Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көтеріңкі көңіл – студенттік өмір

Көтеріңкі көңіл – студенттік өмір


Уақыт пен бақыттың құны білгенге маржан, білмегенге арзан. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін, адамның есте қалар ерекше кезеңі студенттік шақ. 17 қараша бүкіләлемдік «Студенттер күні» болып тойланады. Бұл мерекеден аудандағы индустриалды-аграрлық колледжі де шет қалмады.
Студенттік кезеңде қулық-сұмдық пен әлі танысып үлгермеген балаң үміттер үлкен қадам жасап, арнаулы және жоғарғы оқу орындарға арман қуып барады. Әдетте, олардың жанында ата-анасы бас-көз болып жүріп, баласын жатақханаға не пәтерге орналастырып барып бір-ақ кетеді. Аумағы мен халық саны көп болмаса да, ауданымызда бұл жайттар жалғасын табуда. Кезіндегі СПТУ қазір адам танымастай өзгерген. 60 жылдық тарихы бар Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі бұл күні облыста өз орны бар іргелі оқу орнына айналды. Ауданның бетке ұстар азаматтары да осы оқу орнынан түлеп ұшқаны белгілі. Бұл күні 10 мамандық, 42 біліктілік бойынша барлығы 439 білім алушы толықтай шәкіртақымен қамтылған. Алыс ауылдардан келген 109 студент жатақханамен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда 34 оқытушы, 32 шебер жұмыс жасайды. Қандай мерекелік күндер болса да, атаусыз қалмайтын оқу орны «Студенттер күнін» жылдағыдай дәстүрмен атап өтті. Шараға өнерлі студенттер, жайдарманшылар, әншілер, бишілер белсене қатысты. Ән-бимен шектелмей, спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Қазақтың ұлттық ойындары асық ату, ләңгі тебу, аударыспақ және арқан тартып, өзара мықтыны анықтады. Колледждің өнерлі студенттерімен білімнен, спорттан үздік шыққан жастарды колледж директоры М.Дүйсенов арнайы алғыс хатпен марапататтап, үздік бітіріп шығуларына сәттілік тіледі.

Бекжан Ержігіт.
20 қараша 2018 ж. 2 236 0