Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Уранқуаттағы үздіктер сайысы

Уранқуаттағы үздіктер сайысы



Бұрнағы күні аудандағы «Уранқуат» ЖШС бас директоры Д.Тансыққожиннің бастамасымен «Шиелі энергокешені» жөндеу-өндірістік базасында аталған мекемеге қарасты еншілес мекемелер арасында «Үздік электромонтерлар бригадасы» атты сайыс өткізілді.
Мекеме турасындағы қысқаша мәліметтермен бөлісер болсақ, 2006 жылдың 9 қазанында уран өндіруші мекемелерге электр энергиясын тасымалдау және таратып беруші мекеме ретінде құрылады. Яғни, трансформаторлық подстанциялардың құрылысы және оларды пайдалану, электр желілері тораптарын, әуе және кабель желілерін пайдалану. Сонымен қатар, энергетика құрылғыларын жөндеу және монтаждау болып табылмақ. Ал, 2008 жылдың 1 қантарынан «Уранэнерго» ЖШС құрамына еншілес мекемелер «Таукент-Энергосервис» және «Шиелі-Энергосервис» ЖШС еніп, олардың қызмет қызмет көрсету міндетіне «Таукент» және «Қыземшек» ОҚО және де Көкшоқы мөлтек ауданында облыс тұтынушыларына электр энергиясын тасымалдау, жылу, сумен қамтамасыз ету және кәріз суларын қашықтату жұмыстары жүктеледі. Қазіргі таңда «Уранэнерго» ЖШС қарасты 14 подстанция қарқынды жұмыс жасауда екен.
Осы тұстан мекеменің міндетін доғара тұрып, негізгі тақырыпқа ойыссақ. Сайыстың басты мақсаты – мекеме қызметкерлерінің кәсіптік шеберлігін арттырып, техника қауіпсіздігі ережелерінен біліктілігін ұштау және өз мамандығына үлкен жауапкершілікпен қарауға баулу болды.
Жарыс тестілеу, зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсету және қондырғыларда практикалық жұмыстар жүргізу кезеңдерінен тұрды. Сонымен, бригадалар білімі мен өнерлерін ортаға салар бәсті бәсеке басталып кетті. Иықтарына өзіндік салмағы бар жүк арқалаған жігіттер өз білгендері мен тәжірибелерін ортаға салды. Бірінші кезеңде қатысушы командаларға 50 сұрақтан тұратын электр қондырғыларын техникалық пайдалану қағидалары, электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасы қағидаларынан тұратын сұрақтар қойылса, екінші кезеңде қатысушы командаларға  «Максим» тренажерында өкпені жасанды желдету және жүрекке жанама массаж жасау сынды жаттығулар өткізілді. Тоқ көзімен жұмыс жасап жүрген  кәсіби мамандардың әрбір қимылы мен әбжіл әрекеті төрешілердің назарынан тыс қалмады.
Шараның соңында әділқазылардың әділ шешімімен «Таукент-Энергосервис» ЖШС жалпы командалық есепте 1-ші орын, «Уранқуат» ЖШС 2-ші орын, «Шиелі-Энергосервис» 3-ші орынды иеленіп,  жеңімпаздарды бас директор Д.Тансыққожин грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ, сайыста үздік біліктілімен және зеректігімен көзге түскен бригада мамандары аталымдарға ие болды. Мұнымен қоса, Шиелі филиалы «Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіподағы» төрағасы Т.Есенбеков сайысқа қатысушыларға алғыс айтып, сый-сияпат жасады.
Дина ӘБІЛАСАН.
14 маусым 2018 ж. 805 0