Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауынгер жайындағы жазбалар

Жауынгер жайындағы жазбалар

«Саламатсыз ба құрметті Жақсылықов жолдас! Сіздің балаңыз Хамит Жаппасбаев біздің әскери бөлімде қызмет етеді. Ол комсомолец ретінде неміс фашистерін жоюға бар күш-жігерін жұмсауда. Хамит полктағы таңдаулы пулеметчик. Жаппасбаев жолдас елуден астам неміс басқыншыларының көзін жойып, бесеуін тұтқынға алды... Жолдас Жақсылықов! Осындай батыр, ержүрек, тәртіпті жауынгер – бақытты совет елінің қорғаны боларлық ұлды тәрбиелеп өсіргеніңізге үлкен рахмет!..»Міне, бұл жолдар қан майданның ортасынан әкеме жолданған алғыс мазмұнындағы хат еді. Хат №18922 әскери бөлімі командирінің орынбасары майор Шумилин мен комиссар лейтенант Кривоноговтың атынан келген.
Нақты айтқанда, менің ағам Хамит Жаппасбаев 1923 жылы дүниеге келген. 1942 жылы Қызылорда пединститутының шетел тілі факультетінде оқып жүрген жерінен Ұлы Отан соғысына алынып, соғыста пулеметші болады.
Қанша ауыр болса да сұм соғыс жайлы әңгімелер айтылатын. Сонда білетініміздей, соғыстың бастапқы кезінде немістердің күші басым болған көрінеді. Әсіресе, ұшақтары көп болатын дейтін. Олар шабуыл жасардың алдында тыңғылықты дайындық жасап, одан соң жақсылап бомбалап, одан кейін штурмовиктері келіп, тірі қалғандарын әуеден пулеметпен атқылайтын болған. Сондай шабуылдардан кейін жауынгерлердің қатары қалайша селдіремесін? Алланың құдыретімен, сондай жойқын шабуылдардан соң орыс халқының өкілімен екеуі ғана тірі қалған кезін тіпті, қиналыспен жеткізді. Алғашқы 3-4 шабуылдан аман қалғаннан кейін, біртіндеп қорғаныстың амалдарына да машықтана бастайды Хамит ағамның қарулас достары.
«Штурмовиктер аспаннан оқты қарша боратқанда, біздің солдаттар жан сауғалап жолдың жиегіндегі кюветке, яғни, арыққа барып жатады, Ал, ұшқыштарға оларды ату өте қолайлы. Тізіліп жатқан жауынгерлерді қынадай қырып салады. Жойқын шабуылдардан аман қалғандар шашырап жатуға тырысамыз, соны жаңадан соғысқа кірген жастарға да айтамыз. Бірақ, көбісі үрейге бой алдырып, арық пен сай саланы паналап, оққа ұшып кетті ғой. Қыс кезі болатын, бір күні командир шақырып алып, қасыма 5-6 жауынгер қосып, тіл алып келуге жіберді. Үстімізде ақ төсек жабдығынан тігілген маскхалат, аяғымызда шаңғы, орамның ішінде, немістің шебіне қарай келе жатырмыз, соңымда жауынгерлерім. Жауынгерлеріме: «Сақ болыңдар, жаудың шебіне өттік» – деп айтуға бұрылғаным сол, «Хальт!» деген дауыс шықты, тоқтап алдыма қарасам, сол біз келе жатырған шаңғы жолмен біз сияқты немістің бір топ солдаттары келе жатыр екен. Қанша тұрғанымды білмеймін, бір кезде жата кеттім. Соны күтіп тұрған біздің солдаттар оқты қарша боратып, немістерді жайратып тастады. Сонымен, тірі қалған екі немісті тұтқындап, тапсырманы абыроймен орындап, кері қайттық. Командиріміз қатты риза болып наградаға ұсынды», – деген әңгімесін әлі ұмытпаймын.
Сонау отты жылдары қарша бораған оқтың ортасынан елге аман оралған майдангерлердің осы секілді әңгімелері бізге құдды бір ертегідей көрінетін. Бірақ, бұл осынау жандардың шынайы ерлігіне құрылған оқиғалар желісі. Сонымен, сөзімізді одан әрі сабақтасақ, Хамит Жапбасбайұлы тағы бірде жау шабуылы кезінде контузия алып, есінен танып қалады. Түнде есін жинап қараса, кеңес әскерлерінің шегініп кеткенін біледі. Ал, немістердің тылында қалып қойған ағам өз майдандастарына жету үшін атыстың даусы естіліп жатқан жаққа қарай түнделетіп жүріп отырады. Арада 3-4 күн күндіз шөпке жасырынады. Әбден ашығып, қалжыраған ол бейбіт тұрғындардан көмек сұрауға бет алады. Дегенмен, өзінің жағдайын ойлап, өзгелерге зиян тигізіп алудан қорқақсоқтап, бұл ойынан да бас тартады. Өйткені, соғыс кезінде Украинада сатқындар көп болған көрінеді. Содан не керек, бір түнде жүріп келе жатып, аяғы сымға шалынып құлайды. Қараса немістердің телефонының желісі екен. Жейтін бір нәрсе болар ма деген үмітпен сымды үзеді де, соңын бағып жатады. Көп ұзамай, бір еңгезердей фриц сымның бойымен келіп, жөндеймін деп жатқанда, автоматпен басынан ұрып, мерт қылады да қалталарын ақтарады. Сөйтіп, бір плитка шоколад тауып алып, соны талғажау етіп, өз әскерімізге де жетеді. «Өлі балық жолығар өлмегенге» деген тіркес осындайда айтылса керек. Соғыстың бір ауыр кезі ол бандылармен және «Орман ағайындыларымен» соғысу болды дейтін. Оларды бейбіт халықтан ажырату қиынға соғатыны сонша, түндегі бандит күндіз жай шаруа кейпінде жүреді екен. Қатыгездігін айтып жеткізе алмайсың дейтін.
Осылайша, сұм соғыстың да сұрапыл жылдары түгесіліп, ажал аждаһасының ауызынан аман қалғандар елге оралады. Ал, менің ағам Хамит соғыс біткеннен кейін кеңес әскерінің қатарында Будапештте комендатурада 1948 жылға дейін әскери міндетін өтеуге қалады. Әкем Жаппасбай күндіз-түні бір Аллаға құлшылық жасап, дұға ететіні есімізде. Сол тілеген тілектері қабыл болды ма, ағам 12 мүшесі сау күйінде елге жетті. Келген соң Бибісара есімді арумен отау құрып, ұрпақ таратты. 4 ұлды, 2 қызды болды. Алайда, 1978 жылы 54 жасында бақилыққа аттанды. Елі үшін, халқы үшін жасаған ерлік істер ешқашан ұмытылмақ емес. Ағам Хамит Жапбасбаевтың да майдан шебінде жүргенде басынан кешкен кейбір оқиғаларын аудандық «Өскен өңір» газетке беруді інілік парызым деп біліп, жас ұрпақтың да назарына ұсынуды жөн көрдім. Рухани жаңғыруды бетке алған «Мәңгілік елдің» ұрпақтары үшін ата-бабаларының ерен ерлігі мен бел жазбай еткен еңбектерін біліп өсуі тәрбие ісінде маңызды болмақ.

Бабажан Жапбасбаев.
07 тамыз 2018 ж. 1 039 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930