Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Асқар Сүлейменовтің қанатты сөздері

Асқар Сүлейменовтің қанатты сөздері


ақын-жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменовтің бүгін туған күні. Жазушының ел ішінде кең тарап, бүгінде қолданыста жүрген қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. * Кем талант – кемтар талант. * От пен түтін, адам мен қылмыс – жатырлас. * Ай айнасын бұлт басса, жан айнасын мұң басқан. * Әр сөздің өз ұяты бар. * Жақсы кітап – ұлттың антологиясы. * Қаланың паспорты – такси мен базар. * Бала тапқандікі емес – бала қаққан мен баққандікі. * Пытыра қазақ: шүрегей атады, өзбек – жалғыз оқ: бұлан атады. * Ұл өсіріп, қыз асырап отырмыз. * Өтірікті кешіруге болады – тек ақтауға емес. * Дін құрыса – тіл сақтайды, тіл құрыса – үн сақтайды, бәрі құрыса – діл сақтайды (иаһуди-еврейлер, мысалы). * Таранбаған әйелде – бір мекиеннің, таранған әйелде – екі мекиеннің миы бар. * Экономикалық қауіпсіздіктің мәселесі, ең алдымен, - ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі. * Келіншектің сұлу кезі – ұйқыдағы кезі. Айтып та болмас әлгінің, айтпай да болмас әлгінің тұсындағы кезі емес. Әсіресе сол кезі емес. * Қазақтың радиомаразмы: «махаббаттың сүйіспеншілігіне бөленіп...». * Неге Америкада жершілдік күшті? – Американың жершілдігі – ұлттың қынжығасында, бізде, асып кетсе – регионның. * Алға – ұмытар, берген – ұмытпайды. Қазақстанның психологиялық халі: аз да болға алғанын – ұмытпайды, мол болса да бергенін – ұмытады. Кең қолтықтың бір ірілігі. * Отау көтеріп оңаша тұрып алмай достастықтың құшағына қойып кету – саяси логика,а қиналып сыйысады. * Білмеген – мін емес, білместікке көнген – мін. * Түс – күндіз бұққан ойдың ойыны. * Қоғамның кеселінің бір емі – оған тіке қарау. * Мұқағали: -Екеумізге жүз жүрмейді. Бізге 99 не 101 жүреді. -Неге? -Біліп тұрып сұрау – Қадырдың еншісі. * Кейбір адамдардың бағасын жауының санымен де өлшеуге болады. * Мәтіннің дәмін алудың төте жолы – талмай оқу. * Оқушыны қасқыр көрген тазыдай қалтырат. * Сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегесін – тірі тіркес тумайды. Өмірдің тамыр солқылы мен сөйлемнің тамыр солқылын лингвистикалық проза ғана қоса алады. * Қазақтай психофизикалық типтің азасын «Жігердей» кемерлейтін күй, «Қаракесектей» шыңғыртар ән жоқ. * Араға адам жүргенде: менімен тілдескісі келген – менімен өзі сөйлесуі керек. * Стилі жоқтың жазғанын оқу – арпа талқанды құрғақ асағандай. Стильсіз жазушы, стилін таба алмаған жазушы – іріге еліктеп көлеңке-калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады. * Кісілігін жоғалпаса – жауыңның қайсыбір иттігін кешіруге де болады. * Тағы да стиль туралы. Мемлекетке тақырыппен, концепциямен қарсы шығар мүмкіндік қалмағанда – көмекке стиль келеді... Жаңа форма, жаңа стилистика іздеу таза эстетиканың иіріміне сүңгу, рухани пластиканы меңгеру – бұлар өзі бағынбаудың энергиясы. * Қақсауық бар, ділмар бар, оттампаз бар, шешен бар: төртеуі – төрт жұрттан. * Библияның күй басы: алдымен туған сөз еді – сол сөз «құдай» болатын. * Шын режиссура – жүрек сияқты: соққаны білінбейді. * Айша Бибінің сағанасындағы жазуды аударса – «Сүмбіле». Су суыды. Өмір – сұмдық». * Ажал келмейді – ажалға барасың. * Өнердің өмірден айырмашылығы – өнер өмірден үйренбейді. Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар. * Қанша сүмірейткенмен: ой ойнамай – сөйлем жоқ. * Ел дертті – зар шықпаа, тән дертті – зәр шықпаса. * Бабы мен бағы бұққан тұяқ та бір – ойға суарылмаған әуен мен әуез де бір: нені айту бір пара, қалай айту бір пара, кімге айту, қашан айту бір пара. * Байлық – барлық болғанда, өнер – мұрат. Байлықтан мұрат шықпаған. Ал, мұрат – тірлік. * Зады, адамның соры – өзін өзгемен өлшеуі. * Достық, ең алдымен – еркіндік. * Тірлік кешкен адамның сол тірліктен алып кетері  - жат тізені кеудесіне шығармау. * Сауалы бұйрық тектіге – солқылдақ жауап жүрмеген. * Сөз – құлын да, ой – жылқы. * Бұл ғаламда тұзақты да, тұсау-тұсамысты да туабітті танымасқа жаралған біреу бар: ол – адам. * Тәңірінің бір аты – шындық. * Адамның рухани ізденіс-сілкіністері үш-ақ сауалдың аясына сияды: А) не біле аламын? Б) не істеуім керек? В) үміт артарым не? * Өлімге бере жаным бар – пендеге берер арым жоқ. * Кәміл болу қиын, бірақ ой қашады: халық екі ұғымның құлы – кеткен мен келердің. * Жүректің соғысы – физиология, ал жүректің не қуаныштан, не үрейден барып бас алатын лүпілі – эстетика, өнер, өмірге бергісіз қайран сөз.
05 қаңтар 2019 ж. 847 0