Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атбасарда экологиялық таза сұлы қауызын өндіретін зауыт салынады

Атбасарда экологиялық таза сұлы қауызын өндіретін зауыт салынады


КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Атбасар ауданында экологиялық таза сұлы қауызын өндіретін зауыт салынады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Заречный» ЖШС басшысы Уәлихан Әріпов айтты.
Жобаны Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде Атбасар ауданының Покровка ауылында «Заречный» ЖШС холдингіне кіретін «Баха-Söhne» ЖШС қолға алмақ. «Жобаның құны құрылыс-монтаждау жұмыстарын есепке алмағанда 1 миллиард теңгені құрап отыр. Барлық дақылдарды терең өңдейтін мұндай зауытты швейцарияның Bühler компаниясы жасайды. Біз өнім ретінде сұлыны таңдап отырмыз. Бүгінгі күні нарықта сұлыға деген сұраныс жоғары.  Сонымен бірге, сұлы біздің өңірде жақсы өседі. Қазіргі кезде, дүкендердегі сұлы қауызы ресейден жеткізіледі. Ал, біз шығаратын сұлы қауызы жоғары сапалы және экологиялық таза болады», - дейді У.Әріпов. «Заречный» ЖШС басшысының айтуынша, кәсіпорынның құрылтайшысы және бас директоры оның кіші ұлы Аманжол Әріпов. Алдағы уақытта сұлы қауызын өндіретін зауыт ғана емес, жем-азық алаңын салу жоспарда бар. Бұл өз кезегінде қалдықсыз жұмыс істеуге мүмкіндік бермек. «Сұлыны терең өңдеу технологиясы арқылы 1 тонна өнімнен 40 пайыз қалдық алынады. Бұдан бөлек, біз 1000 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын ашамыз. Бастапқы кезде 400 бас ірі қараға жоспарлап отырмыз. Егер жылына 10 мың тонна сұлы өңдесек, онда бізде 4 мың тонна қалдық қалады. Біз мұны мал бордақылағанда қолданатын боламыз. Покровка ауылымен іргелес Борисовка және Полтавка ауылдары орналасқан. Бұл ауылдардың әрбіреуінде 1000-нан астам адам бар. Тұрғындардан жас төл сатып алып, оны бордақылайтын боламыз. Кейін онда симментал және ангус сиырларын өсіру жоспарда бар. Ол үшін бізге мал азығын жасап алу қажет», - дейді У.Әріпов. Қазіргі заманға сай жабдықталған зауытта барлық жұмыстар компьютерлендірілген болады. Жоспар бойынша зауыттың қуаты сағатына 2 тоннаны құрайды. «Жұмыс уақытын 7 сағат деп алғанда, екі ауысымда жұмыс істеген жеткілікті. Зауыт ашылған кезде 20 адамды жұмыспен қамту көзделген», - деп толықтырды У.Әріпов. Қазіргі кезде, зауыт құрылысы жүргізілетін жер теліміндегі жұмыстар басталды. Алдағы бір-екі жылдың ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарда бар.  Зауыт толық қуатына шыққан кезде импорт үлесін азайтуға мүмкіндік бермек. «Әрине, біз ең бастысы ішкі нарықтағы сұранысқа жұмыс істейтін боламыз, артылып жатса экспортқа шығарамыз», - деп түйіндеді У.Әріпов.
   
inform.kz
26 қаңтар 2019 ж. 1 341 0

Қоғам

ШАРАПАТЫ МОЛ ШАРА
04 мамыр 2024 ж. 56

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031