Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ 47 ПАЙЫЗЫ – ӘЙЕЛДЕР

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ 47 ПАЙЫЗЫ – ӘЙЕЛДЕР


Орталық коммуникациялар қызметінде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және дамыту тақырыбына арналған баспасөз конферен­ция­сында қазақстандық әйелдер еліміздің жалпы ішкі өнімінің 40 пайызын қалыптастырып отырғаны айтылды. Бұл – мақтанатын жағдай.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік пала­тасы жанындағы Іскер әйелдер кеңе­сі­нің төрайымы Лаззат Рамазанова, Жамбыл облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова, Атырау облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожа, Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Гүлмира Шажанбаева қатысқан мәслихатта Парламентте әйел­дердің үлесі 30 пайызды құрайтыны да айтыл­ды. Мемлекеттік әйел қызметкер­лер­дің үлесі – 55%.
Бизнестің дамуына әйелдердің қосып отырған үлесі жылдан-жылға артып келеді. Жеке кәсіпкерлердің 47 пайызын әйелдер құрайды, заңды тұлғалардың 26 пайызы әйелдер, Шаруа қожалықтарын 19% қыз-келіншектер басқарады. Бұл туралы Ләззат Рамазанова: «Жалпы статистикаға қарасақ, әйелдердің 40 пайызы ауылды жерде тұрады. Оларға барлығы жеткілікті деп ойлаймыз, алайда олай емес. Әдетте оқуға түспей қалған қызды бағы жанбай қалды деп айтады. Мүмкін, ол қыздың бағы үйде шығар. Осындай қыз-келіншектерге қол­дау көрсетіп, кәсіпкерлікке баулығы­мыз келеді. Әйелдер өзіне қажетті ақпарат­ты тез түсінеді. Бизнеске барам деген қыз-келіншектерге қолдау көрсетіліп отыр. «Атамекен» «Бастау-Бизнесті» ауылға жет­кіз­­ге­ніне бір жыл болды. Көптеген арулар жобаларын қорғап, жеке кәсібін ашты. Оған қоғам да атсалысып жатыр», – деді.
Іскер әйелдер кеңесі төрайымының айтуынша, кәсіпкерлікті, оның ішінде әйел­дер кәсіпкерлігін қолдау мен дамыту – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сының басым бағыттарының бірі. Ұлттық палата кеңес беруші орган ретінде бірінші болып Іскер әйелдер кеңесін құрды. Республиканың түкпір-түкпірінде іскер әйелдердің тыныс-тіршілігі жайында Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің мүшелері әңгімелеп берді.
– Ұлттық палата қалыптастырған жүйе мен кәсіпкер әйелдердің ынта-жігерінің арқасында аудандар мен ауылдық округ­тер­ге дейін жеттік. Осылайша, Іскер әйел­дер кеңесі республика бойынша қанатын жайып, іскер қыз-келіншектер басқарып отыр­ған 16 өңірлік кеңес пен аудан орта­лықтарында 170 кеңес беру бөлімшесі ашыл­ды, – дейді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.
Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожа бизнестегі қыз-келіншектердің рөлі жайында былай деді:
– Бүгінде кеңес бөлімшелері ауылдағы әйелдердің басын біріктірді. Кешегі әйел кәсіпкер бүгінде үлкен кәсіпорын, зауыт­тың басшысына айналды. Отбасы, бала­ла­рын сақтап қалу үшін жол дорбасын алып, нарыққа шықты. Сол қыз-келін­шек­тер бүгінде ірі-ірі кәсіпорындар ашты. Олар барлығына үлгеруде – бала тәрбиесіне де, қазан-ошаққа да. Күні бүгін осы әйелдер көмек­ке, қайырымдылық жасауға дайын тұрады.
Атырау облысындағы Іскер әйелдер кеңесі 25 баланы қамқорлыққа алды, тіл оқыту, байқауларда сүйемелдеді. Жалпы, іскер әйелдер қызметіне жергілікті әкімдік те жақсы баға беріп отыр. Әйелдің рөлі тек отбасында емес, жалпы қоғамда үлкен мәнге ие бола бастады.
Наурыз айы басталысымен Таразда Іскер әйелдер форумы өтті. Бұл форум өзге­ше өтіп, ауылдағы қыз-келіншектердің басын біріктірді. «Әдетте қорытындыны арулар өз мерекелеріне қарай жасайды, сондықтан форум 2 наурыз күні өтті. Қалалық әйелдердің тренерлер, білікті мамандармен кездесуге мүмкіндіктері көбірек, ал ауылдағы әйелдерде мұндай мүмкіндіктер бола бермейді. Осы форумда кәсіпкер әйелдер өздерінің біліктілігі мен білі­мінің аздау екеніне көзі жетті. Өзекті сұрақ­тар қойылды. Елбасының бес әлеу­мет­тік бастамасы іскер әйелдерді қолдауға бағытталғанын сездік», – деді Жамбыл облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова.
Таразда өткен форумда индустриялық аймақтарды дұрыс қолдану, ЖОО-да кәсіпкерлікті оқыту бағдарламалары, ет-сүт өнімін сатып алу бойынша мемлекеттік са­тып алудың ұзаққа созылуы, қоғамдық білім беретін орталықтар мәселесі көте­ріл­ді. Өңірлік әскер әйелдер кеңесі осы түйіндерді шешу бағытында жұмыс істемек.
Баспасөз конференциясы барысында мегополис іскерлік кеңістігі, қала мен ауыл кәсіпкерлігінің айырмашылығы жайында Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Гүлмира Шажанбаева баяндады. «Әйелдердің мисссиясы – бала туу, тәрбиелеу, табысты ұрпақты қалыптастыру. Бүгінде Іскер әйел­дер қозғалысы өкілі ретінде әйелдердің кәсіпкерлік қызметін дамыту мен жетілдіру жолында жүрміз. Биыл Қазақ гуманитарлық заң университеті базасы арқылы әйелдерге өз бизнесіне жүйелі тұрғыда келуге көмек­тесу үшін тегін шеберлік сабақтар өткіз­бек­піз. Бұдан басқа стартап жобаларды қар­жыландыру бойынша гранттар ұсын­дық», – деді.
Сонымен қатар Гүлмира Шажанбаева әйелдердің әлеуметтік жауапкершілігі жайында да ой бөлісті. Кәсіпкер әйелдер қайы­рымдылыққа уақыт пен қаржы жұм­сай­ды. Әлеуеті төмен отбасыларға, жүкті әйелдерге көмек көрсетеді. Іскер әйелдер ке­ңесі өз ресурсын тиімді пайдалану үшін ба­рынша үлкен ауқымды қамтуды көздей­ді.
«Атамекеннің» Қоғаммен байланыс депар­­таментінің директоры Шұға Наурыз­баева Елбасының шағын несие беру көле­мін ұлғайтып, оны іскер әйелдерге беру керек екенін, оны әйелдер көбейтіп қай­та­ра­тынын тілге тиек етті. Сонымен қатар спи­кер кәсіпкерлердің әлеуметтік жауап­кер­шілігі мен қайырымдылық мәдение­тін арттыруға бағытталған «Атамекенім» акция­­сына тоқталды.
Кәсіпкерлік тәуекелге баруға жетелейді. Жүзден он ғана адам тәуекелге бел буады, кәсіп ашады. Жалпы, әйелдердің әлеу­меттік тәуекелі көп, кешегі жұмыс істеп отырған әйелдің, зейнетке шыққанда тәуекелі көбейеді. Міне, осындай әйелдер өз мүмкін­діктерін СММ бизнесінде сынап көруі керек, бірақ бұл бизнес заңды тұрғыда тіркелуі тиіс. Кәсіпкерлік – арман-мақсатты жүзеге асыру мүмкіндігі. Бүгінде өңірлік деңгейде өңірлік салалық қауым­дастықтар құрылуда. «Атамекен» Іскер әйелдер кеңесі осы идеяны қолдайды.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда арулардың алға қойған мақсаттары көп, міндеттерін өздері түсініп отыр. Ендігі жерде оларға кез келген жағдайда, кез келген ортада қолдау керек.
 
Жолдасбек ДУАНАБАЙ
10 наурыз 2018 ж. 1 301 0