КӨМІР ҚАЛДЫҚТАРЫН ӨҢДЕЙТІН ЖОБА ҚОЛДАУҒА ИЕ БОЛДЫ
Қарағандылық жас ғалым Nurintech жастардың республикалық инновациялық жобалар байқауында «Қазақстанның ең үздік жас ғалымы» аталымында 1-орын иеленді. Мыңнан аса жоба қатысқан байқауда Ербол Шабанов металлургия саласында ресурстарды сақтау технологиясын ойлап тапқандығы үшін жеңімпаз атанды.
Ербол Шабанов – Қарағанды қаласындағы Ж.Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының «Ферроқорытпалар және тотықсыздандыру үрдістері» зертханасының меңгерушісі. Сондай-ақ Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Нанотехнологиялар және металлургия» кафедрасында аға оқытушы болып қосымша қызмет атқарады.
Ербол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін металлургия мамандығы бойынша тамамдаған. 2013 жылы Теміртау қаласындағы Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінде «Техника және технология магистрі» дәрежесін алды. Сол жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне PhD докторантураға түсті.
2016 жылдың желтоқсанында «Қарағанды бассейнінің жоғарыкүлді көмірлерінен және жоғарыкөміртекті феррохромның електерінен алынатын алюмосиликохромның балқыту технологиясын әзірлеу» атты диссертациясын сәтті қорғады. Нәтижесінде, 2017 жылдың 26 сәуірінде Білім және ғылым министрлігіне қарасты Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен Ербол Шабановқа «Металлургия» мамандығы бойынша PhD докторы ғылыми дәрежесі берілді.
Ерболдың байқауға ұсынған тақырыбы жаһанды алаңдатып отырған экологиялық апаттың алдын алуға бағытталған.
– Байқауға «Отандық минералды шикізаттарды тиімді пайдалану арқылы алюмосиликохром қоспасын кешенді қолданудың үнемді технологиясын әзірлеу» жобасын алып келдім. Қарағанды көмірлі өлке екені белгілі. Біздің аймақта, тұтынуға келмейтін қосымша көмір түрлері басқа өңірлерге қарағанда өте көп. Ол Қарағанды облысының табиғатына зор зиянын тигізуде. Жобада осы мәселеге назар аударып, оны шешу жолдарын қарастырып көрдік. Осы жобамен айналысып келе жатқаныма 8 жыл болды. Қазіргі таңда елімізде жылына 100 млн тонна көмір өндіріледі. Нәтижесінде, өте үлкен көлемде халық тұрмысында қолданылмайтын жоғарыкүлді көмірлер түзіледі. Бұл қалдықтарды арнайы полигонда сақтаймыз. Кейіннен олар күлге айналып, аспанға ұшады. Бұл түбі табиғи апатқа алып келуі мүмкін. Түрлі әдістер қолданып, тәжірибелер жасап, зертханалық жұмыстар жүргіздік. Нәтижесінде, жартылай өндірістік жағдайда үлкен пештерде осы қалдықтардан нарықта сұранысқа ие металл алдық. Жұмыс нәтижелерін шетелдік рейтингі жоғары ғылыми журналдарда жарияладық. «Дүниежүзілік Ферроқорытпалар конгресі Infacon бар. Сол конгресте баяндама жасадық. Әлемдік деңгейдегі ғалымдар қызығушылық білдірді, назарын аудардық. Қазір патентіміз бар, – деді жас ғалым.
Ербол мұндай байқаулар жаңа биіктер мен белестерді бағындыруға ерекше күш беретінін айтып, жастарды үнемі қолдап келе жатқан Елбасы мен «Нұр Отан» партиясына шексіз алғыс білдірді.
«Зерттеу жұмыстары кезінде байқағаным, бізде ғылыммен айналысуға барлық жағдай жасалған. Соның ішінде жас ғалымдар үшін ерекше жағдай қарастырылған. Мұның бәрі – Елбасымыздың жастарға қамқорлық танытып, бұл мәселені өз назарында ұстауының жемісі. Мемлекет басшысының осындай қолдауының арқасында тегін оқып, шетелде тегін тәжірибеден өтуге мүмкіндік алдым. «Нұр Отан» партиясы өткізген байқауда 1 млн теңгеге ие болдым, бұл ғылыми жобамды одан ары жетілдіруге серпін берді. Сол үшін де отандық ғылымның өркендеуіне үлес қосуды өзімнің азаматтық борышым деп санаймын», – деді Ербол Шабанов.
Ербол үнемі ізденіс үстінде. Ол бұл байқауға құрқол келген жоқ. Осы тақырыпты зерттеу барысында бірнеше ғылыми байқаулардың жеңімпазы атанды. Жаратылыстану ғылымдары бойынша жас ғалымдардың үздік жұмыстарына берілетін Д.Қонаев атындағы премияның лауреаты. «Қазақстан Республикасының минералды шикізаттарын кешенді өңдеу ғылыми орталығы» РМК-ның 20 жылдығына арналған жас ғалымдар конкурсының жеңімпазы. Сондай-ақ «Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі АҚ жас ғалымдар арасында өткізген инновациялық жобалар конкурсының лауреаты. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде өткен байқауда «Үздік жас ғалым-инноватор» номинациясы бойынша 2, 3-орындарға ие болып, Мәскеу қаласында өткен «Металлургиялық үрдістердің физика-xимиялық негіздері» атты XIII Халықаралық ғылыми конференцияда «Үздік баяндама» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының индустриялды-инновациялық даму стратегиясының орындалуындағы ғылымның рөлі» атты VIII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның 1-дәрежелі дипломанты.
– «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған Nurintech жобасы жастарды ғылым мен инновацияға құштар қылып, отандық ғылымды жетілдіруге жол ашады. Nurintech республикалық байқауының жеңімпазы болғаныма қуаныштымын. Мұндай деңгейдегі додаға қатысудың өзі – үлкен тәжірибе. Еліміздің әр түкпіріндегі жас ғалымдармен байланыс орнатып, пікір, тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік туды, – дейді ғалым.
Естеріңізге сала кетейік, «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған Nurintech республикалық инновациялық жобалар байқауы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған болатын. Жас өнертапқыштар арасында өткен байқаудың негізгі мақсаты – ел жастарының ғылым-білімге және инновацияға деген қызығушылығын арттыру.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,