Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қостанайлық саятшы: қазақ барда құсбегілік құрымайды

Қостанайлық саятшы: қазақ барда құсбегілік құрымайды



Ұлттың қанына сіңген көне дәстүр - құсбегілік. Соңғы ширек ғасырда осынау қазақы өнердің кенжелеп қалғаны рас. Дегенмен, Қостанай облысының тұрғыны Қайрат Жайықов қазақ барда құсбегілік құрымайды деп есептейді. Ол қалада тұрса да, жаз түсе ауылына барып, құсбегілікпен айналысады. 
Құсбегілік - халқымыздың ежелден келе жатқан бекзада өнері. Тарихтан аян, қазақтың құс ұстау шеберлері кеңінен дәріптелген. Саятшылықты жанына жақын тұтқандардың бірі - Қайрат Жайықов. Ол Қазақстан тарихының көне ордасы, мәдениеті сақталған мекен - Ботайдан 2006 жылы Арқалық қаласына көшіп келді. «Көкше жерінен келген соң аталарымнан қалған саятшылық өнерді ары қарай жалғастырсам деген ой келді. Үлкен атам Жайық құс баптап, аң аулаған. Ауыл ақсақалдары «атаң аңшылықпен бір ауылды асыраған» деп айтып отыратын. Бұл дәстүрді әкем Мағаз да қағып алды. Ол да жыртқыш құстарды қолына ұстап, бақты. Кейіннен денсаулығына байланысты аң аулауды доғарды. Енді, менің міндетім - қазақтың ежелден келе жатқан асыл өнерін жалғау. Түбі бәрін тастап, құсбегілікті қолға аламын деп те ойлаймын», - дейді Қайрат Мағазұлы.
Қайрат Мағазұлы Аманкелді ауданына қарасты Мұқантүбек елді мекеніндегі туыстарына келіп тұрады. Мұндағысы - аңшылықтан ажырамау. Алдағы уақытта осы құсбегілік өнерді түбегейлі қолға алсам дейді. Оның айтуынша, жыртқыш құс жақсы күтімді қажет етеді. Сондықтан көп уақыт керек. «Аңға салар құстың үнемі сылап-сипап, бойын үйрету керек. Сонда ашу-қытығы жазылады. Түз құсын алғаш тұғырға отырғызарда ортаңғы саусағынан іле ұстап қондырған дұрыс. Құсты әбден қолға үйретіп алған соң ғана аңға салады. Бапсыз құс аңға түспейді. Жыртқыштар әртүрлі болады. Кейбірі тым күйшіл, бапшыл келеді. Оны айыра білу - құсбегінің міндеті. Тәжірибелі құсбегілер түлек кезіне қатты мән береді. Жақсы түлеген құстың жүні жетіліп, ақсүйектеніп, әлденеді, сыртынан қарағанда құлпырып тұрады, жүні толық жетіледі. Мәселен, мен былтыр даладан тауып алған құс Жағалтайға қатты ұқсайды. Енді оның аяқтануы үшін біраз еңбектенуім қажет», - дейді ағамыз. Расымен де, құсбегінің жағалтайы сырт көзге қарағанда әзірге аңға салуға дайын еместей көрінеді. Бірақ, Қайрат Мағазұлы мұнымен келіспейді. «Жағалтайлардың дене тұрқы 33-35 сантиметрден аспайды. Салмағы 170-350 грамм. Бір қарағанда әлсіз құс болғанымен жемтігінен оңай айырылғысы жоқ. Әсіресе, ұсақ құстар, қосмекенділерді уысынан шығармайды. Аңға шығып келген соң көбірек тамақтандырған жөн. Жағалтай - жыл құсы. Бізге сәуірдің аяғында келіп, қазанда жылы жаққа ұшып кетеді, ұясын ағаштың басына салады, көбінесе, басқа құстардың ұясын пайдаланады», - дейді құсбегі. Қайрат Жайықов алдағы жазда бүркіт сатып алатынын айтты. Себебі, Қостанайдың оңтүстік аудандарында бүркіт салуға қолайлы жерлер көп. Содан соң, құсын баптап, бүркітшілер сайысына қатысқысы келеді. Қазақ халқының осы бір саятшылық өнері денсаулыққа аса пайдалы екені даусыз. Шытырлаған аязда қызара бөртіп, таза ауаны еркін жұтып, ат үстінде жүрудің өзі қандай ғанибет! Саят құра білу, Абай Құнанбайұлы айтқандай, «сұм жалғанның бір қызығы».


Материал "Қаз информ" халықаралық ақпарат агенттігенен алынды

07 қазан 2018 ж. 1 508 0