Жайдарман: үздіктер іріктелді
Шиелі ауданында жастардың шығармашылығын шыңдап, өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Жайдарман» ойындарының ашық лига бойынша ширек финалдық кезеңі өтті. Аудандық қоғамдық даму бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен өткен сайыс «Салауатты өмір салтын насихаттау және жастар шығармашылығын дамыту» әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асты.Әзіл мен тапқырлықты ұштастырған байқауға 13 команда қатысып, сахна төрінде өзара бақ сынады. Әр команда көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, өнері мен өнерпаздығын, ой ұшқырлығы мен сахналық шеберлігін көрсетті. Тартысты бәсеке қорытындысында үздік өнер көрсеткен 8 команда жартылай финалға жолдама алды. Олар – «Майлытоғай MIX», «Vibe», «Зумер», «47 қырандары», «Пикми», «Нартай жастары», «Бәйгеқұм жастары» және «Шапалақ» құрамалары.
Сайыс барысында командалардың өнері ғана емес, тапқырлығы мен сахна мәдениеті де сынға түсті. Нәтижесінде жүлдегерлер анықталып, «Дәмді» отбасылық мейрамханасының демеушілігімен, 10 жылдық мерейтойы аясында жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.
Бас жүлдеге лайық деп танылған «Қызылорда» құрамасы 100 мың теңгені иеленсе, ІІ орын мен 70 мың теңге Жалағаш ауданының «Дәуімбай» командасына бұйырды. Ал ІІІ орынды Шиелі ауданының «БХБ» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Матриархат» командалары бөлісіп, 50 мың теңгеден жүлде алды.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ








