Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыран құстың біз білмейтін қырлары

Қыран құстың біз білмейтін қырлары


Әлеуметтік желілердің бірінен «Сіз бүркіт жайлы қаншалықты білесіз?», – деген сұрақты оқыдым. Шынында, көп білмейтіндігіме көзім жетіп, аздап ұялып та қалдым. Сол сәттен бас­тап қыран құстың біз біле бермейтін тұстары жайлы іздендім. Еліміз егемендік алған уақытта көк байраққа қыранның бейнесін тектен-текке қоймаған секілді. Бүркіт – еркіндікті сүйетін жыртқыш құс. Ерекшеліктеріне, өнегелі тұстарына тоқталсақ.

Ұябасар балапандарына әкені қалай таңдайды?
Өзіме бүркіттің жар таңдауы сәті қызық көрінді. Ол былай екен. Ұрғашы бүркіт тұмсығымен ағаштың бір бұтағын сындырып алады да, көкке самғай жөнеледі. Содан, заңғар көкте ұзақ қалықтап ұшады. Оны көрген шәулі атау­­лы айналасына жинала бастайды. Кіл шәулі қасына жиналған уақытта ұябасар тұмсығындағы бұтақты төменге тас­тай салады. Сол сәтте көп бүркіттің ішінен біреуі асқан жылдамдықпен орта жолдан іліп алып, ұябасардың тұмсығына қыстырады. Әлгі ұрғашы бүркіт қайтадан тастап жібереді. Еркегі қайтадан жерге түсірмей алып келіп береді. Осылай бірнеше рет қайталанады. Ақырында сынақтан сүрінбей өткен шәулімен жұптасады. Жұп құрған бүркіттер аң-құс шыға алмайтын таудың биік шыңына ұя салады. Бұтақтан қаңқасын құрып, тұмсықтарымен үсті-бастарынан мамық жүндерді жұлып, төсеп, ұяны ықтасын етеді. Ұябасар балапан басқан шақта сарша үздіксіз тамақ тасып отырады. Жұмыртқа жарып шыққан кезде қауқарсыз балапанды ата-анасы қорғап, тамақ тасып, жетіліп өсуіне жағдай жасайды. Ал, қанаты шыққан уақытта ұяның мамықтарын алып тастап, балапандары ыңғайсыз күйге түседі. Осы сәтте тамағын ұядан сәл ұзақтау қойып, оның өзін жемтігіне еңбекпен жетуге үйретеді. Балапан қанша қорықса да, қарыны ашқасын амал жоқ, ұядан шығады. Осылайша, балапан өздігінен нан тауып жеуге үйрене бастайды. Алғашында әлі қимылы ширамаған балапандар жар басындағы ұядан төменге қарай құлап кетіп жатса, әкесі қанатын жайып, арқасына қондырып ұяға әкеліп салады. Өзі ұшып балық аулайтын кезге жеткенше, осылай тәрбиелейді. Ал, балапан өсіп, жетілген уақытта ата-анасы тамақтандыруды тоқтатып қояды. Осыны көріп отырып, бала мен шәкірт тәрбиелеуде таптырмас әдіс деп түйдім.

Бүркіттің өнегесі
Қыран қырық жасқа келгенде тырнағы ұзарып, иірленіп, жұмсарып кетеді. Мұндай тырнақпен жемтігін ұстай алмайды. Тұмсығы да ұзарып, қатты майысып, түк жей алмай қиналады. Кеудесі мен қанатындағы қауырсындары қалыңдап, денесі ауырлап, ұша алмай қалады. Сол кезде қыран өледі, не ұзақ уақытқа созылатын түлеу кезеңін бастан өткереді. Бұл түлеу уақыты жүз елу күнге созылады. Қыран шың басына қонып, шамасы жеткенше тұмсығын тасқа соғып, тұмсығы түскенше маза таппайды. Тұмсығы өсіп шыққанша күтіп, иірленген тырнағын да қалыпқа келтіреді. Қанаттары мен артық қауырсындарын да жұлып, бұрынғы қалыпқа келемін дегенше бес-алты ай уақыт қиналады. Осындай азаптан кейін қыран тағы отыз жылдай уақыт өмір сүреді екен. Мұны жазғандағы ой – адам да өмір сүру үшін өзгеруге тиісті кезеңдер келгенде, іштей қорқыныш, күмән, күдіктен арылып, ескі әдеттен бас тартып, жаңа өмірге қадам жасауы тиіс. Тек өткен өмірдің ауыр жүгінен құтылғанда ғана, келешектің ғажабын түсінеміз. Ал, сіз барлығын лақтырып тас­тап, жаңадан бастай аласыз ба?

Қыранның бір қыры
Бүркіттің төбесіне тек қарға шыға алады екен. Төбесіне мінгенімен қоймай, желкесінен шұқи бастайды. Ғажабы сол, құс патшасы қарғаның төбесінен шоқығанын ауырсынса да, оған күші мен уақытын кетіріп, не сілкіп аударып тастамайды. Қанатын жайып биікке самғайды. Жерден неғұрлым биіктеген сайын, қарғаның кішкентай өкпесіне ауа жетпей, төменге қарай құлайды. Жалпы, бүркіттің әрбір ісінен үлгі алуға болады. Адам баласы да өз мақсатына жету үшін бос сөзді, пайдасыз пікірталасты ысырып қойып, алға ұмтылуы керек. Сонда аяққа оралған қажетсіз нәрсенің бәрі өзінен-өзі түсіп қалатыны ақиқат. Алдыңнан шыққан әр итке тас атсаң, баратын жеріңнен кешігесің. Бізге де құс патшасынан биікке ұмтылуды үйренуіміз қажет-ақ.

Б.Ержігіт.

27 қаңтар 2019 ж. 3 663 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930