Оқу орындарына талап күшейеді
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің барлығы – білім, оқу мен тоқу арқылы жасалған. Білім алу сипаты алуан түрлі екенін ескерсек, заманауи білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті, жан-жақты, көп тіл білетін маман дайындау. Осы орайда, білім саласы ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Мұндай қамқорлықты Елбасы Ақордадағы "Басты басымдық – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру" тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауында атап өтті. Сөзімізді нақтылар болсақ, еліміздегі ЖОО -на қойылатын талаптың күшейтілуі қажеттігін алға тартты. Онда қолына дипломын алып шыққан студенттің жалақысы жоғары жұмысқа қабылдануы, қабылданбауы ол бітірген университеттің білім деңгейін көрсететіндігін, диплом алып, жұмыссыз жүрсе, демек, сол университетке деген сұраныстың төмендейтінін тілге тиек етті. "Жоғары білім саласында оқу орындарына талаптар қатая түседі. Гранттардың санын өсірдік. Ендігі кезекте жауапкершілікті арттыратын уақыт келді. ЖОО-ның табыстылығының басты талабы – оқу біткеннен кейін студенттердің жұмыспен қамтылуы, олардың жоғары айлығы бар жұмысқа орналасуы. Университетті бітіргеннен кейін түлектерді айлығы жақсы жұмысқа қабылдады ма? Солай болса, демек, университет мықты деген сөз. Олай болмаса, бұл университеттің өміршеңдігі де жоқ. Ол университетке студенттердің түспейтіні анық», – деді ҚР Президенті Н.Назарбаев. Осылайша, нарықта тек жоғары білім бере алатын ЖОО-дар қалуы керектігін баса айтты.
Бұл дегеніміз, жоғары білімнің сапасы ең талғамды талаптарға сай болып, оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің қатарына қосылуға талпынуы керектігі деген сөз. Бұл жолдар қазақстандықтардың әрбірінің көкейіне қонды деп айта аламын. Өйткені, тәуелсіз ел тірегі –білімді ұрпақ. Айта кету керек, Тәуелсіздік орнағалы бері осындай қамқорлықтар мен талаптың үйлесуі арқасында білім саласына батыл бетбұрыстар жасалып, оң өзгерістер өмірге келді.
Талғат БӨПЕЖАНОВ.
Аудандық білім бөлімінің бас маманы.