Түлкінің керуі (Бүркітшінің әңгімесі)
Таң бозынан бес-алты кісі саятшылық құрып, атқа қондық. Әуелде күн ашық болатын. Бірте-бірте ауа райы өзгеріп, біз тау бөктеріне жеткен кезде айнала төңіректі тұман басты. Сонда да болса қиқулап, аң үркітіп келеміз. Бір уақта таса-тасадан шығып, қаша жөнелген түлкілердің соңынан: «Қанды басын бері тарт!» деп, бүркіттердің томағасын сыпырдық. Биіктен шүйлігіп түскен әуелгі қыран лезде қайта серпіліп, көкке көтерілді. Себебі, айлалы түлкі тік шапшып, айбар көрсетіп тұра қалған екен. Бүркітшілер мұндайда «Түлкі керді!» дейді. Керген түлкіге қыран бірден түсе алмайды. Бір қызығы, алғашқы екпінінен айнып, кері серпілген қыран өзінің жердегі олжасына қайта шүйілгенде тағы бір кедергіге тап болып, электр бағаналарының арасындағы сымға соғылып, жалт бұрылды... Міне, осы сәтте әлгі түлкіге екінші бүркіт төне түсіп, шеңгелін салды. Ал анау, сымға соғылған қыран болса, өз бағытынан ауытқып барып басқа түлкіге түсті. Япыр-ай, аңшылық дегенді қойсаңызшы бұл!.. Түрлі-түрлі қызықтарға тап боласың ғой. Өз қыранының сымға соғылып, басқа түлкіге түскенін аңдамай қалған бүркітші кейінгі шүйліккен қыранды ажыратып алып жатып: – Ой, ой, мынау менің бүркітім емес қой! – деп сасқалақтап, басын шайқай берді. Біз күліп: – Апыр-ай, ә?! – деп өп-өтірік таңғалған боламыз. Міне, жігіттер, аңға шыққанда осындай-осындай қызықтарды бастан кешіп, әзілдесіп, күліп жүреміз. Шіркін, қансонарда атқа қонып, құс салып, аңшылық құрып қайту дегеніңіз, ер азаматтың көңілін сергітіп, достығын нығайтып, жан дүниесіне сәуле түсіретін бір ғанибет қой.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»