қасқырға бірден түсті. Бірақ шамасы жетпеді, қасқыр арқасына алып алып, шоқырақтай жөнелді. Сөйтіп салбурынға жиналған 16 бүркіттің ішінен менің бүркітім ғана қасқырға батылы жетіп түскен еді.
Сайыс қорытындысы бойынша Шет ауданынан келген Төлеген деген жігітке бірінші орынды, Әбілқақ ақсақалға екінші орынды берді де мен үшінші орынды иеленіп қайтқан едік.
Сол бүркіттен кейін бүркіт ұстаған жоқпын.
- Тау бүркітін, орман не жазықтың бүркітін бір-бірінен қалай ажыратуға болады?
- Иә, әр өңірдің өзіне тән ерекшелігіне орай бүркіттері де түрлі-түрлі болады. Мысалы орман бүркітінің бір ерекшелігі олар ірі болып келеді. Және қауырсындары жапырақ секілді көлемді болады. Олардың ішінде де небір қырандары болады. Бір қызығы қанша денесі ірі болса да, орман бүркіттерінің кейбірінің түлкіге шамасы келмейді.
Тау бүркіттері негізінен алғыр болады. Ол көбінде қасқырға, арқарға түскіш келеді. Ал жазықтың бүркіті суыр мен түлкіге, қарақұйрыққа, елікке түседі. Әрине, Алтайдың Ақиығы, Мұзтаудың мұзбалағы, Қобданың Қоңыры, Оралдың ор бүркітіне жетері жоқ қой.
- Әңгімеңізге рахмет!

09 шілде 2018 ж. 1 736 0