Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағайлардың аздығына алаңдаймыз

Ағайлардың аздығына алаңдаймыз


Қазақ әдебиеті мен тарихына үңілер болсақ, қылышынан қан тамған патша өкіметі тұсындағы ағартушылар, одан қалды Алаш арыстарының өмір-тарихын оқысаңыз, барлығында бірдей «сауатын алғаш ауыл молдасынан» ашқан деген тіркесті кездестіруге болады.
Мысалы, Ыбырай Алтынсаринді алайық, ол да алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашып, соның арқасында 1850 жылы Орынбордағы қазақ-орыс мектебіне оқуға түссе, Абай да ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Семейдегі «Ахмет Риза» медресесінде оқығандығы жөнінде айтылады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов, сол сияқты ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев ауыл молдасынан хат таниды. Бұл тізімді жалғай берсек, Міржақып Дулатов та осы жолмен жүріп, екі жыл оқығаннан кейін, 1897-1902 жылдары орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алған екен. Ілияс Жансүгіров, Халел Досмұхамедов, Сұлтанмахмұт Торайғыровты алғашында Мұқан дейтін ауыл молдасы оқытса, танымал ғалым Қаныш Сәтбаевтың да алғашқы ұстазы ауыл молдасы болыпты. Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов тіпті, Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлы да алғашында ауыл молдасынан оқып, арабша хат таныпты. Біз бұл жолдарды не үшін келтіріп отырмыз? Міне, тақырыптың тұздығы осы болмақ.
Қазақ халқының маңдайына біткен асыл арыстарының барлығының дерлік сауатын ер адамдар ашқан. Яғни, бүгінгі тілмен айтқанда ер мұғалімдер. Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сүйенсек, елімізде орта мектептерде жұмыс істейтін мұғалімнің басым пайызын әйел­дер құрайды екен. Ал, аудан кө­ле­мінде ұстаздардың 83 пайызын әйелдер құрайды. Оны өзіміз де күнделікті көріп жүрміз. Тіпті, дене шынықтыру пәндерінен де қыз-келіншектер сабақ беретін болды. Жалпы, бала тәрбиесіне ер азаматтардың араласпауы дұ­рыс па? Бұл бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Психологтардың айтуынша, қазіргі ер балалардың жаратылысы өзгерді: «қыз мінезді» жігіттердің көбеюі, ұлдарымыздың ұсақталып кетуі, босбелбеу, бойкүйездердің санын арттыруы осы себептен екен. Мәлік Ғабдуллин өз сөзінде «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті, сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деген екен. Демек, психологтардың айтқан пікірін осы тұста ескерсек болады. Мектепте қылмыстың белең алуының да бір себебі, осы – ер мұғалімдердің аздығынан көрінеді. Ал, мектептерде ер азаматтар неге аз? «Ағайлардың» аздығының ұрпақ тәрбиесіне кері әсері және проблеманы шешудің жолдары қандай? Әңгіме өзегі – осы.
Сонымен, Тәуелсіздік алған жылдары еліміз ауыр жағдайды бастан өткерді. Әрине, бұл білім беру саласын да айналып өткен жоқ. Мұғалімнің қадірімен қатар жалақысы да азайды. Мәртебесі төмендеді. Сол кезде тұрмысты түзеу үшін мектептердегі ер азаматтардың басым бөлігі жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Бірқатары сауда жасауды жөн көрсе, бірсыпырасы басқа жалақысы көп салаға кетті. Содан кейін ол ер азаматтар мектепке қайта оралған жоқ. Мұғалім болуды мақсат тұтатын жігіттер де азайды. Мектеп білім беретін ғана мекеме емес, сондай-ақ, тәрбие ошағы екендігі даусыз. Ал, әр тәрбие беретін шаңырақта отбасындағы сияқты әйелмен қатар ер-азаматтардың болуы қажет. Бұл жас ұрпақтың білімді болуымен қатар, көргенді, тәрбиелі, әдепті болып өсуіне оң ықпал етеді. Ер адам аз сөзбен-ақ, қас-қабақпен-ақ көп нәрсені ұғындыра алатындығын мойындауымыз қажет. Ер мұғалімдердің көбірек болуының тағы бір артықшылығы, ұятты, ар-намысты жоғары қоятын қыздар көбейіп, ер балаларымыз ер-азаматтарға қарап бой түзер еді-ау. Сөз жоқ, солардай болуға талпынады. Киім киюді, өзін ұстауды, сөйлеу мәдениетін үйренеді. Ер мінезді, өр мінезді, намысшыл боп тәрбиеленеді. Әсіресе, жоғары сыныпта оқитын балаларға ер мұғалімдер көбірек сабақ беруі керек секілді. Отбасылы болғанда да зор жауапкершілікті сезінуге септігі тиетіні сөзсіз. Соңғы кездері Отан алдындағы борышын өтеуден тайсалып, тұрмыстағы қиындықтарды шешудің жолын таппай, ауырдың астындағы, жеңілдің үстіндегі жолды таңдайтын жігіттердің қарасы көбеюде. Сөзінде тұрағы жоқ, екі жүзді жандармен де өмір жолында түйісеміз. Қысқасы, ер мұғалімдердің тапшылығы ұрпақ тәрбиелеуде өз салдарын тигізбей қоймайды. Әрине, бұл ретте мектептегі әйел мұғалімдердің еңбегін, тәрбиесін жоққа шығарып отырған жоқпыз. Айтайын дегеніміз, әйел қанша мықты болғанымен, ер адамның тәрбиесін алмастыра алмайды. Өйткені, ұл балалар үшін әке қандай қажет болса, ер мұғалімдердің де сондай маңызы болмақ. Бүгінде бала уақытының басым бөлігі мектепте өтетіндіктен, аталған мәселе мәйекті-ақ. Мүмкін, ұстаздық қызметке, басшылық қызметке ер азаматтарды көбірек тарту керек болар. Бұл бағытта қандай да бір бағдарламалар жасалуы керек шығар. Жалақысының жоғарылығымен қызықтырып, насихат жұмыстарына назар аударармыз. Не десек те, ұрпағымыз ұлағатты, ер-жігіттеріміз батыл да батыр, қайтпас қайсар, өжет болсын десек, бұл мәселеге жете қарап, ер-жігіттердің пе­дагогикалық бағытқа қы­зығушылығын арттырып, әйел мен ер мұғалімнің деңгейін теңестіру кезек күттірмейтін мәселелердің қатарына енуі керек.


Дина ЖҮСІПОВА.
23 қазан 2018 ж. 938 0