ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕНДЕР
Кешегі Кеңес үкіметі кезінде қайнаған еңбектің ортасында жүрген жандар бүгінде абырой төренде. Сондай айтулы абыз аналар туралы сөз қозғауды жөн санадым. Олар сексеннің сеңгіріне шыққан Алғабас ауылының асыл аналары Ш.Мейрамбаева мен П.Қуандықова, Б.Барлыбаева атты ардагерлеріміз. Ерлермен қатар еселі еңбек еткен жандар қақаған қыстың суығында, ми қайнатар ыстықта, бала-шаға қамы үшін таң алагеуімнен ауыл шетіндегі фермаға келіп, 20-25 сиырды күн шықпай-ақ, сауып бітетін. Сонысымен ел ырысын арттырып, ағайынның ауызын аққа тигізіп, молшылық пен тоқшылықтың орнауына өз үлестерін қосып жүруші еді және мұнысын еш міндет етпейтін. Қарапайым қалыптарын сақтаған қарт аналар туралы болашақ жастар білсе деген ниетпен аудандық «Өскен өңір» газетіне мақаламды жолдадым.
Біздің жастық шағымыз қайнаған еңбек қоғамымен біте қайнасқан еді. Ол заманда үйде қол қусырып бос отыру қол-аяғы бүтін, дені сау адамға жараспайтын. Ер азаматтар мен қатар қыз-келіншектер де таң қылаң бергеннен күн батқанша еңбек ететін. 70-80 килограммдық қапты қайыспай көтеріп кете беретін ер мінезді, шаршау дегеннің не екенін білмейтін нәзік жандылардың сол кезде бейнетін бүгінгі жастарға айтсақ аңыз секілді. Менің мақалама арқау болған алғабастық абыз аналардың еңбегі ертегі емес. Еңбегімен ел аузында жүрген бірі айдай аппақ, енді бірі бидай өңдінің әдемісі күлгенде маржандай тістері жарқ ете қалып, ауыздары әннен қолдары жұмыстан босамайтын келіншектердің еңбегі елеусіз қалмады кезінде. Қабақ түйіп, шаршағанын білдірмейтін неткен төзімді, шыдамды еді. Таң алагеуімнен келіп, фермадағы сауынға кірісіп, сауып алған шелек-шелек сүттерін флягтарға көз ілестірмей құйып, зыр жүгіріп жүрген көріністер тура бір ертегідей көрінетін. Жұрт бір сиыр сауғанда 3-4 сиырды сауып үлгеріп алдына жан салмайтын. Жылына әр сиырдан 1200-2000 литрдей сүт алатын Шәуен мен Патшагүл апайлардың тіршілігін айтып тауыса алмайсың. Шәуен Мейрамбаева 1937 жылы дүниеге келген. Жастайынан еңбекке жақын ол 1957 жылы Алғабас ауылына (бұрынғы Ленин атындағы колхоз) Әбділда ағамызға тұрмысқа шығып, еңбек жолын осы ауылдан бастаған. Еңбекқор ә, дегеннен-ақ, өзінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі көріне бастады. Осы салада 30 жыл еңбек еткен Шәуен апай көп биіктерді бағындырды. 1983-1986 жылдары 4 жыл қатарынан «Таңдаулы сауыншы» атағын жеңіп алған. 1966-1979-1980 жылдары облыстың «Озат сауыншы» атағын, 1985 жылы социалистік жарыстың жеңімпазы, үш дүркін ауылдық кеңестің депутаты, бір рет облыстық кеңестің депутаты болып, құрметке ие болды.
Ал, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл, жүрген жерін көңілді етіп, жарқыратып жіберетін еңбекке ерте араласқан Патшагүл апаның орны тіптен бөлек. Ол, осы колхозға келгенде фермада жеті ғана сауыншы болған екен. Колхоз бастығы Әзімхан Исмайлов жас келіншектің ынтасын танып, бірден қабылдаған. Әрбір сиырдан 3,5 литрден сүт сауып, бәйгенің алдын бермеген Патшагүл Қуандықованың еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 1976-79-81-85 жылдары социалистік жарыстың жеңімпазы төсбелгісін, 1978-1980-1984 жылы «Үздік маман», 1980 -1984 жылы «Үздік сауыншы», 1979-1985-1987-1989 жылдары аудандық советтің депутаты, 1982 жылы Қызылорда облыстық советінің депутаты болып сайланды. 1978 жылы «Еңбек Даңқы» орденімен, 1984 жылы «Мастер животноводства первого класса» куәлігі, 1980 жылы В.И.Лениннің 110 жылдығына мақтау қағазымен марапатталған. Көптеген бағалы сыйлықтарға ие болған. Алты қыз екі ұлды тәрбиелеп, 33 немере 28 шөберенің ортасында бақыттың базарын армансыз аралап жүрген асыл әже.
Біздің тағы бір еңбекпен еңсесін тіктеген кейіпкеріміз 11 баланы дүниеге алып келген Барлыбаева Бақтыгүл апай. Жасы сексен үшке келсе де өткен уақыттың әрбір сәтін жыр етіп айтып отыратын жанның бірі. Жады мықты. Бейнетінің зейнетін көріп отырған жан. Бұл кісі 1959-60 жылдар аралығында канал қазып, кетпен шауып егін еккен. Сол жылдары бригадир Өксікбай Қамысбаев, есепші Әбіл, Жексенбай Әбдрамановтар, бірге канал шапқандар Қамбарбек Шүленбаев, Нұркүл Қалымбетова, Сапаркүл Әлтаева сынды құрбылармен жұмыстас болғанын ылғи да есіне алып отырады. 1987 жылға дейін ірі қара фермасында бұзаушы болып «Озат бұзаушы» деген атақ алған. 1987 жылдан бастап 12 жыл Телікөлде қой баққан. Осы жылдар арасында іркес-тіркес 13 баланы дүниеге әкеліп, батыр ана атанған. 1990 жылы «Еңбек ері» медалімен 1979-81 жылдар ауылдық советінің депутаты, 1981-83 жылдар аудандық советінің депутаты, 1984 жылы аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып, халыққа қызмет жасаған жан. Бұл күнде 40 немере 34 шөбере сүйіп отырған ағайын-туысының құрметіне бөленіп отырған мейірімді әже. Иә, бұлар үшеу ғана емес еді. Бұлармен қатар жүріп, ел құрметіне бөленіп, жастайынан ат жалында ойнаған, бәйге шауып, ат мінген. Ерлермен қатар қызмет етіп, фермада сауында сауған, бұзауда баққан Үміткүл Әбішбаева, бойына ақындығы мен әншілігі қатар дамыған Биғанша Нысанбаева, бұла күші бойына біткен Қаратай Жолдыбаева, жаңа түскен келіндей сызылған Мүгілшін Әбілдаева, аузында әзілдің ұясы бар Раушан Нақыпбекова, Наужан Бегайдаровалар сауын фермасында көңілді еңбек етіп, сүт бұлағын ағыза жүріп, қосыла ән шырқағанда ферма іші шағын театр секілді көрінетін. Бұл бір қызықты күндер еді. Өткеннің еншісінде кеткендей. Осы жылдары басшы қызметін атқарған Әзімхан Исмайлов, Төлес Апбасов, Шәзәтхан Қалымбетов, Мұхаметжан Рахметов, ферма меңгерушілері Кәден Раев, Өтепберген Ермаханов, Молдабек Нұрмышев, Әбекен Тоғызбаев, Алтынбай Боранбаев, Әріпхан Жақыповтардың әділдігі мен шыншылдығы арқасында қарапайым еңбек адамдарының осынша құрметке ие болғандарын мақтанышпен еске алады. Әсіресе, колхоз бастығы Әзімхан Исмайловтың мына бір сөздері «дастарқандары астан, қазандары оттан түспейтін Патшагүл мен Шәуеннің қою сүт қосылған күрең шайымен, сары май салып жапқан қазанжаппасынан келген кісілер ауыз тимей кетпеуші еді» деп ризашылығын білдіріп, айтып жүруші еді. Иә, осы салада 30 жылдан астам еткен еңбек пен төгілген маңдай тер текке кеткен жоқ. Бұл кісілердің алған асулары мен шыққан биіктері ауыл жұртының жадынан әлі өше қойған жоқ.
Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді дегендей, әлі де сол әдемі қалыптарынан таймаған бір-бірімен телефон арқылы хабарласып, шайға шақырып өткен-кеткендерін еске алып өмірлеріне дән риза болып жүрген осындай дара тұлғаларға бір-бір кітап жазса да аз болар еді.
Тірлігінде қадірін арттыру маңайында жақсы жандардың жүруі орнымен үлкендікті алып жүру бұл – әдемі қартаю деген сөз. Міне, жоғарыда аты аталған жандар осы қағиданың кейіпкерлері. «Өзіңді өзің жаттай күт, жат бойыңнан түңілсін» деген халық даналығы тегін айтылмаған. Арамызда жүрген асылдарымыздың мерейін үстем етіп, баласы – бұл менің анам, немересі – бұл менің әжем, замандасы – бұл менің құрбым деп аттарын естігенде марқайып, кеудесін көтере бейне бір биік таудың басына шыққандай, ләззат алатындай паш етіп отырсақ бір-бірімізге жасаған қызметіміз бен баға жетпес сыйымыз болар еді.
Өзіміздің сүйікті басылым, аудандық «Өскен өңір» газеті еңбек адамдарын насихаттап, бүгінгі кәсіп иелері туралы әр нөмер сайын қызықты мақалаларын жариялап отыр. Еңбек майталмандарын ел танып, сүйсініп жатыр. Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамын» құру жөніндегі айтқан сөзі бар. Еңбекті, қарапайым еңбек адамдарын қалай құрметтесек те жарасады. Сондықтан бүгінгі менің мақалама арқау болған жандардай басқа да ауыл-аймақтарда заманында еселі еңбегімен елге жаққан ардагерлер көп-ақ. Осы мақала арқылы аудандағы барша ардагерлер кеңесі мен әйелдер кеңесі төрағаларын өз ауылдарындағы көзі тірі еңбекпен танылған ардагерлерін газет бетінде насихаттауды, сол арқылы өз ауылдарындағы жастарды еңбек сүйгіштікке шақыруды, осындай еңбек адамдарын үлгі етуді ұсынамын. Елдің, жұрттың, болашақ ұрпақтың тәрбиесі баршамыздың міндетімізге жатады. Ардагер ағалар! Аналар! Замандастар!!! Менің осынау үндеуімді жауапсыз қалдырмай үн қосуларыңызды сұраймын.
Айжамал Әбдіхамитқызы,
зейнеткер.