Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапалы қызмет ел игілігі үшін

Сапалы қызмет ел игілігі үшін


Адам өмірі – ең басты құндылық саналатын бүгінгі қоғамда ғылымның барлық саласы қарыштап даму үстінде. Осыдан 20 жыл бұрын тіпті, атауы да таныс емес технологиялық құрылғылар бүгінгі заманғы инновациялық жобалардың нәтижесі. Бұл жаңашылдық екпіні әсіресе, бүгінгі медицина саласында ерекше қарқын алып отыр.
Міндетті медициналық сақтандыру, озық емдеу-диагностикалық кешендері, көліктік медицина, медициналық авиациа, ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасының жаңаруы – «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының нәтижесі екені барлығымызға да аян.
Медицина саласының тағы бір жаңалығы аудан тұрғындарын жуық арада сапалы қызметімен қуантары анық.
Сөзімізді нақтылар болсақ, қарашадан бастап ауданымызда жоғары санатты дәрігер Алмат Күздеубаев соңғы үлгідегі «CHISON» УДЗ құрылғысы арқылы халыққа қызмет көрсете бастады. Жаңартылған заманауи технологиялық бағдарламалармен жабдықталған аппарат рентген сәулесі арқылы көрінбейтін тізе, жамбас буындарында кездесетін ауру түрлерін көрсету мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, заманауи медициналық құрылғы жүктілікті 4D режимде тексере алады, яғни, құрсақтағы балаларда пайда болатын ақауларды (дауна, қоянжырық, т.б) ерте мерзімде анықтайды, тағы бір артықшылығы қалқанша безі мен сүт безіндегі түйіндердің қатерлі немесе қатерсіз екендігін анықтай алатын эластрография бағдарламасымен жабдықталған. «CHISON» УДЗ құрылғысы ЭХОЭНЦЕОРАЛОГРАФИЯ бас миы қан тамырларындағы қысымның жоғарылауын (внутричерепная гипертензия) көрсете алатын мүмкіншілігімен де ерекшеленеді.
Білікті дәрігер Алмат Орманбекұлы №46 А.С.Пушкин атындағы мектептің түлегі, Қарағанды медициналық институтын тәмамдаған. «Қазатомөнеркәсібі» Демеу ЖШС қарасты медициналық-санитарлы бөлімінде 10 жылдан аса жұмыс жасаған жоғары санатты дәрігер медицинаның түрлі саласында білімін шыңдап, халық игілігі үшін қызмет жасауға әзір екендігін баяндады. 2012 жылы Екатеринбург қаласында қан тамырларды ультра дыбыстық зерттеу әдісі, 2013 жылы Мәскеу қаласында ортопедия, тізе, жамбас буындарының ультра дыбыстық зерттеу тәсілін, 2014 жылы Барнауылда жүрек ультра дыбыстық тәсілі бойынша білімін жетілдірген жерлесіміз бүгінде Англиядан шыққан заманауи құрылғы арқылы аудан халқына сапалы медициналық көмек көрсетуді мақсат етіп отыр.
«Бәсекеге қабілеттілікті арттыру – бүгінгі заманның талабы. Қазақстанның әрбір азаматы бәсекеге қабілетті болуға міндетті. Бәсекелестік бар жерде – инновация, новаторлық, яғни, жаңашылдық болады. Ал, жаңашылдық бар жерде сапа болатыны сөзсіз. Бүгінгі таңда медицина саласының қызметкерлері тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесіне жаңа жобаларды нәтижелі енгізіп жатыр. Халықтың игілігі үшін ұсынылып отырған жұмысымның нәтижесі алдағы уақыттың еншісінде екеніне сенімім мол, – дейді ақ халатты абзал жан.
Ендеше, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп, жаңаның жаңалығын танып көруге асығайық.

Айнұр НАЗАРОВА.
Суретті түсірген Б.БӘЙІМБЕТ.
20 қараша 2018 ж. 1 295 0