Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Букроссинг: «Өзің оқы, өзгеге ұсын...»

Букроссинг: «Өзің оқы, өзгеге ұсын...»




Алматы облысында «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты жоба екі жыл қатарынан жүзеге асып келеді. Букроссинг қалыбында бастау алған жобаға қызғушылар қатары көбейген. Әсіресе, жастар арасында танымал болған шара кітапқұмарлардың жаңа толқынын тәрбиелеуге таптырмас құралға айналды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

«Буккроссинг форматы дүниежүзінде кең қолданысқа еніп келеді. Бұл кітапқұмар адамдардың арасындағы байланысты нығайтып, жаппай кітап оқуға жетелейтін жоба. Атауының өзі «Кітап алмасу», «Өзің оқыған кітапты өзгелерге де оқыт» дегенге саятын букроссинг жобасын қолға алғанымызға екінші жыл болды. Нәтиже жаман емес. Облыс орталығындағы адамдар жиі жиналатын демалыс орындарына арнайы кітап сөрелерін ашып, тәжірбие жасап көрдік. Оқырман қатары көбейгесін шараның қамту аясын кеңейттік», - дейді бастаманы іске асырып отырған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында басталған «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» жобасы биыл да жалғасын тапты. Қазір Алакөл, Балқаш, Ескелді, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Талғар, Ұйғыр аудандары мен Қапшағай, Текелі қалаларының көшелерінде оқырмандарға арналған кітап сөрелері қойылған. Тілдерді дамыту басқармасының мамандары оқырмандар арасында сауалнама жүргізіп, қандай тақырыптағы туындыларға сұраныс барын зерттеп көріпті. Сөйтіп, көпшілікті қызықтырған кітаптарға басқарма тарапынан қаржы бөлінген. Алынған кітаптар қолжетімді сөрелерде тұр.
Айтпақшы, бұл шараға балалар қуанып жүр. Ойын баласының қолы қалт еткенде саябақтағы, субұрқақ маңындағы ашық сөрелерден қажетті кітабын алып, оқып отыруына жағдай бар. Биыл кітап қоры балаларға арналған қызықты да тартымды кітаптармен, қазақ және шетел классиктерінің шығармаларымен, танымдық-психологиялық туындылармен толыққан.
«Өткен жылғы есеп бойынша 792 адам оқыған кітаптарын өзара алмасқан. Ал сөре маңындағы демалыс саябағында отырып кітап оқитын адамның саны төрт жүзден асқан. Шараға оқырмандар ғана емес, кітап сыйлаушылар да белсене атсалысты. Мысалға,Талдықорған қаласының тұрғындары қолдау көрсетіп, 56 кітап сыйға тартты», - дейді Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Ардақ Мәкеқызы.
Қазір әлемде кітап оқитын оқырман саны азайды деген түсінік бар. Бұл тұрмысымызға дендеп енген интернет байланысы мен түрлі цифрлы коммуникацияның әсері екені анық. Бірақ, адамзат түбегейлі кітап бетін ашудан қалды деуге әлі ерте. Өйткені, оқуға, білуге құмар ұрпақ қай заманда да болған әрі бұл сабақтастық жалғаса бермек. Соның бір дәлелі – Жетісу жерінде жүзе асып жатқан букроссинг жобасы.


20 маусым 2018 ж. 3 408 0