Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Су сарқылмайды демеңіз

Су сарқылмайды демеңіз

Роль воды в организме человека | НовостиХалқымыз әуел бастан-ақ ұрпағын әр нәрсенің қадірі ­­­мен обал-сауабын білуге тәрбиелеген. «Судың да сұрауы бар» деп тіршілік нәрін үнемдеп, тиімді пайдалануды меңзеген. Ғылым мен техниканың заманында су көздерінің азаю проблемасы ғаламдық мәселеге айналып отыр.
Айналаға көз салсақ, Оңтүстік Африка жеріндегі құрғақшылықты есті жан бәрі біледі. Бүгінде бейкүнә сәбилердің бір жұтым суға зар болып, шөлмектің түбін қағып тұрған суреттері әлеуметтік желіде кең таралуда. Соны көре тұрсақ та, суды үнемдеуге келгенде селқостық танытып жатамыз. Қара нәсілділер елін қоя берші, ауданда да ауыз су мәселесі жоқ емес. Мәселен, Ақтам, Қызылқайың, Қосүйеңкі елді мекенінің тұрғындары ауыз су мәселесін жиі айтып келеді. Сондықтан да ауданды ауыз сумен қамту жұмысының барысын білмекке аудан әкімінің баспасөз хатшысынан мәлімет сұратқан болатынбыз.
– Бүгінгі күнде Шиелі ауданы бойынша сапалы ауыз сумен 34 елді мекеннің 88 проценті қамтылды. Оның ішінде, орталықтандырылған ауыз су жүйесімен 23 елді мекен, жергілікті су көздері (скважина) арқылы 7 елді мекенге ауыз су кіргізілген. Ал Ақтам, Қызылқайың және Қосүйеңкі елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы сараптама қарауына ұсынылды. Сондай-ақ 2023 жылға Жуантөбе және Лесхоз (Ызалы көл) елді мекендеріне су тұшытқыштар орнатуға қажетті 34 млн 456 мың теңгеге бюджеттік өтінім облыстық бюджеттен қаралуға тапсырылды, – дейді.
Ұмытпасақ, жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын Тақыркөл бас су қоймасынан Шиелі кентіне дейінгі 34 шақырымды құрайтын екінші су құбырын жүргізуге 45 млн теңге қаржы бөлінген болатын. Әзірге 1,8 шақырым ауыз су құбыры жүргізілді, ал қалғаны уақыт еншісінде тұр. Ал биыл кент ішінде су құбырлары жүрмеген көшелерге, Бұланбай бауы мен Тұрсынбай датқа елді мекенін ауыз сумен қамтуға және су қоймасының ұңғымасын қазу, су мұнарасын орнату, су қоймасы мен ішкі желілерін жүргізу жұмыстарына жоба сметалық құжатын әзірлеуге барлығы 16 млн 919 мың теңге қаржы бөлініп отыр. Аталған жобалар оң шешімін тапса, ауыз суды асыға күтіп отырған елдімекен тұрғындары тұщы суды тұтынатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын айтып, сондықтан да суды тиімді пайдалануға баса назар аударуды тапсырғаны есімізде. Бұл тек егістік алқаптарына берілетін суды үнемдеу емес, өзіміз күнделікті тұтынып жүрген ауыз суға да қатысы бар. Себебі суды сарқылмас байлық көретініміз жасырын емес. Ысырап қылып төгіп шашқан судың сұрауын білетін боларсыздар.
Тіпті қазіргі таңда жер шарындағы халық санының өсуі, көпсалалы өнеркәсіп орындарының көбеюі, тіршілік иелеріне қажеттілігі ауамен бірдей тұщы суға деген сұранысты ұлғайтып, әлемде оның тапшылығы сезіле бастады. Сонымен бірге тұщы су тапшылығына жер бетіндегі өзен, көлдердің ластануы салдарынан табиғи қордың азаюы тікелей әсерін тигізуде. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, бүгінде 3 миллиардқа жуық адам сапасыз ауыз суды пайдаланады, дамушы мемлекеттердегі аурудың 80 ппроценті таза ауыз судың жеткіліксіздігінен. Таза ауыз су мәселесін әрбір мемлекет өздерінше шешуге тырысады. Мұнайға бай Сауд Арабиясына таза су ұшақпен Жаңа Зеландиядан әкелінсе, ­Голландия мен Жапон еліне су ­Норвегиядан жеткізіледі. Гонконг құбыр арқылы суды Қытайдан тасымалдаса, Африкадағы кейбір тайпаларда әйелдер күні бойы құмды елеп, небәрі 1-2 литр лай суды жинауға мәжбүр.
Өмір мәңгі емес. Қазір жақсы күнде өмір сүріп жатырмыз. Бәрі бар. Бірақ бүгін бар дүние ертең жоқ болып қалуы мүмкін екенін білесіздер ме? Табиғи ресурстар мәңгі емес, олар да бір күні таусылады. Егер дәл бүгінгідей бейберекет қолдана берсек, әрине. Қазақстанда тұщы су қорының табиғи өсімінен, оны тұтынудың көлемі әлдеқайда ­басым. Еліміз үшін қатерлі құбылыс – мемлекетаралық өзендер арқылы жерімізге келетін судың азаюы, өндіріс, тұрмыс қалдықтарымен ластануы, тау-кен жұмыстары жүргізіліп, әртүрлі қазба-байлықтар, оның ішінде мұнай, газ, уран, мыс, алтын және құрылыс материалдарын өндіретін аймақтарда, ­жерастында миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан су жүйелері күйреп, істен шығуы болмақ. Сондықтан да табиғат-Ананың адам баласына берген сыйын ысырапсыз пайдалануды доғаруымыз керек.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
09 қараша 2022 ж. 628 0