Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 12 жастағы вундеркинд

12 жастағы вундеркинд



Қазақстандағы ең жас студент Абзал Мырзаш алғашқы семестрін үздік тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 12 жастағы вундеркинд қазір Қазақ-Британ техникалық университетінің Ақпараттық технологиялар факультетінің 1-курсында оқып жатыр. «СҮЙІНШІ! Қазақ-Британ техникалық университетінің ең жас студенті, 12 жастағы вундеркинд Абзал Мырзаш алғашқы семестрін үздік бітіріп және алғашқы сессиясын үздік тапсырып, қысқы демалысқа шықты», - деп жазды Фейсбуктегі өз парақшасына Абзалдың әкесі Дәуренбек Нысанов. Абзал бірінші курста ақпараттық-комуникациялық технологиялар, компьютерлік сәулет, физика, инженерлерге арналған желілік алгебра пәндерін оқыды. ҰБТ-дан 117 балл жинаған Абзал IELTS сынағынан да сертификатқа қол жеткізген. Мемлекеттік гранты бар ең жас талапкерге еліміздің 4 ЖОО-сы таласқан. Зерек оқушы Массачусетс технологиялық  университетіне түсуге ынта білдірген екен. Шетелдік университет баланы қабылдауға да әзір болған. Алайда, 14 жасқа дейінгі талапкерлерге отбасымен бірге Америкаға көшу шарт болғандықтан, отбасы бұл жоспарды кейінге қалдырған. Төрт оқу орнының ішінде Абзалдың таңдауы Қазақ-Британ университетіне түскен. «Абзал 8 сабақтан емтихан тапсырды. Барлық пән бойынша жоғары балл жинады. Оқытушылардың барлығы баламның талабын жоғары бағалап жатыр. Сессияны жақсы бағамен жауып, қысқы каникулға шықтық. Онда да бос отырмай, барлығымызды ағылшын тіліне үйретпек», - деді анасы. «Вундеркинд» бала 3 жасына жетпей-ақ, әріптерді қосып оқи бастаған. Ал 4 жасында екі таңбалы сандарды көбейтуді меңгерген. Ерекше қабілетінің арқасында ол 3, 5, 7, 9, 11-сыныптарды ғана оқып, небәрі 7 жылда 12 жасында мектеп түлегі атанды. Сондай-ақ Абзал Мырзаш халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы.  

inform.kz
17 желтоқсан 2017 ж. 1 845 0