Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліміздің түкпір-түкпірінде 1500 оқушы бір мезетте күй тартып, флешмоб өткізді

Еліміздің түкпір-түкпірінде 1500 оқушы бір мезетте күй тартып, флешмоб өткізді

2018 жылғы 1 желтоқсан 15:5265 Бөлісіңіз: ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қазақстанның барлық қалаларында ҚР Тұңғыш Президенті мерекесіне және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 10 жылдық мерейтойына орай  «Ұлы дала мұрагерлері» атты домбырашылар флешмобы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінде бір мезетте 1500 домбырашы қазақтың күйлерін орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ұлы дала мұрагерлері» атты домбырашылар флешмобы Петропавлда «Сити-Молл» сауда орталығында өтті. Қазақтың күйін әуелете орындаған балалар сауда үйіне келушілердің назарын өздеріне аударды. «Жалпы іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, қазақ халқының қасиетті домбырасын насихаттау. Ерекшелігі жыл санап домбырашылар саны артып келе жатыр. 70-ке жуық бала бүгін күй ойнаса, 150-ге жуық оқушы мен мектеп қызметкерлері, ата-аналар оны көруге келді», - дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазы Бақыт Нұрышева. Флешмобқа қатысушылар Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын» және Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» мен «Әлқисса» күйлерін орындады. «Қазақтың өрімдей ұл-қыздары қолдарына қазақтың домбырасын алып, сауда үйінде қазақтың ән-күйін әуелетіп жатыр. Тамаша көрініс. Рухыңды көтереді. Ұлтымыздың өнеріне деген сұраныстың артып жатқаны, жастардың оған ден қойғаны әрине жақсы. Сауда үйінің үшінші қабатында кетіп бара жатып, домбыра үнін естігенде, еріксіз сол жаққа қарай бет алдым. Көңілімді бір көтеріп тастады», - дейді Петропавл тұрғыны Зейнеп Аманжолова. Зияткерлік мектеп Петропавлда 2015 жылы ашылды. Дарынды балалардың басын қосқан білім ордасы оқушыларының тәрбиесіне де аса мән береді. Ал, қазақтың домбырасы мен күйлерін насихаттауды мақсат еткен шараны оқу орны осымен төртінші жыл қатарынан өткізіп келеді.

inform.kz
01 желтоқсан 2018 ж. 818 0