Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА ӘЛЕМ ҚАЗАҚҚА ЕСІГІН АШТЫ

ЖАҢА ӘЛЕМ ҚАЗАҚҚА ЕСІГІН АШТЫ


Елбасының биылғы Жолдауы шын мәнінде, Қазақстанның болашақ бейнесін анықтайтын болады. Өйткені Жолдауға арқау болған «Төртінші өнеркәсіптік революция» қазірден әлем кейпін өзгертуде. Мәселен, Президент айтқан Big Data технологиясы құқық қорғау саласында болғалы тұрған қылмыстарды анықтап, адамдар мен мемлекетке төнер қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Яғни, кезінде қиял-ғажайып көрінген жайттарға жақында ел куә болады.
Бірден айта кетелік, ғаламдық технологиялық ғаламат серпіліс қазақтың «алтын бесігін» айналып өтпейді. Қайта ауыл осы керемет өз­герістердің қайнаған ортасында бо­лады. Осыны анық білдірген Ел­ба­сы бұл мәселеге Жолдауда «Ақыл­­ды технологиялар – агро­өнер­кәсіп кешенін қарқынды да­мы­ту мүмкіндігі» деген бөлімде ай­рық­ша тоқталып, оны «үшінші» жеке басымдықты міндет ретінде белгіледі.
– Мысалы, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын бол­жам­дау, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арт­тыруға болады. Жүргізушісі жоқ техника адами факторды азай­тып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді, – деген Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанда жасалған» таңбалы ауыл шаруашылығы өнімдері сапасымен әрі экологиялық таза­лы­­лығымен әлемге танылуға, табиғи азық-түлік бренді ретінде қалып­та­сып, жаһандық базар-на­рық­тардан өз орнын алуға тиістігін нықтады.
Тарихқа шола қарасақ, байыр­ғы қазақ жерінде егіншілік ең қара­па­йым түрлерінен бастап, дамудың бірнеше кезеңін бастан кешті. Енді сала кемелдену кезеңіне, яғни дамыған елдердегідей жаппай ком­пью­терлендіруге бет алды. Оның ақы­рында ауыл шаруашылығы нағыз қиялдағыдай заманға өтуі ықтимал: ол уақытта адамзатқа «жасанды ин­тел­лект» қызмет етпек және жер жыр­тып, дән егілгеннен бастап, егін жи­нап, астық пен өнімдерді дүкен және тоңазытқыш сөрелеріне дейін жет­кізу процестерін басқарады деп болжануда.
Қазіргі тілмен айтсақ, адамзат 1.0 және 2.0 қоғамдар тұсында ауыл шаруашылығы арқасында күн көрді: адамдар тек Жер-Ана бер­ген жемістерді теріп жеумен шек­­телмей, егістіктерді өңдеумен, егін егумен айналысты. Қоғам дамуы­ның үшінші кезеңінде планета тұр­ғындары ауыл шаруашылығы өнімдерін өнеркәсіптік ауқымда өндіру дәуіріне аяқ басты.
Бүгінде төртінші кезеңге – ақ­па­раттық қоғамға кіріп отырмыз. Оның барысында бар сала компью­тер­лен­ді­ріліп, цифрлануда. Бұл дәуірде елдердің өндірістік секторларының және өнеркәсібінің дамуы техно­ло­гияларының қаншалықты дамы­ған­дығына тәуелді болады. Басқаша айтқанда, «Төртінші өнеркәсіптік революцияға» немесе «Индустрия 4.0»-ге мән берген елдер екі жүзден астам тәуелсіз ел қатысатын аламан додада алға озады, қапы қалғандары қалың шаңды қабады.
Жаңа дәуірде қазақ елін ілгері өрлететін салалардың алдыңғы қатарында агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) тұр. Мұны халықаралық сарапшылар айтады. Таяуда Political Science шығарған басылымда жазылғандай, «Қазақстан – ауыл шаруашылығы өнімдерін табысты өндіруші және экспорттаушы». Қазіргі уақытта еліміз АӨК өнім­де­рін әлемнің 80-нен астам еліне жеткізеді, яғни осынша елді қазақ ауылы асырап отыр.
Бұл ретте әлем тұрғындарының саны бірте-бірте 8 миллиардқа жа­қын­дап келеді. Дамыған елдерде адам­дардың өмір сүру жасы ұзаруда. Демек, тұрғын көбейген сайын, агро­өнеркәсіптік кешеннің басты экс­порт­тық тауары азық-түлікке деген сұранысы тек өсе бермек. Сонымен бірге, «Индустрия 4.0» заманында сапалы және дәмді өнімге деген қажеттілік те артады.
Бұл жағынан қазақ ауылының алдын орар елдер кемде-кем. Мәсе­­лен, рекордтық астық жиған Ресейдің өзі қазір белгілі бір көлемде бізден астық импорттауға мәжбүр. Өйткені Мәскеудің өзінде атақты мейрамханалар мен наубайханалар дәмі тіл үйірер ас түрлерін, нан өнім­де­рін және десерттерді жасау үшін ресейлік ұнға қазақстандық қатты бидайдан алынған аса сапалы ұнды араластырады. Жаңа Зеландиядан қой және қой етін сатып алып келген араб елдері жақында оған қарағанда қазақы қойдың еті анағұрлым дәмді екенін әрі өткір иісі жоқтығын білді.
«Төртінші өнеркәсіптік рево­лю­ция­ның» туындауына жер­дегі табиғи ресурстардың таусыла бастауы да түрткі болуда. Жеті миллиардтан ас­қан адамзаттың қажеттіліктерін қана­ғаттандыру барған сайын күр­­де­лене түсуде. Салдарынан, ресурс­тар тапшылығы жергілікті қақ­­тығыстарға, тіпті еларалық со­ғыстарға соқтыруда. Демек, қазір­гі жаһан жұртшылығынан, соның ішінде қазақстандықтардан табиғат бергенді ысырап қылмай, үнемді жұм­сау ісінде сапалы серпіліс та­лап етіледі. Бұған өз Жолдауында Елбасы баса назар аударды.
– ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жал­­ғасуда. Олар болашақта жаһан­дық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерек­ше маңызға ие болады. Бі­рақ шикізат индустрияларын ұйым­дас­тыру ісін, табиғи ресурстарды бас­қаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек. Кешенді ақпараттық-тех­но­логиялық платформаларды бел­сен­ді түрде енгізу қажет. Кәсіп­орын­­дардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энер­­гия өндірушілердің өз жұмыс­та­рының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын та­лап­тарды арттыру керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті өз Жол­да­уында жаңғыратын қуат көздеріне де баса мән береді. Бұл бекер емес, жаңа өнеркәсіптік серпін дәл осы қалпына келетін энергияға құрыл­ған. Бір мысал, қолымыздағы зама­на­уи смартфондардың батарея­лары автономдық режимде, қайта қуаттаусыз бірнеше сағат қана жұмыс жасай алады. Болашақ – өздері айналадан қуат жинайтын, осы мақсатта жаңғыратын қуат көздерін пайдаланатын құрылғыларда. Елестетіңіз, далада тілдесу кезінде қалтафоныңыз өз бетінше күннен қуаттанып үлгереді. Мұның сыр­тын­да үйіңіз бен кеңсеңіздегі бар­лық құрылғылар, гаджеттер де «рәзе­ткіге» қосуыңызды күтпей-ақ, ғимарат шатырындағы қондырғылар арқылы энергиямен қамтамасыз етіледі.
Болашақтың озық аккумуля­то­рын «дүниеге әкелетін» иннова­ция­лық әзірлемелер қазірден жасалуда. Олардың кейбірі сутегі секілді қуат көзін пайдалануға негізделген. Бұл батареялардың экологияға ықпалы әлдеқайда аз. Мәселен, сериялық өндіріске шыққан Toyota Mirai жеңіл көлігі сутекті отын батареяларымен жұ­мыс жасайды, қызығы сол, 100 ша­қырым жол жүргеннен кейін ол ша­мамен жарты шелек су да өнді­реді.
2017 жылдың басында Жапония­ның Мотомачиіндегі Toyota зауы­тын­да осы отын элементтері бар алғашқы жүк тиеуші көліктер өнді­рістік процеске кіріктірілді. Был­тыр­ғы наурызда «Күншығыс елінің» астанасында Toyota FC Bus сутегі отын элементтеріне негізделген тұңғыш автобустар жолаушылар тасы­малдауға кірісті. Осы елде суте­гі энергиясын электр қуатына ай­нал­дырып, тұрғын үйлерге беретін бірқатар күш құрылғылары іске қосылды.
Бір қызығы, бірқатар дамыған елдер «4-технологиялық төңкеріс» жемістерін пайдалана отырып, «Қо­ғам 5.0»-ді түзудің қамына кірі­суде. Мәселен, өткен жылы Жапония Үкіметі осылай аталған 2022 жылға дейінгі тұжырымдама қабылдады. Оған сәйкес, бұл елде өмірдің барлық қырлары өзгеріске түсіп, барлық салаларда «ақылды» технологияларға иек артатын қоғам қалыптастырылмақ.
Осы аттас концепцияларға жүгінсек, «Қоғам 5.0»-де әлеуметтік проблемаларды шешіп, тұрақты экономикалық өсімді орнықтыру үшін физикалық және киберкеңістік тұтаса бірігеді. Әрине, цифрлық тех­нологиялардағы мұндай ау­қым­ды бетбұрыс үшін орасан зор техникалық инфрақұрылым құры­луы қажет. Сондықтан мысалға, Жапо­нияның Ішкі істер министрлігі жаңа буындағы 5G байланыс желісін дамытуға, Экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігі тиісті жаңа технологияларды әзірлеуге кіріскен.
Бұл бағытта дамыған елдер өзара кооперациялануда: «Күншығыс елі» Күнбатыстың белді елдерімен «ынтымақтастық туралы келісім» бекітті. Оған сәйкес, Германия жаңа индустрияның өнеркәсібін, АҚШ – оған қажетті интернетті, Жапония – деректерді цифрлық өңдеуге жауап беретін болады.
Қазақстан Президенті Жолда­уында «Үлкен деректерді» (Big Data) пайдалану «сапалы талдауды қамтамасыз етуге, өсімнің резервін анықтауға және артық шығынды азайтуға жағдай туғызатынына» назар аудартты. Расында, Big Data-ны қолдану өндіріс орнындағы агрегаттарға автономды түрде қи­мыл­дауға, тіпті адамның еш қаты­суынсыз-ақ, жоғары дәлдік және жылдамдықта жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Бұл технология әртүрлі сала­ларда жұмыс жасай алады. Атап айтқанда, ол өндірісті «ақылды» етуге және әрбір тауарды әр адамның жеке тілектері мен қажеттіліктеріне сәйкестендіруге жол ашады. Мұн­­дай жағдайда өндірушілер табыстарының үлкен бөлігін негізгі тауарды саудалаудан емес, сатудан кейінгі қызмет көрсетуден (after-sales service) табатын болады. Бұл үрдістің алғашқы лебін әлем сезіне бастады. Жақында Adidas әр адамның жеке сұраныстары бойын­ша кроссовкаларды 3D принтерде басып шығаратын желіні іске қосты.
Big Data құқық қорғау қызметінде де кең қолданылу перспективасына ие. Бұл бағытта, әсіресе, тағы бір Шығыс елі – Қытай алға шықты. «Аспанасты елі» тіпті қарау ниетті жандарды болашақ қылмысы үшін тұтқындауға әзірленіп жатыр.
Түсіндіре кетсек, қазір көп­те­ген елдер адамдардың бет-жүзін сәйкестендіру арқылы оның кім екенін танитын «ақылды» бейне­камераларды қолданады. Бірақ бұл камералардан сағат емес, сәт сайын алынатын алапат ауқымдағы мәліметтерді өңдеу жағы ақсап жататын. Себебі, тәулік бойғы жазбаны көріп шығу үшін сон­ша уақыт кетері сөзсіз. Енді мұн­да «жасанды интеллект» пен «нейро­желі» көмекке келеді. Олар қаладағы, елдімекендегі бет-жүзді танитын барлық бейнебақылау жүйелерінен келіп түсетін деректерді өзі өңдейді, ықтимал қауіптерді өз бетінше анықтап, дабыл қағады.
Бұған қоса, жасанды интел­лект негізінде жұмыс жасайтын және «нейрожүйелері» өз бе­тін­­ше үйренетін бұл жүйе бел­гілі бір алгоритм бойынша қала ка­мераларынан түскен бейне­жаз­баларды талдайды. Жазбаға түскен адамдардың түрлері құ­қық қорғау органдарының әр­түрлі базаларындағы адамдар фото­суреттерімен салыстырылады.
Осылайша, жүйе полиция не арнайы органдар іздеуге жариялаған адам­ды қысқа уақыт ішінде өзі та­уып, тиісті құрылымдарға ха­бар береді. Бұл құқық қорғау органдары алдынан фантастикалық мүмкіндіктер ашқалы отыр.
Осы орайда шығыстағы көршіміз бәрінен де әріге қадам жасауда: ҚХР үлкен деректерді талдау арқылы болуы ықтимал қылмыстар туралы дұрыс болжамдар жасауға және әлеуетті қылмыскерлерді табуға болады деген сенімде. Мәселен, егер адам айталық, пышақ сатып алса, бұл ештеңені бүлдірмеуі мүмкін. Егер адам бір күнде пышақ, скотч-желім, қап, күрек сатып алса, мұндай адам әлде­бір күдікті іске баруы ғажап емес. Демек, Қытайда полиция оны тауып, тексеретін болады.
Әзірге қытайлық жүйе адам­дар­ды тану бағытында үйреніп, білім жиюда. Бірақ табысы да жетерлік көрінеді. Жыл басында Шэньчжэнь қаласында елең еткізерлік оқиға елге жария етілді. Қалалық полицияға ер адам жүгініп, үш жасар қызының ұрланғанын зар қаға жеткізеді. ҚХР-да бала ұрлау қылмыстары сирек емес, бірақ бұрындары олардың ашылуы төтенше төмен деңгейде болып келіпті. Қайғыдан қан жұтқан әке күдік тудырар ешкімнің атын атай алмаған, оқиғаның қалай орын алғанын да, қызының қайда жоғалуы мүмкіндігін де айтпайды. Тиісінше, полицияның ілік етер айғақтары болмаған. «Алтын уақыт» болса, сусып барады.
Тәртіп сақшылары жедел түрде бүлдіршін қыздың фотосуретін алғызып, ол бойынша жүйенің іздеуін іске қосқан. Нейрожелі аудандық бейнекамералардың деректерімен салыстыруға кіріседі. Содан, бірнеше минут ішінде көше бейнекамерасы жазбасынан жоғалған баланы жетектеп бара жатқан белгісіз әйел көзге түсе­ді. Жүйе сол бейнежазбадан ұрлық­шы әйелдің бет-жүзін танып, сәйкестендіріп, паспорттық мәлі­мет­терін экранға шығарады.
Соның арқасында полиция дәл сол паспортқа Ухань қаласына апарар пойызға билет сатып алынғанын біледі. Бұл – Шэньчжэнь қаласынан мың шақырым жердегі шаһар. Әйелдің фотосуреті жедел түрде жергілікті полицейлерге жол­да­нады. Олар өз кезегінде қыл­мыс­керді Ухань қаласында дәл пер­ронда ұстап алып, қолына кі­сен салған. Баланы құтқару және әкесіне қайтару операциясы 15 сағат­қа ғана созылды. Егер жаңа технологиялар көмекке келмегенде, баланың кейінгі тағдыры қалай қалыптасары белгісіз еді.
«Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қа­лай іске асыратынымызды, бала­ла­ры­мызды қалай тәрбие­лей­ті­ні­мізді түбегейлі өзгертуде», – деді Жолдауында Елбасы.
Енді міне, Қазақстан мүмкіндігі мен қатерін қатар әкелер осы жаһандық өзгерістерге дайындалып, жаңғыруға ден қойды.
Айхан ШӘРІП
13 қаңтар 2018 ж. 1 064 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930