IT САЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Алматыда Сулейман Демирель университетінің мұрындық болуымен Массачусетс технологиялық институтының (MIT)стандарттарына сәйкес IT технологиялары саласындағы алғашқы пилотты білім беру жобасы бастау алмақ.
Пилоттық жоба аясында 2018 жылдың қаңтар айының 8-30 аралығында АҚШ және әлемнің ең үздік техникалық жоғары оқу орнының студенттері жоғары сынып оқушыларына, жоғары оқу орнындардың инженерлік факультеттерінің студенттеріне және IT саласында ісін дамытып жүрген бизнес өкілдеріне арнайы шеберлік сағаттары мен дәрістерін өткізеді.
Білім беру жобасы тыңдармандарға IT саласының қыр-сырын таныстырып қоймай, сондай-ақ жаңа технологиялардағы соңғы, әрі сұранысқа ие жаңа бағыттарды меңгеруге мүмкіндік береді. Өз кәсібін дамыту үшін ізденісте жүрген компания өкілдеріне арнайы бизнесті дамыту тетіктері, маркетинг, командалық жұмыс сынды арнайы бағдарлма бойынша курс әзірленген.
Шақырылған менторлар – АҚШ пен әлемге танымал көшбасшы техникалық жоғары оқу орны MIT-дің белді студенттері Кайл Швансон мен Мартин Каррика.
Шеберлік сағаттары мен тренингтер оқушылар мен студенттер үшін СДУ кампусында, ал бизнес өкілдері үшін Алматы SmArt.Pointковоркинг-орталығында өткізіледі.
Курстан өту үшін http://sdu-mit.tilda.ws/сайтында алдын ала тіркелу қарастырылған, әрі курс бағдарламы көрсетілген. Дәріс ағылшын тілінде өтеді. Курс соңында тыңдармандар MIT стандартарына сай арнайы сертификаттарға ие болады.
Айта кеткен жөн, СДУ Массачусетс технологиялық институтымен екіжақты серіктестікті нығайту мақсатында ауқымды жұмыс жүргізуде. Алдағы уақытта басқа да сұранысқа ие салалар бойынша білім беру жобалары жүзеге асырылмақ.
Еркін ҚАЛДАН