«УРАНЭНЕРГО»-ҒА – 20 ЖЫЛ: ЭНЕРГИЯ. ЕҢБЕК. ӨРКЕНДЕУ
Энергетика – ел экономикасының күретамыры, өндіріс пен өркендеудің негізгі тірегі. Ал сол қуат көзінің үздіксіздігін қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететін абыройлы міндет. Осы жауапты міндетті 20 жыл бойы абыроймен атқарып келе жатқан «УРАНЭНЕРГО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірдің энергетикалық әлеуетін дамытуға, электр желілері мен қосалқы станциялардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге өзіндік үлесін қосып келеді.Кәсіпорын 2006 жылы уран өндіру кешенінің қарқынды дамуы жағдайында уран өндіретін кәсіпорындарды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Сол жылы «Уранэнерго» ЖШС «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының оңтүстік өңірінің батыс және солтүстік бөлігінде жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан уран кеніштерін тәуелсіз электрмен жабдықтау жобасын іске асыруға кірісті.
Жиырма жыл ішінде «УРАНЭНЕРГО» ұжымы талай сыннан өтті. Қыстың қақаған аязында да, жаздың аптап ыстығында да жарық сөнбесін деп күндіз-түні еңбек етті. Ескірген желілер жаңартылып, жаңа қосалқы станциялар іске қосылып, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі нығая түсті.
Кәсіпорынның 20 жылдық белесіне орай өткен жұмада «Арман» кенттік мәдениет үйінде «Энергия. Еңбек. Өркендеу» тақырыбында салтанатты кеш өтті. Мерейтойлық жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков арнайы қатысып, кәсіпорын ұжымын құттықтады.
Өз сөзінде аудан басшысы серіктестіктің қалыптасу және даму жолына тоқталып, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосып келе жатқан үлесін айрықша атап өтті. Сондай-ақ кәсіпорынның уран өндіруші мекемелерді электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етудегі маңызын, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін тілге тиек етті.
Сонан соң Айтбай Насриддинұлы мерекеге орай ел игілігі жолында еселі еңбек етіп, кәсіпорынның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан азаматтарды аудан әкімінің Алғыс хатымен, «Уранэнерго» ЖШС-нің 20 жылдық мерейтойлық төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапаттады.
«Уранэнерго» ЖШС – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жүйесіндегі маңызды өндірістік кәсіпорындардың бірі. Серіктестік «РУ-6» ЖШС, «Семізбай-U» ЖШС-нің Иіркөл филиалы, «Волковгеология» АҚ-ның №23 барлау экспедициясы, «Қызылқұм», «СП «Инкай», «Аппақ», «Байкен-U» және «Қаратау» секілді бірқатар өндіріс орындарын электр энергиясымен қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Бүгінде серіктестікте ауданның 100-ге жуық тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек, мекеме ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, әлеуметтік бастамаларға қолдау көрсетіп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында да игі істердің басы-қасынан табылып келеді.
Мерекелік басқосуда «Уранэнерго» ЖШС бас директоры Жәнібек Байдұлла, кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрбол Имашев құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпорынның жүріп өткен жолы мен жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Кәсіпорын басшылығы ұжымның дамуына күндіз-түні өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбек озаттарын марапаттап, құрмет көрсетті.
Салтанатты жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмайл мерейтой иелеріне ізгі тілегін жеткізіп:
– Өндірістің өркендеуі – бір күннің жетістігі емес, ол жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе мен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Әрбір жетістіктің артында өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, кәсібін құрмет тұтқан азаматтардың қолтаңбасы бар, – деп ұжымның еңбегіне жоғары бағасын беріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Мерекелік кеш әрі қарай «Арман» кенттік мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласып, көпшілікке көтереңкі көңіл-күй сыйлады. Сахна төрінде Римма Ералы, Бекарыс Бауыржан, Елдос Сейлов, Меруерт Дүйсебай мерейтой иелерінің құрметіне әсем ән шырқаса, Әділжан Алмасбекұлы мен Қуаныш Нәсіпбек Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» әнін саксофон аспабында орындап халықтың қошеметіне бөленді. Кеш соңында әншілер тобы «Казатомпром» гимнін айтып, іс-шараны қорытындылады.
Уақыт – тарихтың таразысы. Сол таразыда өлшенетін ең қымбат құндылық – адам еңбегі, адалдық пен азаматтық жауапкершілік. Осынау маңызды міндетті абыроймен атқарып жүрген ұжымың алдағы жылдарда да алар асулары биік, бағындырар белестері көп болсын деп тілейміз!
Мейіржан ИБРАГИМ








