Мәслихаттар сайлауы
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамбадағы береке қалаға жетті

Қамбадағы береке қалаға жетті

Берекенің бастауы – бейнетте. Жерге дән сеуіп, жаз бойы аптапқа күйіп, күздің қамбасын толтырған диқанның маңдай тері ақталғанда ғана дастарқанның сәні кірмек. Ауыл шаруашылығының қадірі де осында. Өйткені елдің ырысы – жердің өнімімен, халықтың несібесі – еңбек адамының төккен терімен өлшенеді.
Бүгінде Қызылорда қаласындағы Тасбөгет кентінің орталық алаңында өтіп жатқан «Дала дәмі» жәрмеңкесі – осы бір ақиқаттың айқын көрінісі. Бұл жолы облыс орталығына Шиелі ауданының шаруалары ат терлетіп, ала жаздайғы еңбегінің жемісін ала келді. Жалпы саны 55 көлікке тиелген ауыл шаруашылығы өнімі қала тұрғындарының назарына ұсынылды.
Жәрмеңке сөрелерінде ақ күріштен бастап, ет пен балық өнімдеріне дейін, көкөніс пен жеміс-жидек, бақша дақылдары, бал, ұлттық тағамдар, сүт және кондитерлік өнімдер самсап тұр. Бір сөзбен айтқанда, Шиелінің жер қойнауы мен шаруаның қолынан шыққан несібе бір алаңға тоғысты.
Қазақтың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тәмсілі осы жәрмеңкенің де өзегіне айналып отыр. Шиелінің күріші – ауданның ғана емес, тұтас Сыр өңірінің бренді. Ал бақша өнімдері, мал шаруашылығының берекесі, сүт пен ұлттық тағамдар – ауылдағы кәсіптің көкжиегі кеңейіп келе жатқанын аңғартады. Бір қарағанда, жәрмеңке – сауда алаңы. Ал байыптап қарасақ, бұл – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне берілген мүмкіндік, маусымдық еңбектің өтеуі, отандық өнімнің бәсекеге қабілетін танытатын мінбер. Әсіресе, жергілікті өнімді тұтынушыға төте жолмен жеткізу бүгінгі нарық жағдайында айрықша маңызға ие. Өйткені өнімнің өндірушіден тұтынушыға жеткенше бірнеше қолдан өтуі бағаға салмақ түсіретіні жасырын емес.
«Дала дәмі» жобасының апта сайын ұйымдастырылуы да осы бағыттағы жүйелі жұмыстың бір парасы. Жәрмеңке арқылы шаруалар өз өнімін кеңінен танытып, қала халқы туған жердің табиғи тағамын таңдау мүмкіндігіне ие болады. Бұл – ауыл мен қаланың арасындағы экономикалық сабақтастықты бекемдейтін игілікті үрдіс. Осындайда бабадан қалған «Жер – ырыстың кіндігі» деген ұлағатты сөз ойға еріксіз оралады. Жерге дән сеуіп, одан несібе терген жұрттың еңбегі еленсе, ауылдың ажары артып, елдің ырысы еселенеді. Ал «Дала дәмі» секілді бастамалардың ғұмыры ұзақ болуы үшін жәрмеңке бір күндік науқанның шеңберінде қалмай, ауыл кәсіпкерлеріне тұрақты сауда арнасын ашуға ұласқаны жөн.
Берекенің бағасы – бейнеттің өтеуінде. Шиелінің ақ күріші мен алқаптың алуан өнімі Тасбөгет төрінде саудаланғанымен, оның дәмі – туған жердің топырағын еске салып, күші – еңбек адамының маңдай терін сезіндірді. Дала дәмінің қадірі де осында!

Г.Әбдіханиқызы
24 қараша 2026 ж. 12 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9456)

24 қараша 2026 ж.

№88 (9455).

21 қараша 2026 ж.

№87 (9454)

17 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30