Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда қалпына келтіру, емдік оңалту бөлімі ашылды

Ауданда қалпына келтіру, емдік оңалту бөлімі ашылды


Аудандық орталық аурухана жанынан қалпына келтіру, емдік оңалту бөлімі ашылды. Оңалтудың емдік массаж, физиотерапияның тоқпен, парафинмен емдеу әдістері бұрыннан да бар болатын. Жаңадан ашылған бөлімде классикалық және заманауи физиотерапияның бұрыннан бар жабдықтары түгелдей жаңартылып, сонымен қатар, бүгінде «ВТЛ-4000 Combi» лазерлі терапия, осы маркадағы қысқа толқынды және электротерапиялы «ВТЛ Vaз» ваккумды құрылғымен, «ВТЛ-6000 Combi» соққылы-толқын, ингалятор-компрессорымен, «АЛТ МУЛАТ» көк тамыр ішілік қанды лазерлеу, бұдан бөлек «Магнит АЛМАГ» аппараттарымен толықты.

Осы жаңа бөлімнің меңгерушісі, жас болса да білікті дәрігер-реабилитолог А.Данияроваға жолығып, әңгімелескенімізде: – Ауруханадағы емдік оңалту шаралары физиотера­пиялық бөлме, емдік денешынықтыру залы, механотерапия залы, логопед, дефектолог, психолог, массажист мамандарының бөлмелерімен қамтылған. Біз айтып өткен физиотерапиядан бөлек мұнда емдік денешынықтыру, эрготерапия, логопед, психолог секілді оңалтудың негізгі әдістерін жүргізетін бөлмелер талапқа сай жасақталған. Білікті аяжандар А.Қалиева, Б.Ниязханова, Г.Батталова, А.Жақсылық, А.Тоқтыбаева, С.Мұхтар секілді арнайы оқу бітіріп келген жас әрі тыңғылықты мамандар еңбек етіп келеді, – дейді бөлім меңгерушісі А.Асанбайқызы. Ә.Бекжігітова осы бөлімдегі емдік уқалау бөлімінің тәжірибелі массажисі, қос қолының қасиеті мол болуынан ба, әйтеуір алдынан шыққан жандар оның шипасына дән риза. Логопед Т.Сейдазимованың алдынан балалар мен олардың ата-аналары үзілмейді екен. Сөйлеудің бұзылуы, оны арнаулы оқыту мен тәрбиелеу нәтижесінде анықтау, түзету, алдын алу әдістерін осы Т.Талғатқызы неврология, невропсихология, нейролингвистика, психология, педагогика және т.б. ғылымдар негізінде жұмыс істеп, баланың сөйлеу тілінің бұзылу себептерін анықтап, орнына келтіру, дамытуға арнайды екен.
 Сөзіміз құрғақ болмас үшін ата-аналар пікіріне ден қоялық. – Мен Алмас Айзеренің әкесімін. Айзере логопед Тоғжан апайымен 1 ай ішінде көп жетістікке жетті. Р және л дыбыстарын айтып үйренді. Қазір дыбыстарды анық айта алады.
Қызым осында келгелі сөзге сөз қосып, ойын анық жеткізеді. Көзқарасы өзгерді. Әріптің бәрін жаттап, жазып жүр. Емдік дене шынықтыру залында велотренажер, жүгіруге бейімделген аппарат, балалар баспалдағы, шведтік қабырға, брусья, тренажерлер кешені, күштемелі аппарат, жүгіру кілемшесі, т.б. құрал-жабдықтарға толы. Денешынықтыру бөлмесінің инструкторы, өз ісінің шебері Ләззат Мүфтіллаеваның алдынан талай жандар жүгіріп кеткен екен. Өзі де айтқанынан қайтпайтын талапшыл қыз. Бөлім қызметкерлеріне емделушілер Ғ.Жүзімова Т.Сейдази­мова, А.Төлебай, К.Әшімова, М.Мақаш, К.Палымбетовалар алғыс айтса, ал оңалту орталығынан 2016 жылы мұнда 481 адам емделіп, 2017 жылы 552 жан оңалып шыққан. Бұл нәтижелі көрсеткіштер бұл бөлім жаңа аурухана ғимаратына көшкенде ұлғая түспек. Бұрын Шиеліде қалпына келтіру бөлімшесі болмаған соң жұрт қалаға қарай ағылатын. Енді сумен емдеу орындары ашылса, ем алушылар қалаға мүлдем қатынамас еді. Ал, әзірге жаңа оңалту орталығының жаңа жұмыстары жандана берсін демекпіз.
Алтай АЙЫП.
Суреттерді түсірген
Бақытжан БӘЙІМБЕТ.
17 маусым 2018 ж. 1 970 0