Ақтөбеде ерекше қажеттілігі бар бөбектерге арналған балабақша ашылды
Ақтөбеде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақша ашылды. «Бақытты бала» жобасымен ашылған орталыққа 85 бүлдірішін барып жүр. Олардың көбі сөйлеу қабілеті бұзылған және тірек-қимыл қозғалысы дамымай қалған балалар. «Даун синдромы» мен аутизм диагнозы қойылған балдырғандар да осы жерде тәлім-тәрбие алады. Светлана Досымова баласы Батыржанның 3 жастан асқанша сөйлемегеніне алаңдап, дәрігерге барады. Ойлағанындай, балдырғанның сөйлеу қабілеті бұзылған болып шығады. Балабақша ашылғанда қуанғанын айтады. Себебі ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған түзету балабақшасында барлық жағдай жасалған. Дефектолог-логопед мамандар баламен жаттығу жасап, дамуына үлес қосады. Әрі балабақша тегін қабылдайды. Светлана Досымова, қала тұрғыны: - Балам балабақшаға қуанып келеді. Оған бұл жерде ұнайды. Әсіресе бассейнге түскенді жақсы көреді. Тамағы да жақсы. Біз мұндай бақшаға алғаш рет келдік. Білікті мамандардың көмегінен кейін, баламның дамуы жақсарады деп ойлаймын. Әлеуметтік жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асты. Мұнда емдік-физикалық кабинет, бассейн, массаж, фитнес орталығы, психолог кабинеті мен спорт залдары бар. Тәрбиешілермен қоса, дәрігер мамандар да қызмет етеді. 16 топтың тоғызында балалар қазақ тілінде тәрбие мен білім алса, қалған 7 топта орыс тілінде оқытады. Интелектуалды дамуы кенжелеген бүлдіршіндер үшін қажетті заманауи жабдықтың барлық түрі алынған. Лаура Тасымова, дефектолог-логопед: - Монтессори бөлмесі 5 аймаққа бөлінген. Күнделікті өмірдегі жаттығулар аймағы. Мұнда бала өзіне өзі қызмет етуді үйренеді. Математикалық аймақ, мұнда бала алғашқы математикалық түсінік алуға барлық жағдай бар. Сесорлы даму аймағы, мұнда балалар әртүрлі анализаторлардың көмегімен қоршаған ортаны таниды. Балабақша 180 балаға арналғандықтан, әлі қабылдау жүріп жатыр. Жалпы өңірде 5 мыңнан астам ерекше бала болса, олардың 2 мыңы мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер.
24.kz
24.kz