Аспанның еркесі
Әйгілі герцог Бургундскийдің өз заманында баласына түркі тайпасынан 12 ақ тұйғынды сатып алғаны, ал Карл V-тің бірнеше сұңқар үшін Мальта аралын тегін беріп жібергені, Жошы ханның 3 мыңға жуық қыранды, Абылай ханның 500 бүркіт пен 300 қаршыға мен сұңқарды баптап ұстағаны, Ұлы Абайдың, Шоқанның, Жаяу Мұсаның, Үкілі Ыбырайдың, Біржан сал мен Ақан серінің, т.б. саятшылық өнерден мақұрым болмағаны әдебиеттерде көп айтылады. Кішкентай Бельгияда 90-ға жуық бүркітші, ал Испанияда 160-тың ар жақ-бер жағында құсбегі бар деседі. «Бүркітшілік қолыңнан келмесе сен нағыз араб емессің» деген принципті ұстанған шейхтар аңға салатын құстарының томағасын алтыннан құйып, інжу тастармен әшекейлейтін көрінеді.
Сырымнан баласы Ерқанат қолындағы кітабы бойынша ел Рәміздері жайында сұрады. Оның ішінде Ерқанатты қызықтырғаны Тудағы қыран құстың бейнесі еді.
– Әке, мына құс қалай аталады? Қандай құс? Ол не жейді? Ауылда атамның үйінде мұндай құсты көрмедім ғой...Міне, осы бағытта алты жасар Ерқанат әкесіне өзін қызықтырған бірнеше сұрақтарды жаудыртып үлгерді.
– Балам, бұл құс бүркіт. Бабаларымыз осы құспен аңға шыққан.
– Бүркіт қандай аң аулайды? Күші жете ма?... Расында, кішкентай Ерқанаттың сауалдары Сырымды біраз ойландырып тастады.
Бабаларымыз өзіне серік етіп, тіршілігінің бір тұтқасына айналдырған қыран құс жайлы жоғарыдағы диалогта кеңінен айтылмады. Өйткені, бұл құс туралы Сырымның өзі егжей-тегжейлі білмейтін еді. Осы олқылықтың орны толар, бәлкім, төмендегі біз келтірген деректерді әрбір Алаш баласы біліп алса.
Нағыз қазақ жігітінің қазынаға қосқан бір серігі қыран бүркітті ата-бабаларымыз текті құс деп бағалаған. Халқымызда «Ер жігіттің қайғысын қыран бүркіттің қияғы, жүйрік аттың тұяғы кетіреді» деген сөз бар. Саятшылықты, құсбегілікті өнер деңгейіне көтере білген қазақ халқының әдебиетінде бүркіт жайлы жазбалар баршылық. Құсбегілік хандар мен төре, билердің, сал-серілердің қолы бос кездегі ермегі болса, тұрмыстық жағдайы нашар отбасылардың күнкөріс көзі болыпты. Жаугершілік, аштық-жұт жылдары қолға үйретілген құстармен тұтас ауылын асыраған құсбегілер де болыпты.
Бүркітті қадірлейтіндігі соншалықты, ол өлсе, иесі оны қауырсын, мамығы, құйрығы, басы, тұяғымен, кейде «бітеу» немесе жара сойып, үй төріне қанатын кере іліп қоятын болған. Иә, бала кезімізде қараша үйлерге кіргенімізде дәл төрде керілген қанаттар көзге бірінші түсетін еді. Ырымға сенген халықпыз ғой, бұл «бүркіттен пәле-жала қашады» деген нанымнан туса керек. Бүркіттің мамығын жастыққа салып жатса, басты пәледен сақтайды деседі. Құстың саусағын, тырнақтарын тұмар ретінде қолданған.
Моңғолиялық бүркітші қазақ қыз Айшолпан Нұрғали жайында әлем біледі. Қазақтың бүркітшілік дәстүрін шет жерде паш етіп жүрген Айшолпан бүгінде Гарвард және Оксфорд университеттеріне шақырту алды. Бабалар құндылығын бағалап, аса шеберлікпен игерген 16 жасар Айшолпанның ісі кімге де болса үлгі. Хош, әңгіме Айшолпан жайлы емес, оның қолындағы құсы турасында.
Тақырыбымызға ойыссақ. Дерек көздеріне сүйенсек, елімізде бүркіттің жеті түр мекендейді екен. Олар ұясын еліміздің оңтүстігіндегі адам аяғы баспаған мұзарт шыңдар мен қия жартастарға, ормандарда кездесетін бүркіттер алыс түкпірлердегі кәрі ағаштың ұшар басына салады екен. Бүркіт сақ келеді, адам көзіне түспеуге тырысады. Күз мезгілінде балапандары есейген уақытта ұясымен топтанып ұшып, шырқау биіктерде самғайды. Ал, мына деректі біріміз білсек, екіншіміз білмеуіміз мүмкін. Бір қызығы, оның бір мәрте жұмыртқа салған ұясын үрім-бұтағы таусылғанша пайдаланады екен. Түрі де ұя салған тасына байланысты, яғни, тас қара болса, бүркіттің түрі қара, қызыл болса, қызыл реңді болып келеді екен.
Бүркітті негізінен екі жолмен ұстайды деп ескінің көзін көргендер айтып отыратын. Түзден ұсталған құсты қолға үйрету үшін кемінде бір-екі жыл керек. Ұрғашы бүркіттің ішіндегі жұмыртқасы шіріп, өліп кетсе, еркек бүркіт құсадан өлуі мүмкін. Сондықтан, бүркітті қанаты қатпаған сары ауыз балапан кезінде ұядан алып, баулыған дұрыс. Бауырын жазбаған ақүрпек балапан қолға тез көндігетін көрінеді. Бүркіттің күтімі ерекше болған ғой. Балапанды алған соң оған балақбау тағып, томаға кигізеді. Ең алдымен бала бүркітке шырға тартқызады. Үш-төрт қадам әрі барып, аяқбаудың ұшынан ұстап тұрып биялайлы қолындағы етке «кел, кел» деп шақырып үйретеді. Бұдан кейін түлкінің бас терісінің, не қоян терісінің ішіне кішкене ет немесе өкпеге қант сеуіп тығып қою қажет. Сонан соң оны ұзын жіп жалғап сүйрете қашып, бүркітті соған түсіреді. Мұны далбай тастап, шырға тарту дейді. Далбайдан соң тірі аңдарды шырғалап, балапанды енді соған түсіреді. Оны «тірілеу» деп атайды. Тірілеуден кейін құс қайыруға келеді. Қайыруға келген құс әбден үйренген құс болып есептеледі.
Бүркіт күніне бір келідей жем жей алатын, жемсіз жарты ай жүре алатын өте төзімді құс. Жанары адам көзінен 5-7 есе өткір және ол күн нұрына тіке қарай алатын жалғыз жаратылыс иесі. Ол аспанда қалықтап жүріп бір жарым-екі шақырымнан да көлемі бір қарыстай жәндікті көре алатын ерекше қабілетке ие.
Бүркіт ұзақ, 30-50 жыл, тіптен одан да көп жасайды. Онымен 15-20 жыл аң аулауға болады. Дегенмен, жыл өткен сайын қайраты қайтып, әлсірей береді. Қайраты таусылған бүркіт биік тау жартасты, құзға барып өзін-өзі төменге тастап өледі екен. Міне, халқымыз жеті қазынаға балап, қадір тұтқан қыран құстың қадір-қасиеті осындай екен.
Ал, осынау өнердің төлтума атасы саналатын ежелгі Тұран жерінің бүгінгі ұрпақтары біз бен сіз құсбегіліктен қол үзіп қалған жоқпыз ба?
Дина ЖҮСІПОВА.