залал өтеусіз қалмайды
Бүгінгі таңда дүниежүзінің әр түкпірінде жиі көрініс беріп отырған террорлық актілер және оның адамзатқа тигізіп отырған зиянды әсерлері әлемдік қауымдастықты алаңдатып отырған басты мәселенің біріне айналды. Ұлтаралық, діни-танымдық түсініктер арасындағы кейбір қайшылықтар белгілі бір әлеуметтік-экономикалық мүдделер қақтығысында саяси топтардың шайқас құралына айналып шыға келгендігі туралы пікірлер тоғысы белді саясаттанушылар тарапынан білдірілуде. Соңғы жылдары өз еліміз Қазақстан территориясында да бірқатар террорлық актілер орын алды. Өкінішке орай лаңкестер тарапынан орын алған қазақ қоғамына жат келеңсіз іс-әрекеттер салдарынан азаматтарға олардың өмірі мен жеке мүліктеріне де айтарлықтай зиян келді.
«Қазақстанда терроризм, сепаратизм және экстремизм проблемалары бар. Әсіресе, халықаралық терроризмнің кең қанат жайғанын және халықаралық қауымдастық пен аймақтардың саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелермен ұштасып, саясиланғанын ескерсек, олардың тарапынан туындаған қауіп ойдан шығарылған емес, нақты және шынайы өмірлік қауіп» – деп Елбасы Н.Назарбаев атап өткен бұл құбылыс өкінішке орай бүгінгі қазақ қоғамының бас ауыртар басты мәселесіне айналып шыға келді. Алдағы уақытта, осынау қоғамға жат құбылыспен тиісті құқық қорғау органдарымен қатар барша Қазақстан азаматтары жұмыла, бірлескен күрес жүргізіп, еліміздің тұрақтылығын, қоғамдағы қалыптасқан дәстүрлі өмір сүру принциптерін сақтай бермек. Осы орайда, орын алу ықтимал терроризм актісінің салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 28 тамыздағы №877 қаулысымен бекітілген қағиданы көпшілік назарына ұсынуды жөн санадық.
1. Осы Терроризм актісінің салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) терроризм актісінің салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу тәртібін белгілейді.
2. Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сақтандырылған мүлікті қоспағанда, терроризм актісінің салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу көрсетілген тұлғаларға (бұдан әрі – мүлік иелері) тиесілі жоғалған немесе бүлінген мүліктің құнын төлеу арқылы жүргізіледі.
3. Мүліктің құнын өтеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен расталған кезде мүліктің жоғалуы немесе зақымдануы, терроризм актісінің жасалуы мен мүліктің жойылуы немесе зақымдануы арасында себепті байланыстың болуы негіз болып табылады.
4. Мүлік иесіне мүліктің құны оған Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 19 және 20-баптарына, сондай-ақ «Бюджеттiң атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы №220 қаулысында көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану тәртібіне сәйкес жергілікті бюджеттерде ағымдағы қаржы жылына бекітілген көлем шегінде жергілікті атқарушы органдардың шұғыл шығындарға арналған резервтерінде көзделген қаражат есебінен жергілікті атқарушы органның ақша қаражатын төлеуі арқылы өтеледі.
5. Мүлікке меншік құқығы немесе өзге де заттық құқық, осы мүліктің құрамы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген тиісті құжаттармен, сондай-ақ мүлік иесінің және куәгерлердің түсініктемелерімен расталады.
6. Мүліктің өтелетін құнының мөлшерін айқындауды мүлік иесінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган аккредиттеген тәуелсіз сарапшының (бұдан әрі – тәуелсіз сарапшы) қатысуымен жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
Мүлік құнын өтеу мөлшері жоғалған немесе зақымдалған мүліктің ескіруін ескере отырып, мүлік құнын өтеу кезінде осы жердегі қолданыстағы нарық бағасы бойынша бүлінген мүлікті қалпына келтіру (жөндеу) үшін қажетті шығыстарды және (немесе) мүліктің зақымдануы салдарынан оның арзандау мөлшерін не жоғалған мүліктің құнын негізге ала отырып белгіленеді.
Бүлінген мүлікті қалпына келтіру (жөндеу) шығыстары оны қалпына келтіруге жұмсалатын шығыстар сметасымен немесе калькуляциясымен расталады.
Мүлік иесінің мүлікті бағалауды жүргізуге, бүлінген мүлікті қалпына келтіруге (жөндеуге) жұмсалатын шығындардың сметасы мен калькуляциясын жасауға байланысты көрсетілген қызметтерге ақы төлеу бойынша құжаттамалық расталған шығыстары өтелетін мүліктің құнына қосылады.
7. Осы Қағидалардың 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар кезінде жоғалған немесе бүлінген мүліктің құнын өтеу үшін мүлік иесі терроризм актісін жасау себебі бойынша қылмыстық іс қозғалғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде жергілікті атқарушы органға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша толтырылған келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы өтініш береді.
Келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы өтініште: жоғалған немесе бүлінген мүлік, бүлінген мүлікті қалпына келтіруге (жөндеуге) жұмсалатын шығыстар және (немесе) мүліктің бүлінуі салдарынан оның арзандау мөлшері не болмаса жоғалған мүліктің құны көрсетіледі.
Жергілікті атқарушы органға келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы өтінішпен мүлік иесінің өзі жүгінуі мүмкін болмаған жағдайда, оның жақын туыстары, сондай-ақ заңды өкілдері, олар он сегіз жасқа (кәмелеттік жасқа) толмаған жағдайда сенімхат негізінде жүгіне алады.
8. Келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы өтінішті жергілікті атқарушы орган осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттар жергілікті атқарушы органға келіп түскен күннен бастап бір ай ішінде қарайды.
9. Келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы өтінішке қоса мүлік иесі жергілікті атқарушы органға:
1) жеке тұлғалар үшін – мүлік иесінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, ал заңды тұлғалар үшін – заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуді растайтын құжаттың көшірмесін;
2) қылмыстық істі жүргізуші органның мүлік иесін терроризм актісінен жәбірленуші деп тану туралы қаулысының көшірмесін;
3) мүлікке меншік құқығын немесе өзге де заттық құқықты, оның құрамын, бүлінген мүлікті қалпына келтіруге жұмсалатын шығыстарды, мүліктің бүлінуі салдарынан оның арзандау мөлшерін, жоғалған мүліктің құнын (олар бар болса) растайтын құжаттарды ұсынады.
10. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған кезде өтінішті қарау тоқтатыла тұрады, ал өтініш берушіге хабарламаны алған кезден бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, жетіспейтін құжаттарды ұсыну қажеттігі туралы жазбаша хабарланады.
Егер көрсетілген мерзімде өтініш беруші жетіспейтін құжаттарды ұсынбаған жағдайда, мүліктік зиянды өтеу туралы өтініш қаралмастан өтініш берушіге қайтарылады. Өтінішті қараудан бас тарту өтініш берушінің өтінішті қайта жолдау мүмкіндігінен айырмайды.
11. Өтінішті тіркеу осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша келтірілген мүліктік зиянды өтеу және жүргізілген төлемдер туралы өтініштерді тіркеу журналында жүзеге асырылып, мүліктің меншік иесіне өтініштің қабылданғаны туралы растау қағазы беріледі.
12. Жергілікті атқарушы орган өтініш тіркелген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының бағалау қызметін реттейтін заңнамасына сәйкес мүліктің меншік иесі таңдаған тәуелсіз сарапшының мүлікке келтірілген залалдың мөлшерін бағалауын ұйымдастырады.
Бұл ретте мүлікке келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастыруға байланысты шығыстар жергілікті атқарушы органға жүктеледі.
13. Мүлікке келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастыру мынадай кезеңдерден тұрады:
1) мүліктің меншік иесінің жергілікті атқарушы орган ұсынған тәуелсіз сарапшылардың тізбесіне және олардың орналасқан жері, байланыс телефондары туралы ақпаратқа сәйкес тәуелсіз сарапшыны таңдауы;
2) мүліктің меншік иесімен келісім бойынша бағалауды жүргізу уақыты мен орнын анықтау;
3) бүлінген мүлікті бағалауды өткізу;
4) мүліктің меншік иесін бағалау туралы есеппен таныстыру.
14. Мүлікке келтірілген залалдың мөлшеріне бағалау жүргізу кезінде оны қалпына келтіру құны зиян келтірілген күнге дейінгі мүліктің есептелген амортизациясы (тозуы) шегеріліп, залал келтірілген күнгі қолданыстағы нарықтық құнның негізінде есептеледі.
15. Мүлік жойылған кезде келтірілген залалдың мөлшері залал келтірілген күнгі нарықтық құнның негізінде айқындалады.
Егер мүлікті қалпына келтіру техникалық тұрғыдан мүмкін болмаса немесе экономикалық тұрғыдан негізсіз болса, ол жойылды деп саналады. Мүлікті қалпына келтіру, егер бұл ретте мүлікті қалпына келтіруге жұмсалатын шығыстар оның залал келтіру басталған күнгі нарықтың құнының сексен пайызынан асып кетсе, экономикалық тұрғыдан негізсіз деп саналады.
16. Егер жергілікті атқарушы орган осы Қағидалардың 12-тармағында белгіленген мерзімде тәуелсіз сарапшының мүлікке келтірілген залалды бағалауын ұйымдастырмаса, онда мүліктің меншік иесі тәуелсіз сарапшыны дербес таңдай алады және оның көрсетілетін қызметтерін пайдалана алады.
Тәуелсіз сарапшының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі мүліктің меншік иесінің құжаттамамен расталған шығыстары өтелетін залалдың сомасына қосылады.
17. Тәуелсіз сарапшы қорытынды шығарғаннан кейін өтініш пен тиісті құжаттардың негізінде жергілікті атқарушы орган заңнамада белгіленген тәртіппен зиянды өтеуге тиісті жергілікті атқарушы органның шұғыл шығындарға арналған резервінен қаражат бөлуді көздейтін шешімнің жобасын әзірлейді.
Мүлік құнын өтеуден бас тартқан жағдайда жергілікті атқарушы орган өтініш берушіге бас тарту себептерін көрсете отырып, жазбаша хабарлама жібереді.
18. Жергілікті атқарушы орган ақша қаражатын банктік үш күн ішінде мүліктің меншік иесінің өтінішінде көрсетілген ағымдағы немесе жинақ шотына аударады.
19. Залал өтелгеннен кейін келтірілген мүліктік зиянды өтеу және жүргізілген төлемдер туралы өтініштерді тіркеу журналында залалдың өтелген күнін, мөлшерін және төлем құжатының нөмірін көрсете отырып, тиісті жазба жүргізіледі.
20. Жоғалған немесе зақымдалған мүлік иесі мен жергілікті атқарушы орган арасында туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шешіледі.
21. Төлемдерді заңсыз алуға бағытталған іс-әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылыққа әкеп соқтырады.