Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕР БОЛМЫСТЫ, ЕЛ СЫЙЛАҒАН ЕРМАН-ДЫ

ЕР БОЛМЫСТЫ, ЕЛ СЫЙЛАҒАН ЕРМАН-ДЫ


Міне, бүгінгі таңда Ұлы Отан соғысының Жеңісіне жеткенімізге 74 жылға аяқ басты. Сол сұм соғыста қаншама аталарымыз оқ пен оттың ортасында жүріп, жандарын пида етті. Аман-есен елге оралған ер азаматтарымыз еңбекке араласып, үйлі-жайлы болып, ұрпақ таратып, бұйырған өмірді сүріп жатыр. Соңғы демі біткенше бейбіт майданның туын қолдан түсірмей, отаным деп өмірден озғандары қаншама...
Құлағым естімесін, көзім көрмесін дейтін сол сұм соғыстың азабын белшеден кешіп, туған елімен қауышқан жеңіс жауынгерлерінің бірі 1907 жылы Шиелі ауданының қазіргі Бала би ауылында дүниеге келген Ерман Бекжанов болатын.
Оң-солын ерте танып, белі қатпай жатып еңбекке араласу сол заманның балаларына ортақ тағдыр еді. Болмысы бейнетпен қашалған Ерман атамыз екі иығына екі кісі мінгендей сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, сымбатты жігіт болған екен.
Жастайынан шаруа жайына, малға икемділігімен туған-туыстарына, көрші-қолаңға көмек беріп, ағайынға елгезектігімен, көпшіл, кең көңілділігімен жаққан оны жұрт қол бастайтындай батырдай, сөз бастайтын көсемдей қадір тұтыпты.
Бір көпшілік жиында сол кісімен көрші болған Бекманат апаның әңгімесін естігенмін. «Қатты қиналып отырғанымызда Ерман көкем «ағарған ішіп отырыңдар» деп бір бұзаулы сиырын бере салды. Басқа тартса аяғымыз ашық қалатын көрпедей кедейшілікте бұл біз үшін аспаннан түсе қалған байлық болды. Мұндай жақсылықты қалай ұмытарсың» деп ол кісі сол көкесін сағынышпен еске алып отырды.
Кеудесі кеңге, құдай да кең, ел сыйлаған жайсаң жігіт жиырмадан асқан шағында сымбатты, инабатты әрі өлеңді ойша құрастыра білетін Мәулен есімді қазақтың ару қызын жар етіпті.
Аллаға шүкір, Мәулен Дүйсенбайқызы екеуінен Гүлжан, Ұлжан атты екі қыз дүниеге келеді. Шетінеген балалары да болады.
Ерман Бекжанов майданда артиллерия полкі құрамында болған. Қанды жорықтарды топырақты суша сапыратын зеңбіректерді сүйретіп жүріп, жеңіс күніне жеткен. Көрсеткен ерлік істері бағаланып, Сталиннің өзі қол қойған грамотаны иеленген. Ол кездің өлшемімен мұндай мақтау қағаздың иесі ең жоғарғы награда алғандармен тең тұрған. Ауылға омырауы мұнан да басқа орден, медальдарға толып, жарқырап келген.
Соғыс барысында жарақаттанып, бірнеше рет госпитальға да жатып емделеді. Жұбайы Мәулен апамыз жоғарыда атап өткеніміздей, өнерлі жан еді. Оның Жеңіс күніне арнап шығарған әні үшін ауыл басқармасы халықтың көзінше бір мал атап сыйға береді. Бұл сол кездегі үлкен оқиғалардың біріне саналған.
1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төрткөл елді-мекеніне қоныстанып, мал шаруашылығымен айналысып, елдің ортақ ісіне өз еңбек үлесін қосады. Ал, 1959 жылы Шиеліде «Жеміс-жидек» совхозы құрылып, осы ауылға қоныс аударып, өмірінің кейінгі жылдарын осы жерде өткізеді.
Ұлы Отан соғысынан кейін Ұлман, Зина, Жаңабай есімді ұл-қыздар дүниеге келеді. Ұл-қыздарын құтты орындарына қондырып, немере сүйеді. Күйеубалалары ұлындай адал, келіні тәрбиелі отбасынан шыққандығын білдіріп, ата-енесін құрметпен қарап, туған-туыс, ағайындар арасында сыйлы болады.
Ерман ағадан тараған төрт қыз, бір ұлдан отыз екі немере, жетпістен аса шөбере аталарының өнегесін жалғастыруда. Ағаның есте сақтау қабілеті зор, үнемі бастан өткендерін ұрпақтарына ақыл айтып отыратын. Ерман көкеміз 2003 жылы 96 жасында дүниеден өтті.
Елдің жас ұрпақтарының есінде мәңгілік қалу үшін, ер есімі, ел есінде демекші, Ерман Бекжанов көкеміздің аты ел есінде мәңгілік сақталып қала бермек.
Қайрат ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
05 қыркүйек 2018 ж. 790 0