Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлік даңқы – мәңгілік

Ерлік даңқы – мәңгілік


Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Табысты болудың ең іргелі басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қасында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деген болатын. Білім саласына ерекше басымдылық беріп, жастардың білім-біліктілігін жетілдіріп қоймай, тәрбие мен тәлімді қатар сіңдіріп, жарқын болашаққа барлық жағдай жасауда.
Жаңарған ғасырда Қазақстан жастарын болашаққа бастау жолында тәрбие жұмысының маңызы зор. Осы ретте, Шиелі индустриалды-аграрлық колледж­і тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын тік ұстап, болашаққа нық қадам басуына басты бағыт беретін тәрбие жұмыстарын жан-жақты дамыта отырып, студенттермен түрлі шаралар өткізіп келеді. Жуырда аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастар ресурстық орталығы және «Кәусар» мамандар орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен колледж қызметкерлері, ауған соғысының ардагері Қайрат Әбсаттармен кездесу өтті.
Шара барысында ардагер соғыс жылдарындағы бас­тан өткен оқиғаларын баяндап, жастарды Отанының патриоты болуға шақырды. Өз кезегінде жастар кеш қонағына ән-жырларын арнап, сыйлықтарын табыстады.
Осылайша, білім ордасының жастары батылдық пен ерлік, қаһармандық пен патриоттық сезім баяндалған кештің куәгерлеріне айналды. Ардагер рухына, жігеріне тәнті болған олар шараның мазмұны мен мақсатына бойлағандай.

Ж.Нұрғалиева.
20 қараша 2018 ж. 2 479 0