Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкер әйелдердің арасында жаңа жобалар іске асады

Кәсіпкер әйелдердің арасында жаңа жобалар іске асады


Қызылорда облысында жылдан жылға кәсіпкер әйелдердің саны артып келеді. Мәселен, былтыр «Бастау бизнес» жобасы бойынша 937 адам оқытылса, оның 398-ін – қыз-келіншектер құраған. Аталған жобаның 358-не облыстан қаржы бөлініп, оның 146-сы әйелдер бастамалары негізінде ұйымдастырылған. Биылдың өзінде кәсіпкерлер палатасында «Бизнес-Кеңесші» жобасына 157 әйел қатысып, 288 әйелге сервистік қызмет көрсетілді.
«Атамекен» ҚР ҰКП іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Аманованың жетекшілігімен ауданда іскер әйелдердің кеңес отырысы өтті. Жиында нәзік жандылар жаңа бастамалар ұсынып, өзара пікір алмасты. Кеңес отырысында жаңа бастамалар легі талқыланды. Аумақтағы іскер қыз-келіншектері қарастырған мәселенің бірі – белсенді әйелдердің бейінді қауымдастыққа бірігуінің қажеттілігі болды. Осындай бірігу арқылы орын алған мәселелерді аудан деңгейінде тез шешуге ғана емес, сондай-ақ, нақты салаларда бизнестің бәсекелестік қабілеттілігін арттыруға жол ашылады.Кездесуде шығарылатын өнімді тиімді сату үшін өндірістік-логистикалық тізбекті ұйымдастыру арқылы белсенді әйелдер арасында кооперативтік қозғалысты іске асыруға баса назар аударылды. «Бүгінде кәсіпкерлердің басты қамы – тұтынушы сенімін ақтау және тұрақты сату нарығын қамтамасыз ету. Жалғыздан жалғыз орын алған түйткілдермен күресу – қиын шаруа, ал, жұмылу арқылы көптеген мүмкіндіктерді іске асыруға болады», – деді Жанна Аманова. Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы өңірде қыз-келіншектерді жаппай кәсіпкерлікке тартуды жалғастыру қажеттілігін атап өтті. «Кез келген әйелдің жеке кәсіп ашуға батылы жетпеуі мүмкін. Бірақ, көбінің бойында жақсы әлеует барын байқап отырмыз, сондықтан, сол ынтаны ашып, дұрыс бағытқа салу керек.
Іскер қыз-келіншектер, әсіресе бизнеске енді қадам басқан әйелдер үшін стартаптарды жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде жеңілдік беру аса маңызды. Кәсібін жаңадан бастағандар да, тәжірибелі бизнесмен де көбірек білім алуды және қаржылық, ақпараттық әрі кеңес беру көмегін ауқымды түрде алуды қалайтынын атап өткен жөн.
Биыл ауданда «Онлайн-бизнестегі әйел» атты жобаны іске асыру басталды. Маусым айынан бастап екі ай қатарынан жұмыссыз жүрген ауыл әйелдері «SMM-маманы» атты курстан өтеді. Оқуды жақсы тәмамдаған әйелдерді іскер әйелдер кеңесі жұмысқа орналастыруға ықпал етіп, бағыт- бағдар береді.
Спикерлер әрбір қыз-келіншек үшін мансап пен бизнесті жүргізу, өзін-өзі дамыту және жеке тұлғалық өсу секілді маңызды тақырыптарды қозғады. Сәтті бизнес-кейстер мен өмірлік мысалдар елімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамыта түсу үшін серпін берері анық.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
19 маусым 2018 ж. 1 016 0