МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ БІЛІМІ ТӘУЕЛСІЗ ОРТАДА БАҒАЛАНАТЫН БОЛДЫ
Денсаулық сақтау министрлігінің Сапа жөніндегі біріккен комиссиясы денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіби даярлығын бағалауды және біліктілік сәйкестілігін растауды жүзеге асыру үшін 2017 жылдың 28 желтоқсанында «Тәуелсіз емтихан алу ұлттық орталығы» өзін-өзі реттейтін ұйымын тіркеуден өткізді.
Қайта реттеу және қызметтерді тәуелсіз ортаға беру шаралары аясында 2018 жылдың қаңтар айынан бастап Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының (ДСДРО) құрылымындағы Білімді және дағдыларды бағалау орталығы таратылды. Министрліктің баспасөз қызметі атап көрсеткендей, енді 2018 жылдың қаңтар айынан сапалы және ашық түрде (транспарентті) тәуелсіз емтихан алуға арналған халықаралық талаптарға сай әзірленген Дүниежүзілік банк жобасының аясында кіріктірілген ақпараттық жүйе (КАЖ) толық ауқымда енгізіле бастайды. КАЖ дәрігерлер мен мейіргерлер, медициналық жоғары оқу орындары мен колледждерінің түлектері, резиденттер, интерндер үшін теориялық және тәжірибелік емтихан өткізуді қамтамасыз етеді. Тіркелу, тест тапсыру және нәтижелерін есептеу адами фактордың әсерінсіз автоматты түрде жүзеге асырылады. Әр үміткер үшін күнін, сағатын таңдап, емтихан тапсыруға өтінім беруге және оның барысын тексеруге мүмкіндік беретін жеке электронды кабинет жасалады. Тестілеу нәтижелері сол сәтте-ақ тұрақты жұмыс істейтін үміткердің жеке кабинетіне жіберіледі, және оны жою немесе өзгерту мүмкін емес.
Медицина қызметкерлерінің білімдері мен дағдыларын бағалау қызметінің тәуелсіз ортаға берілуіне байланысты, осы жылдың қаңтарынан кәсіби даярлығын бағалаудан өту және біліктілік санатына сәйкестілігін растау үшін медицина қызметкерлерінен өтінімдерді үкіметтік емес ұйым – Тәуелсіз емтихан алу ұлттық орталығы qazexam.kz сайты арқылы қабылдайтын болады.
ДСДРО мекен-жайына өтінім беріп, бағалау жөніндегі қызметке ақы төлеп қойған, бірақ қызмет көрсетілмеген үміткерлер емтихан болатын күні сол жерде, немесе qazexam.kz сайтында онлайн түрде Тәуелсіз емтихан алу ұлттық орталығы ұсынған өтініштің қосымша нысанын толтырған жағдайда, белгіленген мерзімде бағалаудан өтеді.
Қабылданған шаралар тәжірибелік қызметке рұқсат ету үшін медициналық қызметкерлердің білімдері мен дағдыларын бағалау сапасын және сенімділігін арттырады, бағалау кезінде сыбайлас жемқорлық қауіптерін болдырмайды және қоғамдық денсаулық сақтауды сапасыз даярланған мамандардан қорғауға бағытталады.
Еркін ҚАЛДАН