Жаһандық су бастамасы
Су – тіршіліктің тамыры, ал оны тиімді басқару – жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселесі. Осы орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы халықаралық деңгейде қолдау тапты. Алдағы уақытта бұл мәселе Абу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі конференцияда талқыланбақ.Қазақстанның ұсынысын Сенегал мен Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері қолдап, су тапшылығы мәселесін еңсеру үшін мемлекеттердің өзара үйлесімді іс-қимылы мен халықаралық әріптестігін нығайтудың маңызын атап өтті. БҰҰ штаб-пәтерінде өткен брифингте де су инфрақұрылымын дамыту, тәжірибе алмасу және ортақ шешімдер қабылдау қажеттігі сөз болды.
Халықаралық су ұйымын құру идеясын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ашхабадта өткен халықаралық форумда көтерген болатын. Жаңа құрылым жаһандық су ресурстарын басқаруда мемлекеттердің күш-жігерін біріктіріп, су мәселесін энергетика, климат және азық-түлік қауіпсіздігімен сабақтастыра қарастыруға мүмкіндік бермек.
Абу-Дабиде өтетін алқалы жиынға шамамен жеті мың адамның қатысуы күтілуде. Бұл – су тапшылығы шекара талғамайтын, ортақ жауапкершілікті талап ететін кезеңде Қазақстанның халықаралық бастамасының маңызы артып келе жатқанын аңғартатын маңызды оқиға. Өйткені су мәселесі енді жекелеген мемлекеттердің ғана емес, күллі адамзаттың келешегіне қатысты стратегиялық міндетке айналды.
«Өскен өңір» ақпарат






