Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алматы облысының тұрғыны 360 теңгеге автокөлік ұтып алды

Алматы облысының тұрғыны 360 теңгеге автокөлік ұтып алды


АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Түбіртекті талап ет - жүлдені ұтып ал!» акциясының қорытынды ұтысы өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Акцияның бас жүлдесі - автокөлікті Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылының тұрғыны Орынбала Кәкенова жеңіп алды. Бақытты чектің сомасы - 360 теңге ғана. «Осы акция азаматтарға бір уақытта кәсіпкерлік субъектілерінің салықтық заңнамасын сақтау бойынша қоғамдық бақылауға белсенді қатысуына және бағалы жүлделер ұтып алуына мүмкіндік берді», - деді акцияның ұтысына арналған салтанатты шарада Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов. Бірінші ынталандыру сыйлығы - теледидар Астана қаласының тұрғыны Ұлдай Ысқақоваға берілді. Екінші ынталандыру сыйлығы - планшетті Алматы қаласының тұрғыны Айнұр Оханова иеленді. «Ең белсенді салық төлеуші» номинациясында жеңімпаз ретінде Түркістан облысының тұрғыны Жанар Қозғамбаеваға планшет берілді. Ол жылдың басынан бастап, 91 мыңнан аса чек жіберген. Бұдан басқа, салық төлеушілердің бақылау-кассалық тәртібін сақтау бойынша қоғамдық бақылаудағы белсенді азаматтық ұстаным үшін Алматы қаласының тұрғыны -Антон Шинға алғыс жарияланды, мобильді телефон берілді. Еске сала кетсек, акция 21 мамырынан 30 қарашасы аралығында өткізілді.  Акцияның алты айы ішінде 30 мың адамнан шамамен 2,3 млн чек қабылданды. Чектердің басым бөлігі Алматы қаласы мен Түркістан облысынан жіберілді. Жалпы республика бойынша 300-ге жуық жүлде берілді. Айта кетерлігі, елімізде 9 айда 1,2 млн жеке кәсіпкер, 97,1 мың бақылау-касса машинасы тіркелген.    
inform.kz
27 желтоқсан 2018 ж. 960 0