Ыстық құм – буын ауруына таптырмас ем
Түрлі буын ауруымен ауыратын мысырлықтар үшін Каирдің батыс бөлігінде орналасқан Сива өлкесі емдік орынға айналған. Құммен ем жасау жергілікті тұрғындар үшін табыс көзі болып отыр. Мұнда келген емделушілер 15 минут бойы ыстық құмға көміліп, одан шыққан соң қымталып жабылған шатыр астына кіреді. Айтуларынша, бұл табиғи сауна іспетті. Кейін оларға Шығыс елінде кеңінен қолданылатын Хельба атты емдік шай беріледі. - Алдымен ем алушының дене пішіміне сай етіп, құмды қазып, оған адамды жатқызамыз. Тек басын ашық қалдырып, денесінің қалған бөлігін құммен көмеміз. Ыстық құм денедегі барлық клеткаларды ашады. Қызуы көтеріліп, адам терлейді. Термен бірге тұз және токсиндермен қоса май да шығып кетеді,-дейді емші Хеляль Ибрахим. Ем алушылардың бірі Әл Сайед Хасанның айтуынша, ем іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Түрлі емдік дәрілерді қабылдағанымен, ауруының дауасын осы жерден тапқан. Бұл өлкеде адамдарды емдеу осыдан 150 жыл бұрын жүргізіле бастаған. Қазірде тек буын ғана емес, бауыр дерті, сол сияқты басқа да ауру түрлерін емдеуге болады.
24.kz.