Тұқым қуалайтын сырқатқа шалдыққан ақтөбелік жан көмекке мұқтаж
Сирек кездесетін ауруға шалдыққан жалғызбасты әйелге жан-жақтан көмек көрсетіліп жатыр. Ақтөбелік Инна Рокина жетімдер үйінде тәрбиеленген. Екі баласының да мүгедектігі бар. Әйелдің тағдыры туралы әлеуметтік желі арқылы білгендер көмек қолын созуда. Қазір Инна 2 баласымен пәтер жалдап тұрады. Инна балаларының қысқы киімін дайындап қойыпты. Қамкөңіл жанға көмектесуге ұмтылғандар қолында барын әкеліп жатыр. Жетім өскен келіншек 10 жылдан бері пәтер кезегінде тұр. Арманындағы баспанасын әзір алмасын түсінгеннен кейін, өз күшімен қаржы жинауға кірісіпті. Халықтан көмек сұраған себебі де сол. Инна Рокина, қала тұрғыны: – Кезекте қырық алтыншы болып тұрмыз. Екі бала ауырып жатыр. Адамдар киім әкеліп жатыр. Алғысым шексіз. 29 жастағы Инна сирек кездесетін, тұқым қуалайтын ауруға шалдыққан. Бойы 140 см-ден аспайды. Ал салмағы небәрі – 32 келі. Балаларын дүниеге әкелерде бұл аурудың тұқым қуалайтынын білмеген. Енді екі баласы да сырқат. Ұлына жақында ғана күрделі операция жасалған. Инна Рокина, қала тұрғыны: – Мен ауруымның тұқым қуалайтынын білмедім. Диета ұстап тұрамыз. Иннаның жағдайын естігендер сонау Алматы мен Астанадан да ақша аударыпты. Қайырымды адамдар жан-жақтан сәлемдеме жолдап, балаларға киім-кешек беріп жіберген. «Баспанам болса, екі баламды аяқтан тұрғызып, өз күнімді көрер едім», – дейді сырқат жан. Биыл мектепке барған қызы Валерияның сабаққа деген ынтасы жақсы. Тек кейде денсаулығы сыр береді. Отбасының бар ауыртпалығын жалғыз көтеріп жүрген Инна қайырымды жандардан көмек күтеді.
www.24.kz
www.24.kz