Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БОЛАШАҚТЫҢ ЕҢ ҚЫМБАТ БАЙЛЫҒЫ

БОЛАШАҚТЫҢ ЕҢ ҚЫМБАТ БАЙЛЫҒЫ

Жаздағы аптап ыстық адамзат баласына судың қадірін сездіріп тұрған сыңайлы. Оның үстіне «Судың да сұрауы бар» деген халық даналығы жыл өткен сайын өзектілігін арттырып келеді. Егер өткен ғасыр мұнай мен газ үшін талас кезеңі болса, сарапшылар ХХІ ғасырды су ресурстары үшін бәсеке күшейетін дәуір деп бағалайды. Климаттың өзгеруі, халық санының көбеюі, өндіріс пен ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы әлемдегі тұщы су қорына түсетін қысымды арттырып отыр. Сондықтан су мәселесі экология шеңберінен шығып, экономикалық, әлеуметтік және геосаяси қауіпсіздіктің маңызды факторына айналды.
Жақында Молдовада Днестр өзенінің тартылуына байланысты ерекше режимнің жариялануы – осының айқын дәлелі. Бұл жағдай табиғаттағы өзгерістердің тұтас өңірдің тұрақтылығына әсер ететінін көрсетті. Осындай мысалдар жылдан-жылға көбейіп келеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері де алаңдатарлық. Қазіргі таңда әлемде екі миллиардтан астам адам таза ауызсуға толық қол жеткізе алмай отыр. Миллиондаған адам өзен, көл немесе бұлақ суын тұтынуға мәжбүр. Кейбір елдерде халық ауызсу алу үшін ондаған минут, тіпті бірнеше сағат жол жүреді. Ең өкініштісі – сапасыз судың салдарынан күн сайын мыңға жуық бес жасқа дейінгі бала көз жұмады. Егер қазіргі үрдіс сақталса, 2050 жылға қарай әлем халқының жартысынан астамы су тапшылығын сезінуі мүмкін.
Осындай жағдайда Қазақстан халықаралық қоғамдастыққа нақты ­бастамалар ұсынып отырған мемлекеттердің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ мінберінде бірнеше мәрте Халықаралық су ұйымын құру идеясын көтерді. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейту, трансшекаралық өзендерді әділ пайдалану, климаттың өзгеруіне бірлесіп бейімделу және суға байланысты туындауы мүмкін қайшылықтардың алдын алу.
Қазақстанның бұл ұстанымы халықаралық деңгейде де қолдау тауып келеді. Өткен жылы Қазақстан мен Францияның бастамасымен өткен «One Water Summit» саммиті, ал биыл Абу-Дабиде өтетін «UN Water Conference 2026» жаһандық қауымдастықтың су мәселесіне ерекше назар аударып отырғанын көрсетеді.
Қазақстан үшін су қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Себебі еліміздегі өзен суларының шамамен 45 пайызы көрші мемлекеттердің аумағынан келеді. Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстаннан бастау алатын трансшекаралық өзендерге тәуелділік су ресурстарын ұтымды басқаруды және көрші елдермен өзара сенімге негізделген саясат жүргізуді талап етеді.
Мемлекет су мәселесін тек халықаралық деңгейде көтеріп қана қоймай, ел ішінде де жүйелі реформаларды қолға алды. Қазақстандағы судың 60 пайыздан астамын ауыл шаруашылығы пайдаланады. Демек, ең үлкен үнемдеу әлеуеті де осы салада жатыр. Бүгінде су үнемдеу технологияларын енгізген шаруаларға мемлекет шығынның басым бөлігін субсидиялайды. Тамшылатып және жаңбырлатып суару сияқты заманауи әдістерді енгізу арқылы миллиардтаған текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік бар. Жаңа Су кодексінің қабылдануы да осы бағыттағы маңызды қадам болды. Құжатта өндірісте суды қайта пайдалану, су ­ресурстарын цифрлық бақылау, суды есепке алудың заманауи жүйелерін енгізу және су инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері қамтылған. Бұл шаралар судың әр тамшысын тиімді пайдалануға бағытталған.
Алайда су тапшылығы мәселесін тек мемлекет немесе халықаралық ұйымдар ғана шеше алмайды. Әр азаматтың да табиғи ресурстарға деген жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Үйде суды ысырап етпеу, ақауы бар құбырларды дер кезінде жөндеу, тұрмыста үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға әрбіріміз бейімделуіміз керек.
Қазақ халқы суды ежелден қасиетті санаған. «Бұлақ көрсең – көзін аш», «Су – тіршілік көзі» деген нақылдардың астарында терең мән жатыр. Бүгінгі ұрпақ осы даналықты заман талабымен ұштастырып, табиғатқа жанашырлық танытуы қажет.
Су – экономиканың да, экологияның да, адам денсаулығының да негізі. Оның тапшылығы кез келген елдің тұрақты дамуына қауіп төндіреді. Суды қорғау арқылы біз болашақ ұрпақтың өмір сүру сапасын, табиғаттың тепе-теңдігін және әлемнің тұрақты дамуын сақтай аламыз.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
03 тамыз 2026 ж. 18 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№57 (9424).

01 тамыз 2026 ж.

№56 (9423)

28 шілде 2026 ж.

№55 (9422).

25 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31