ОНЛАИН –ТІРКЕЛУ ТИІМДІ
Мемлекет межесі – озық отыздыққа ену. Мақсаты айқын, бағдарламасы да дайын. Ол «Цифрлы Қазақстан» деп аталады. Биылдан бастап, жүзеге аса бастаған бұл құжаттың қоғамға тигізер пайдасы зор. Оған қоса, Жолдауда жүктелген басымдықтың барлығы да сандық жүйеге негізделген.
Елімізде цифрландыру жүйесі бойынша қай салада болсын ілгерілеушілік бар. Соның бір айқын дәлелі – кезекте тұрған тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, үйде отырып, онлаин режимде жаңа тұрғылықты жеріне тіркеуге тұра алады. Ол үшін тіркеуге келісім берген тұрғын үй иесі мен өзінің электронды сандық қолтаңбасы болса болғаны. Бұл жөнінде бізге мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартқа енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде аудандық ішкі істер бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Ұлан Мырзабаев түсіндіріп берді.
Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында цифрландыруға баса назар аудару керектігін атап өткен болатын. Бұл бағытта ішкі істер министрінің бұйрығымен «Қазақстан Республикасының азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты қолданысқа енді. Жаңа өзгеріске сай, жаңа тұрғылықты жеріне тіркелген кезде, Қазақстан Республикасының азаматтарын бұрынғы тұрғылықты тіркелген жерінен тіркеуден шығару автоматты түрде жүзеге асырылады. Толықтыру енгізілген стандартқа сай жеке тұлғаны сәйкестендіру үшін тұрғын үй иесінің жеке басын куәландыратын құжаты және мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына қосымшаға сәйкес нысан бойынша тұрақты не уақытша тіркеуге оның келісімі болуы керек.
«Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 492-бап «Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру» 1 тармағы бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының күнтізбелік он күннен бір айға дейінгі мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тiркеусіз тұруы – ескерту жасауға әкеп соғады. Ал, 2 тармағы бойынша жеті айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» – деді Ұлан Өмірзақұлы.
Иә, түптеп келгенде, тіркеуге тұрмаған айыппұл арқалайды. Сондықтан, заңға сай әрекет етіп, ертерек қамданғаннан ұтыларымыз жоқ.
Қайрат Исмаил.